Тойдан неге шаршап қайтамыз

Қазақтың тойы туралы аз айтылмаған шығар, бірақ одан шығып жатқан нәтиже әлі көрінер емес.

Тойға қонақ болып барып, серігіп, мерейленіп, демалу орнына әбден шаршап қайтатын болдық.

Күбір-күбір әңгіме, әсіре сілтеу

Алдымен той иесінің ескеретін жайттары көп-ақ сияқты, меніңше. Қазақта ағайын-туыс, тамыр көп. Солардың көңілі қалмасын деп, әсіресе алғашқысында барлығын шақыруға ұмтылып жатады. Байқаймын екіншісінде олардың келуі-келмеуіне қарай шығындала бастайды.

Бірақ бәрібір 300-400 адамнан кем шақырмайтын әдет қалыптасты. Содан да олар бір-бірін жіті танымаған, қала-даладан келген әркім өзімен өзі болып, күбір-күбір әңгіме, аман-саулық сұрасуға ұласып, топырлаған жастарды асабаның өзі тыңдата алмай әбігерге түседі.

Бұл арада қазақпыз ғой, той иесінің де бедел биігі, ұйымдастыру шеберлігі көп жайды аңғартады. Десек те көбіне-көп қарапайым адамдардың тойлары қызықты, әрі мағыналы болып жатады. Байлардың бірін–бірі жалған мақтап, жағымпазданған әсіре қолпаштауларын кім жақсы көрсін. Оның үстіне өзі тойға бармайтын, барса шашу бермейтін адамның тойы да әсерсіз, жұпыны болып көрінеді.

"Халтур" асабалар қарқ болып жүр

Меніңше, той иесі ақшасы босқа кетіп, шығынға ұшырамасы үшін алдымен той орнын, асабаны дұрыс таңдап алғаны жөн сияқты. Біреулер өзгеден асып түспек болып, туу алыстан қымбатқа жалдап әкеліп, онысын ешкім тыңдамай шығынға, тағы ренішке қалады. Асабаны дұрыс таңдау дегенім, кейбіреулері әр тойда айтқанын қайталап, жаттанды болған, сонымен жұрттың берекесін алатын болып жүр.

Меніңше, ол алдымен музыкалық аспапты меңгерген, тілге жүйрік, орамды ойлы, шешен әрі тыңдата алатын батыл, салт-дәстүр, ру-тайпа тарихын, жөн білетін жан болғаны дұрыс. Қысқасы асаба сол тойдың тәрбиешісі болғаны жөн ғой. Тірі сөз, шынайы мінез керек.

Жалғандықты халқымыз қашанда сүймеген, сондықтан сөзі шынайы, мінезі орнықты тұлғаны әркім де, соның ішінде той қонақтары сыйлары белгілі. Ол үшін той иесі алдымен асабамен дұрыс танысып, ақылдасып, өтірік мақтамау, жөн-жорықсыз ойын жіберіп, дөрекі әзілге жол бермеуді ескерткені жөн. Көшеде жүрген әнші-бишілерді шақырғанша, қонақтарды өнерге тартқан тиімді.

Сонымен бірге кейбір дарақы асабалар халыққа қайта-қайта ескерту жасап, ысқырып, үшкіріп, басқа да жағымсыз дыбыстар шығарып, қайта-қайта қол шапалақтауды ұсынып, әбден мезі қылатынын қайтерсің. Тойдың үлкендері мен сыйлы құда-құдағайларды мағынасыз әзілмен түйреп, жұлқылап, берекетін алатын, әдепсіз ойындар ұйымдастырып, арзан күлкіге қарқ қылатыны тіпті қиын.

Кешігеміз де жүреміз

Тағы бір жай-ол тойлардың уақтылы басталмауы. Ұлдың тойында жақсы енді беташары бар деген сияқты, ал қыздың тұрмысқа шығуы неге кешігеді, түсініксіз. Біріншіден, шақыру билеттеріне арнайы кешікпеу жөнінде ескерту жазылғаны артық емес, ол – тәртіп.

Ал тойшылардың көбі келіп, 20 пайызы кешігіп жатса, оған қарамастан басталып кеткені орынды болмақ. Сондай-ақ жастардың бірнеше сағаттап серуендеуін де қысқарту керек. Той деген өздерінің қызықтары емес пе, жастар алдымен соған мүдделі болуы тиіс. Сондықтан той сағат 8.00-де, ең алысы 8.30-да басталса деймін.

Мұны да ата-ана жастарға ескертіп қойса артық болмас еді. Қазіргі тойларда құда-құдағайды, күйеу-қалыңдықты, қыз жолдастарын жеке-жеке кіргізіп, әрбіреуін түрліше музыкамен қоштауы жаттанды, көпті қызықтырмайды. Бұл да қайталау, жаттандылыққа айналып, уақыт алады. Одан да жастардың сән-салтанатты қошеметімен ортаға шыққаны әсерлі.

Оның үстіне той арасында 12-13 жалпы би жіберіледі. Оған тағы сыйлықтар беру, ақша ұсынуға жалғасып қырғын уақыт кетеді. Ал беташардың домбырамен ашылғаны керемет емес пе?!

Балаларды әкелмегені жөн

Тілек айтушылар да мағынасыз, тіпті қайталауларға жол береді. Тіпті ата-анасы сөйлегеннен соң ұлы-келіні, қыздары үлкендермен таласып микрофонға жабысуы өте әдепсіздік. Одан да әр топ бір сөйлеушіні дайындап, ойы шымыр да шынайы шықса, өнегесі де көбірек болар еді.

Тойларға жас балаларымен, тіпті сәбиді арбасымен әкелетіндер бар. Бұл алдымен денсаулыққа зиян әрі қауіпті. Той көпшіліктің орны, ойнайтын жер емес. Шындығында той иесін сыйласа, қонақтар балаларымен келмеуі тиіс. Той музыкалары да алдымен қатты, одан соң мәнсіз-мағынасыз, құр даңғыра. Үш-төрт нотадан тұратын, ұлттық әуеннен ада, әр жақтан ұрланған музыка үнінен үлкендердің шошынып жатқанын талай көрдім.

Осының бәрін айта келе, бір қуанышқа соншама шашылып, ысырап болғанша, 2 млн. несие алып, оны 5-6 жыл бойына банкке қайтарамын деп әбігерге түскенше, 400 адам шақырып той жасағанша жас отауға көмектессе жөн болмай ма?! Ал үлкендердің шағын отырысын басқара алмайтын жалған суайт асабаларды жалдауға кеткен ақшаны ауаға шашқанмен бірдей.

Түйіндей айтқанда...

100 теңгелік ойлы сөзі жоқ, ісіне 1000 теңге сұрап жүрген "қарағымдар" жетерлік. Сондықтан да той жасаушы әр ата-ана бұл шараларға керекті орын мен асабаны, музыканы, басқа да көркемдеушілерді, қонақтарды шақырғанда осы айтылған жайларға ерекше назар аударса жақсы болар еді. Әйтпесе, тойға барып шаршап қайту кімге пайдалы.

Асқар РАШҰЛЫ,

Жарсуат ауылдық саз мектебінің мұғалімі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521