Жастар жылынан күтерім көп

Әрбір жас маман қашан да жаңалыққа құштар, жұмыс істеуге белсеніп тұратын жан деп ойлаймын.

Сондықтан да жастар жылынан күтетінім – ауыл жастарын жұмыспен қамтуды жолға қою. Мұны арнайы бағдарлама етіп қабылдаса да артық етпес еді. Өзім білетін жағдай бойынша айтсам, қазір ауылдық жерде жастар тұрақтамайды. Себебі жұмыс көзінің жоқтығынан. Қызметкерлердің дені зейнеткерлік жасқа жақындаған адамдар. Сондықтан қай сала болмасын ұрпақтар сабақтастығы үзілуге шақ тұр. Алдыңғы буынның ізін басар жастар қалаға кеткен. Жоғары мамандық бойынша білім алған жастар жұмыс жоқтықтан, басқа салаға ауысып жатса, ер азаматтар көбінесе вахталық ауыр жұмысты таңдап кетіп жатады. Сонда 4 жыл оқыған еңбегі қайда? Өзім осыдан 3 жыл бұрын мұғалімдікті қызыл дипломмен бітіріп, бүкіл мектептің табалдырығын тоздыра жүріп, қыркүйек айы таянғанда жұмыс тапқан едім.

Әрине қазір де жастарға «Дипломмен ауылға!» деген бағдарлама бар. Осы жобада қамтылатын мамандықтарды көбейтсе жақсы болар еді. «Ел іші – өнер кеніші» дегендей, ауылда талантты ұрпақ өсіп жатыр. Ал ынтасы зор, дарынды баланы баулитын кәсіби маман болмаса, дәстүр қалай сабақтаспақ? Жалпы, өз басым Елбасы бұл бастаманы көтере отырып, бізге мүмкіндігімізді көрсетуге, болашаққа деген сенімімізді нығайтуға жол нұсқады.

«Жастар жылында» ғана емес, әр жыл сайын жастарға көбірек көңіл бөлінсе, болашақты қалайтын білікті мамандар бізден шығады деп ойлаймын.

Алтынай Ғарифуллина,

М.Сиранов атындағы орта мектептің мұғалімі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521