Тоғандардың құжаты жасақталады

Аудан әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаевтың төрағалығымен өткен жиналыста аудан бойынша жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану мәселесі талқыға түсті.

Жиналыс төрағасы алдымен Атырау облысы прокуратурасының аталған саладағы заңдылықтардың сақталмауына, Жылыой ауданындағы «Жыңғылды» су айдынындағы қара балықтардың қырылу фактісіне жол берілуіне байланысты берілген ұсынысын таныстырды.

Осы тектес фактілер басқа аудандарда да (Индер де бар) орын алуы мүмкіндігі, сонымен қатар су айдындарын паспорттау күні бүгінге дейін жасақталмай отырғандығы атап көрсетілген.

Бұл тұрғыда «Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» Заңына сай дайындалған «Индер ауданының су объектілеріндегі реакциялық балық аулау аймақтарын белгілеу» туралы аудан әкімдігінің 2018 жылғы 15 маусымдағы №18 қаулысы шығып (әділет орындарында тіркелген), сол бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттер пысықталды.

 Ол жайында бүгінде тиісті заңды талапқа сай осы жұмыстармен айналысу құқығына ие болып, арнайы маманды жұмысқа алған аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі атынан оның басшысы Сәулет Есетов баяндап, бірқатар алдағы міндеттерді таныстырды.

 Атап айтқанда, аудан көлеміндегі су объектілеріндегі реакциялық балық аулау аймақтарын анықтап, оны жергілікті әуесқой балықшыларды уақтылы хабардар етіп, арнайы белгілері орнатылуы керек.

 Сонымен бірге қысқы уақыттарда аудан көлеміндегі 21 көл-тоғандағы мұздарды ойып, балықтың тұншығып қалмауының алдын ала шарасы жүруі тиіс. Бұл бағытта арнайы балық қорғау инспекциясымен біріге отырып іс-шаралар жоспары жасақталып, іске асырылып жатқаны белгілі болды.

Бұл ретте аталған инспекцияның бас маманы Муса Күсепов әр әусқойға 5 қармақпен 5 келіге дейін балық аулаудың рұқсат етілгенін таныстырды. Сондай-ақ ол Жайық арнасының Өрлік, Көктоғай, Құрылыс, тағы басқа маңдарында бітелуі қауіпті деген аймақтар барлығын округ әкімдерінің қаперіне берді. Төраға бұл жайдың да назарда болуы қажеттігін атап көрсетті.

Сол секілді мамыр айында жоғарыдағы ынталы ұйымдар Бөдене ауылдық округіне қарасты «Ескі Жайық» тоғанын жеке кәсіпкер Ж.Гумаровпен біріге отырып, шабақтарды құтқару шарасы жүргізген. Осындай жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде ауданда барлығы 915750 шабақ құтқарылып, Жайыққа жіберілген.

Ендігі міндет осы су тоғандарын Қазақстан Республикасының тиісті Заңына сай  құжаттандыру, картасын жасақтап, арнайы балық инспекциясына тіркету жұмыстары жүруі тиіс.

Ал ауыл шаруашылығы бөліміне аудандық жер қатынастары бөлімімен біріге отырып, бұл жұмыстарға қажетті бюджеттен бөлінетін қаржы көлемін анықтап, су тоғандарын картаға түсіру жұмыстарын тиянақты ұйымдастыру міндеті тапсырылды.

Жиналыста тағы бір маңызды мәселе сөз болды. Ол тиісті заңдылықтарды сақтай отырып, округ әкімдері жергілікті табиғат жанашырлары мен үлкендермен біріге отырып, комиссия құрып, Жайық бойындағы көл табандары мен тоғандарға болашақта су келтіру жайын ақылдасып ұсыныстар беруі қажет. Бұл да көптен бері көтеріліп жүрген өзекті жайт екендігі ескертілді.

Жиналыс төрағасы осы талаптар мен міндеттерді округ әкімдеріне таныстырып, ендігі жерде бұл бағыттағы жұмыстарды ерекше назарда ұстауы қажеттігін айтып, жиналысты қорытындылады.

С.ХАЛЫҚОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521