Шелектеп су тасудан құтылдық, бірақ, проблемалар әлі аз емес

Ауыз суға қойылатын талаптар мен оның қауіпсіздігі әлі де өзекті...

Осы мәселелер облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің өкілдері қатысуымен Индер мұнай айдау стансасында өткен жиында талқыға салынды.

- Кезінде ауданда іске асуы екіталай болған су тазарту қондырғыларының күрмеулі мәселелері шешіле келді. Бәрінің де тарифтері бекітіліп, субсидияларын алуға  қол жеткізілді. Енді бұл стансалардың тиісті талапқа сай келетін зертханаларын  жабдықтау, технолог маманды оқыту  міндеті қойылып отыр,-деді кездесуді ашқан аудан әкімінің орынбасары Мұхамбетқали Алдерзин.

Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау  департаментінің бөлім басшысы Айгүл Исқақова Индер ауданындағы  11 су тазарту қондырғының бәрі жұмыс жасап тұрған оң істерімен қатар, зертханамен қамтудағы өзектілікті және басқа да  кемшіліктерді тізіп өтті.

- Су тазарту қондырғыларының тиісті заңдылыққа сәйкес су қорғау аймақтары мен жолақтары және орналасқан жерлеріне жергілікті атқарушы органның шешімі алынбаған. Су тарататын нүктелердің бірінші белдеу шекарасы сақталмайды. Белдеу аумағы көгалдандырылмаған, белгі орнатылмаған. Зертхана болмағандықтан  су сапасы күнделікті бақыланбайды. Су тазарту қондырғылары стратегиялық нысан ретінде қорғалуы керек,  - деді ол.

Бұған қоса, аталмыш облыстық департаменттің бас маманы Алмагүл Көшкінбаева  Жайық өзенінің экологиялық мәселелерін  қамтып өтті.

- Жайық суының азаюынан су температурасы өсіп, судағы балдырлардың шіруінен жаз айларында бөтен иіс болуынан, түстілігінің өзгеруі жылма-жыл байқалып келеді. Әрі жағалаудың тазалығы да сын көтермейді. Жайықпен қатар Қиғашта да көп жылдардан бері батып жатқан кемелер, олардың қосалқы бөлшектерінен тазарту жайы шешілмей келеді. Бұл жағдайлар су сапасының төмендеп облыс көлемінде эпидемиологиялық ахуалдың шиеленісуіне әкелуі әбден мүмкін,-деді мәселенің күрделілігін ұқтырып.

Аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Шолпан Ержанова  бұл өзекті мәселелер бұған дейін де көтеріліп жүргенін, алайда зертханамен және барлық санитарлық талаппен қамтуға су тазарту қондырғыларын сенімгерлік басқаруға алған кәсіпкерлердің мүмкіншілігі келе бермейтіндігін айтып, сондықтан да мәселені облыстық деңгейде шешуге ықпал етілсе деген ұсынысын жеткізді.

Аудандық тұрғын үй-коммуналдық қызмет, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Абзал Рамазанов бұл мәселедегі нақты түйіндерді таратып айтты.

- Су тазарту қондырғыларын зертханамен қамту мәселесі біздің ауданда ғана емес, облыста өзекті. Ал бұған дейінгі ауданда кешенді зертханамен қамту ісі жүзеге аспақ болған. Кезінде барлық стансалар облыста «Атырау Су Арнасы» мекемесінің құзыретіне берілуі  мүмкін деген ұсыныстар болып,  мәселе уақытша тоқтатылды. Яғни бұл сұрақ әлі ашық күйінде қалып отыр. Жалпы «Атырау Су Арнасына» қосу Атырау қаласы мен оның маңайына қолайлы болғанымен Индер секілді шеткері ауданға  оңтайлы деп ойламаймын. Себебі, бәрі тасымалға тіреледі. Ал ауданда су тазарту қондырғыларының  зертханадан басқасы  қызметінің бәрі шешімін таба  келді,-деді басшы.

Сонымен қатар салалық бөлім басшысы  санитарлық нормалардың бәрі бірдей  әзір орындала қоюы мүмкін еместігін де алға тартты.  Өйткені аудандағы бірқатар су тазарту қондырғылары елді мекен ішінде қалып қойған. Нысандарға бейнебақылау қойғанымен әлі де толық жетіспейтін көрінеді.

Су тазарту қондырғысын сенімгерлік басқаруға алып отырған кәсіпкерлер арасынан Елтайдан Нұртас Хисимов  қойылған талаптарды шешу үшін тарифті өсіруге тура келетіндігін айтса, Есболдан  Рашит Еспусинов жүзбелі насос, Жарсуаттан Елдос Жанғалиев зертхана жайын көтерді.

Жалпы  аудан тұрғындарын ауыз сумен қамту бүгінде 99,1% болса, алдағы уақытта Кетебай, Қызылжар, Ақтан ауылдарын сумен қамтылса 100% шешілмек екен. Бұл дегеніңіз - облыстағы ең жоғары көрсеткіш.

 

Саламат БАЗАРБАЕВ.

  

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521