Жайықтың жағалауы толған қоқыс

Көктемнің шуағын төгіп, ауа райы қолайлы болған сәуір айының алғашқы сенбілігінде тазалық жұмыстары белсенділікпен жүрді. Мекеме, кәсіпорын ұжымдарымен қатар бірқатар жеке кәсіп иелері де нысандарының маңайын тазалап,  сенбілікке атсалысты.

Дегенмен тазалық мәселесі өте өткір. Сенбілікшілерге алдағы тазалық айлықтарында кезегін күтіп тұрған қоқыс қалдыққа толы «сыбағалары» жетеді.  

Индербордың көпірден кіреберіс қақпасынан бастап бұған куә болар едіңіз. Айталық, көпір іргесіндегі саман тастан салынып, аяқсыз қалған үйдің құрылысы, ұлу тастары көше жағына төгіліп, бастағалы жатқан құрылыстар және жыраға жылда төгіліп жататын қалдықтар, қаңыраған вагон, тағы басқасы  жетіп артылады.  Көпір мен  «Жеңіс» саябағының Жайық жақ беті тіптен нашар. Көпірдің тіреулерінің асты біреулердің шимайлап кеткен жазуларына толы. Әрі маңы  босаған шөлмектермен  қатар  сынғаны да   толып жатыр, жыңғыл арасы бұдан да бетер. Аталған  саябақтан оңтүстікке қарай «ИндерСу» КМК ұжымының белсенділіктерін байқадық. Айналадағы қоқыстарды  жинап, бір жерге төгіп жатыр. Іс басында «ИндерСу» КМК басшысы Алмас Құсайыновтың өзі бастап жүр екен.

-Бізге бұрыннан белгіленген аумақ - 1-9 проездер аралығы. Осы аралықта жерді үш жерден шұңқыр қазып шашылған қағаз-қалдықтарды жинап өртеп жіберудеміз. Жайық жағындағы жыңғылға таман жерлерді де тазалап кетіп жатырмыз. Алайда Жайық жағалауына үлкен күш жұмылдырмаса қоқыс әбден көбейген, - деді ол.

Біз аталған 9-шы проездің тұсынан үйінің айналасын тазалап жүрген жалғыз тұрғын Талап Алғалиевты  (суретте) кезіктірдік.

-Сәуірдің бүгінгі күні нұрын төгіп тұрғанын пайдаланып,  балам екеуміз таңертеңнен бері айналамызды тазартып жүрміз. Әркім айналасының таза болғанын қалайды ғой. Дегенмен проездер тұсындағы контейнерлер кейде толып қалады, айналасына шашылады, көршілер арасынан жеткізбей төгетіндер де бар. Тәртіп керек-ақ, - дейді ол.

Ақтау көшесі маңындағы ескі каръер орындары ақыры қоқыспен бітеліп келеді. Бұл маңда көп бейінді ауыл шаруашылық колледжінің студенттері  мен «Айналайын» балабақшасының жігіттері және аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Мұхамбетқали Алдерзиннің өзі бас болып тазалық жұмыстарына кірісіпті.

-Индербордың ортасындағы бұл жер қоқыс жинайтын полигон емес. Өкінішке орай, бәрі де қоқысын осында төгуге жаман үйреніп алған. Ертең күн ысығанда төгілген қалдықтардың жағымсыз иісі аңқиды. Содан келіп осы маңдағы тұрғындардың өздері  шағым айтады. Яғни өзімізге, өзіміз қастандық жасап отырмыз. Рас, кент ортасындағы ескі каръер бітелу керек. Бірақ оған  тек құрылыс материалдарының қалдықтарын және топырақтарды  ғана төгуге болады. Осыны түсіністікпен қабылдайық.

Алдағы уақытта осы жерге қоқыс төгуге болмайтынын ескертетін баннер орнатып, күзетші ұстап, бейнекамера қондыруды жоспарлап отырмыз. Кенттің мамандарымен арнайы  кезекшілік ұйымдастырылады. Қайтсек те бақылауды назардан түсірмейміз. Қоқыс төккен тұрғындар болса учаскелік инспекторлар арқылы әкімшілік шараға тартуға тура келеді, - дейді  М.Алдерзин.

Қалай дегенде де тазалықтың ең бірінші өзімізге керектігін ұмытпаған жөн-ау...

Саламат

САНСЫЗБАЙҰЛЫ.

Суреттер автордікі.

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521