Ұлт тәрбиесі үлкендерді ойландырады

Аудандағы 27  бастауыш ардагерлер ұйымына біріккен 3575 жасына байланысты зейнеткер есепте тұратын аудандық ардагерлер кеңесінің   жоспарлы кеңейтілген пленумы әкімдіктің мәжіліс залында өткізілді.

Пленумда қоғамдық ұйымның жетекшісі Өтеп Нұриев баяндама жасап,  атқарылған негізгі жұмыстар бойынша есеп берді. Атап айтқанда қашанда елдегі саяси ахуалға үлкен мән беретін  аға буын өкілдері Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы,  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «5 әлеуметтік бастама» атты құжаттарды төралқада талқылап, іс-шаралар жоспарын жасақтап, келелі істерге лайықты үлестерін қосып келеді.

Сол секілді рухани жаңғыруға байланысты  ауданда 7 жұмыс тобы құрылып, жоғары басшылық ұсынған үш мектеп-үш бағыт бойынша баяндамашылар тағайындалып, жүйелі жұмыстар атқарылған. 

Жалпы  ұйымның  белсенділігі қашанда жоғары, барлығы 30 шара, оның ішінде 21 жиналыс, 9 дөңгелек стол ұйымдастырылған. Аудандық «Дендер» газетінде жыл ішінде аудандық ұйымның жұмысына байланысты 65 материал жарияланған.

Бұл ретте Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, ақын бөденелік Тілек Халиннің  көрмесі, қоғам және мемлекет қайраткері Сағидолла Құбашев, ұйым құрылған алғашқы жылдары аудандық алқаны басқарған соғыс және еңбек ардагерлерін еске алу, ұйымның жұмысы арнайы жинақ болып басылып шығуы, «Ардагерлер әуендері-2» атты көркемөнерпаздар байқауы, спортшылар арасындағы жарыс ұйымдастырылуы сияқты оңды бастамалар атап өтілді.

Қуанышты жайт ардагерлер тілегіне сай Бөденеде тұратын суретші Т.Халиннің арнайы  бөлме әкімшіліктің қолдауымен жөнделіп, берілді. Өткен жылы азаттық жолында арпалысқан арыстардың ұлты үшін саяси шешім қабылдап, азаттық аңсарына қол созған сәтіне бір ғасыр толғаны  ауданда лайықты атап өтіліп, көптеген мазмұнды шараларға жол ашты.

-Мемлекет басшысы  Н.Назарбаевтың «Ұлы дала ұлағаттары»  кітабының «Қарияларымыз-қазынамыз» атты тарауына байланысты бір топ ардагерлермен дөңгелек үстел басында кездессек, «Ұлы дала ұлағаттары: ұғыну мен ұстану» деген тақырыпта жастар ісі жөніндегі комиссияда (төрағасы Е.Көшек) арнайы мәселе талқыладық.     

Ардагерлерді ардақтау мақсатында аудандық кеңестің «Құрмет отауында» 13 ардагер ұлығыланып,  «Егде жастағылар клубының» жеті рет шарасы өтті. Аудан, облыс әкімдерінің, облыстық ардагерлер кеңесінің қолдауымен Астанада өткен «ЭКСПО-2017» көрмесіне 46 ардагеріміз қатынасты. «Махамбеттану», «Мұрат оқулары» тұрақты өтеді.

Ал индерборлық «Ару-ана» әжелер ансамблі халықаралық көрмеде концерт қойып, көрермендерді тәнті етті. Тағы  ауданның 11 ардагері Елордадағы көрмеге өз қаражаттарымен барып қайтты.

Бұдан басқа жыл ішінде 5 ардагеріміз Атырау, Тараз қалаларында ұйымдастырылған экскурсияға қатынасса, 14 ардагер көршілес БҚО-ның Ақжайық ауданына барып тәжірибе алмасты,-деген баяндамада басқа да көптеген жұмыстар қамтылды.

Сөз алған Елтайдан келген «Ауданның Құрметті азаматы» Тасқали Темірболатов аудандық ұйым мен оның төрағасының белсенді жұмысына оң баға берді. Сонымен бірге қатар жүрген жандардың еңбегі кейде әкімдіктерге келген жаңа толқындармен ескеріле бермейтінін, ал өмірден өткен кеңес-партия, әкімдік жұмыстарында болған Кәрім Таубаев сынды азаматтардың еңбегі ұмытылғанына қынжылды. Сөзін жас мамандарға қарата «Сын айтса шыда, шын айтса сынба» деп қорытты.

Ал Қазақстанның «Құрметті журналисі»  Сансызбай Базарбаев  ұйым жұмысын оң бағалай келе, өңірде хандар мен ардагерлерге көше аттарын беру үрдісі кең қанат жаюын қолдай келе, белгілі ақын, өнерпаз, журналист азамат  Базарғали Суханқұловтың да есімін еске алып, бір көшеге беруді ұсынды.

Дәрігер Шолпан Мұхамедиярова ұрпақ тәрбиесіне жіті мән беріп, әсіресе, ұл-қыздарға болашақ ана-әке ретінде қарап, олардың жастайынан салауатты болып өсуіне назар аударуға шақырды. Сырқат ана мен әкеден мүгедек сәби дүниеге келетінін ұмытпалық деді.

Бұл бағыттағы аға буын өкілдері балабақша мен мектептер, колледжбен тығыз байланыста жұмыс істеу керек деген пікірін ортаға салды. Пленумда басқа да мәселелер талқыланып, ұйым жұмысы оң бағаланды.

 

С.ХАЛЫҚОВ. 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521