Өнеге іздесең, Өстеміровке бар!

Аулаңызда жеміс-жидекке толы бау-бақша жайнап тұрса қандай керемет.

Әрбір тұрғынның  бақшасы осындай болса, елді мекеніміздің де шырайын ашар еді. Бүгінде ынта болса оған әркімнің мүмкіндігі бар,  ауыз су да, жазғы су да берілуде... 

Осы орайда  кенттегі Қ.Қазиев көшесінің тұрғыны Мұрат Өстеміровтің ауласына жолымыз түскен еді. Айтқандай жұпар ауалы әсем бақтың саясынан үй иелері Мұрат Есқожаұлы пен жұбайы Зарипа Қайырқұлқызы жылышыраймен қарсы алды.

...Көре қалдық, Мұрат Есқожаұлының  анасы  Жамал апай да бау-бақшаның бағбаны болатын. Кенттегі Б.Бозекенов көшесіндегі бұрынғы үйі жасыл-желекпен көмкерілсе, саяжайдан да бақша салды. Кейін 90-шы жылдары Қ.Қазиев көшесіндегі Л.Пановтың үйін сатып алған. Бұрынғы үй иелерінің де көгалы мол болған. Бірақ қартайып тұрған екі-үш алма ағашы көп ұзамай шіріп құлап тыныпты. Аулада негізінен тікенді қарлыған (крыжовник) жемісі жайылып өсіпті. Анасы Жамал бұл жемістің  тікені көп, өнімі аз  деп алғызып тастап, бау-бақшаны жаңадан егуді қолға алыпты. Қазіргі саялы бәйтерек болып өскен шие ағашы  осында көшіп келгендегі алғаш еккен талдардың бірі екен.

-Шие ағашы жылда жемісін жақсы беріп келеді. Қазір  оның өнімін алып бола келсек, енді   қара өрікті (слива)  жинамақпыз. Виноград,  алма, алмұрт ағаштарының жемісін  күзге таман жинап алуды жоспарлап отырмыз,-дейді үй иелері.

Алмұрт ағашының да түйнектеген түсі қоңырқай тартқан. Күзге дейін алдымен көгеріп, сосын сарғайып пісетін көрінеді. Оның бабы да күшті  екен, әрбір он бес күн сайын құрт-құмырсқаға қарсы «Алатар» дәрісімен көктемнен бастап өңдеп келеді.

Бағбаннан бақшаның  сырын сұрағанымызда, қыс бойы көршілерден ірі қараның қиын алып жинай беретінін айтты. Ол күбір аулада шөптің арасына жасырылғандықтан көзге білінбейді.  Күбірін апта бойы шірітіп, әрбір литрін 10 литр суға араластырып, жеміс ағаштарының және басқа да бақша дақылдарының түбіне құйып отырады.  Ал күзге таман әбден жапырақтары түскесін ағаштардың шетін және қалың өскендерінің  ішкі жағын кесіп, ретке келтіреді. Сонымен қатар газет-журнал мен интернеттен бағбандықтың қыр-сырына қанығып, әр кез тәжірибе жинақтай  береді екен.

Айтқандай жеміс ағаштарынан басқа қауын-қарбыз, қызанақ, сәбіз, тағы басқа бақша дақылдары жетерлік. Әсіресе, аулаға кіргеннен көздің жауын алар, хош иісті  әп-әсем қызыл-сары гүлдерді айтсаңызшы! Гүлдердің ішінде раушанның 4 түрі болса, әрқайсысының түсі әртүрлі. Ирис гүлі көктемнен бастап-ақ ашылса, гиоргины гүлі тамызда, октябрина атауы айтып тұрғандай  қазанда құлпыра түседі. Есесіне алғашқы суық кіргенге дейін сақталады. Сонымен қатар қырмызыгүл, түймедақ,  флоксы,  эхинацея, гортензия сынды гүлдердің түр-түрі бар екен.

-Гүлдерді өзім баптап күтемін, тұқымдарын негізінен Алматыда тұратын  сіңілім әкеліп береді. Кейде жолым түскенде таңдап жүріп Атырау мен Оралдан аламын. Қысты күндері гүлдердің түбі үсіп кетпесі үшін шөппен қалыңдатып бастырып қоямыз.  Ал биыл жазғы су жақсы, тұрақты жүріп тұр. Өткен жылдары су болмаған кезде тамшылатып жинап құятын кездеріміз болған,- дейді Зарипа Қайырқұлқызы.

Бау-бақшаны ыссы күндері жиілетіп суарса, басқа кезде 3-4 күнде бір-рет суарады екен. Сондай-ақ  екі жерінде орнатылған кішкентай су бұрқақтар  бақшаның шырайын одан сайын аша түскен. Бақшаның күнделікті арамшөбін жұлып, күтіп-ұстау да үй иелеріне жазылмаған заңдай.

Жеміс-жидектен қайнатпа мен тосаптың  небір түрін жауып қыс бойы азық қылса, ауысқанын ағайын-тумаға таратып беретін көрінеді. Ендігі жоспарын сұрағанымызда лия шырмауығына тапсырыс беріп қойғанын жеткізді. Онымен сәкіні және жүретін жолдарды  көмкеруді жоспарлап отыр екен.

Бақшаны еңбекқорлығымен жасантып отырған Мұрат Есқожаұлы арнайы агроном маманы емес, аудандық өрт сөндіру саласының ардагері. Жұбайы Зарипа Қайырқұлқызы екеуінің отбасындағы үлкені Айгерім тұрмыста болса, Асыланбек пен Әсемай атты кішкентайлары өсіп келеді.

Атап айтарлығы, әсем бау-бақшаның бәрі шағын ғана ауланың ішіне сыйып кеткен, көпке үлгі тұтарлық екен.

Саламат САНСЫЗБАЙҰЛЫ.

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521