Жантасовтың жұмбақ әлемі

Индербордағы балалар өнер мектебінің шәкірттерімен Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі, Атыраудағы Н.Тілендиев атындағы кіші Өнер Академиясының ұстазы Әділхайыр Жантасов шеберлік сағатын өткізіп, жас талапкерлерге ұмытылмас әсер сыйлапты.

«Мың естігеннен бір көрген артық» демекші, балаларын таңғажайып сурет әлемінің сан құпиясын меңгеруіне жол ашпақшы болып жүрген ата-аналардың өздері де мектептегі жас мұғалімдердің бастамасымен ұйымдастырылған бұл шараға үлкен ынтамен қатысып, әсерленіпті.

-Біз өзіміз де жерлесіміз Әділхайыр ағаның өнеріне қызығып, жетістіктеріне ұдайы риза болушы ізбасарларымыз ғой. Сондықтан да ағамыз бізге қолынан шыққан көркем туындыларын слайдпен алып келіп, көрсетті. Оның ішінде Франция, Италия сияқты шет елдерге сатылған небір көркем туындыларын көріп, таң-тамаша қалдық.

Суретші әр туынды көтеріп тұрған мазмұн, салынуы, берілуі, бояуының таңдалуы, тағы да басқа шеберге ғана тән қолтаңбаның астарына тоқталып, көптеген сұрақтарға жауап қайтарды,-деген жас мұғалім Жеңіс Тұнғатаров болашақта өзінің Әділхайыр ағасының тәлімін алсам деген ойы барын да бүгіп қалмады.

Шынында да Әділхайыр Жантасовтың қылқаламынан туған «Мұрат Мөңкеұлы», «Шоқан», «Бейбарыс», «Исатай-Махамбет», «Қансонар-86», «Дала дауысы», «Жауыннан кейін», тағы да басқа туындылары қазақ өнерінің алтын қорынан ойып тұрып орын алған еңбектер екендігіне жерлестері осы жолы да айқын көз жеткізгендей болыпты.

Ал бесаспап суретші болса тек қылқаламынан туған көркем полотноларын ғана емес, өзі ағаштан ойып жасаған домбырасын да ала келіп, шәкірттерге күй тартқызып, тыңдаған. Сөйтіп, өзінің ағаштан да түйін түйетін шебер екендігін көрсеткен. Негізі бұған дейін индерлік жас суретшілердің өздері де облыста өткен «Жайық сазы» атты байқауларға қатысып, әлденеше рет байрақпен оралған екен. Шәкірттер мен мұғалімдердің жаны жадырап, ата-аналары ризашылыққа бөленген кездесу соңы шеберлік сағатына ұласып, сурет әліппесінің сан құпиясына қанат қағыпты. Қонаққа мектеп директоры Е.Сахипов алғысын айтқан. Несі бар, «Алтын шыққан жерді белден қаз» демекші, батырлар мен ақындар, суретшілер өңірі танылған Дендерден шыққан тума таланттары әлі де арамызда аз емес шығар. Тек ерінбей үйренейік, үйретейік, ізденейік.

С.ХАЛЫҚОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521