Жеңіс туы желбіреген күн

Биыл Жеңіс туының желбірегеніне-73жыл. Төрт жылға созылған сұрапыл соғыстың соңғы нүктесі қойылған күнге орай ауданымыздағы боздақтар ескерткішінде мәңгілік алау тұтанып, жиналған жұрт гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.

 

Жанқиярлық ерлік пен елдіктің өтеміндей бұл күнді сыйлаған ардагерлерге құрмет көрсетілетін мерекеге жиналғандар алдымен Жеңіс туын желбіретуде қан кешіп, кеудесін оққа тосқан боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Содан соң боздақтар ескерткішіне гүлшоғын қою рәсімін аудан, ауған соғысының және Семей ядролық сынақ полигонының ардагерлері, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімі бастады. Сөйтіп кент басындағы аудан әкімі мен мәслихат аппараттары, құқық қорғау орындары мен бөлімдер одан әрі жалғай берді.

Мерекелік кеш жаңа мәдениет үйі алаңында жалғасын тапты. Онда мінберге көтерілген аудан әкімі Серік Арыстан Ұлы Жеңіс күнімен құттықтап, қанмен келген қасиетті мерекені қастерлеудің маңызына назар аудартты.

Туған жердің топырағы бұйырмай қаза тапқан майдангерлерге құрметтің мәңгілік екенін айта келе,  келешегіміз мұндай қасіретті бастан өткермеуіне тілектестігін білдірді.

Жеңіс мерекесіне кент тұрғыны Қабира Баединова да келді. Сұм соғыстың азапты күнін естіп өскен ол бүгінгі бейбіт күннің оңайшылықпен келмегенін айтады.

«Баршаңызды Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңа аманшылық тілеймін. Соғысқа менің әкем өзінің аға-інісімен бірге аттанып, содан тек екі ағам оралды. Әрине, біздің балалық шағымыз соғыс кезіңімен тұспа-тұс келіп, совхоздың малын бағып, пішеніне көмектестік»,-деген әже көзіне жас алып, енді соғыстың болмауын тіледі. 

Мерекелік концертте Р.Ғабдиев атындағы халықтық ұлт-аспаптар оркестрі (жетекшісі Айгерім Мусаева) «Саранжап», «Қоңыр», «Два бойца» күйін күмбірлетсе, ауданымыздың өнерпаздары «Әсем-ай» би тобы мен Рза Нұрмағамбетова, Айгерім Нығметова, Ерболат Каримов, Әділет Беріков, Мұратбек Жұмашев мерекелік әндерден шашу шашты.

Диас АЙБАРОВ.

Суреттерді түсірген автор.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521