Шопандар математикасы

Халқымыз сонау ерте заманнан өнердің сан алуан түрін бойына сіңіріп, оны ұрпақтан-ұрпаққа аманаттап, бүгінгі күнге жеткізді. Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында қазақтың мәдениетін, салт-дәстүрін, қайталанбас асыл мұрасын сақтауға, жаңғыртуға, насихаттауға ерекше көңіл бөлуі дәуірлер мен ғасырлар бойы үрдісі үзілмеген сол құндылықтарды бағалаудағы зор міндет.

Айталық, ұлттық ойынымыз – тоғызқұмалақ, тамырын тереңге жайған төл мұрамыз. Қазақта оны алғырлар ойыны немесе «шопандар математикасы» деп атаған. Бүгінде ұлттық құндылықты ұлықтап, қайта өрлету жолы қолға алынып, деңгейі жоғары жарыстар ұйымдастырылып келеді. Дендер  өңірінде осы спорттың дамуына зор үлес қосып, аймақ атын асқақтатып отырған кейіпкеріміз – Мұратов Амангелді Әйіпқалиұлы. Жуырда Алматы қаласында ересектер арасында өткен тоғызқұмалақ спорт түрінен Қазақстан Кубогіне төреші болып қайтты. Осы уақытқа дейін тоғызқұмалақ ойынынан оқушыларымен бірге бірталай белесті бағындырған спорт жаттықтырушысы 2007 жылдан бастап Индер балалар жасөспірім спорт мектебінде, сонымен қатар Аққала орта мектебінде дене шынықтыру пәнінен сабақ береді.

Ұлттық ойынның сыры жөнінде Амангелді Әйіпқалиұлы былай дейді:

«Тоғызқұмалақ арнайы тақтада екі адам арасында ойналады. Оның тақтасы – 2 қазан, 18 отау, 162 құмалақтан тұрады. Жарыс басында әр қатысушыға бір қазан, тоғыз отауға тоғыз-тоғыздан салынған сексен бір құмалақ тиесілі. Бастаушы мен қарымта жүріс жасаған қостаушы өз отауларындағы әрбір құмалақты ойлап отырады. Жеңілгеннің отауында құмалақтар тақ болып қалады. Сондықтан әрбір қадамды ойланып жасаған дұрыс. Ойынның зияткерлік қасиеттері рухани мұрамыздың танымалдылығын арттыруда. Сондай-ақ, тоғызқұмалақтың жеке тұлғаның озық қасиеттерін қалыптастырудағы орны ерекше»

Шыдамдылық пен ептілік, алғырлық пен ойшылдықты талап ететін ойынның қайта дамып келе жатқаны көңіл көншітеді. Осы асыл өнердің биігінен көрінген чемпионда жаттықтырушы ретінде шәкірттерін жан-жақты дайындап, шыңдап жүр. Нәтижесі де жаман емес. Әрқайсысының өз жетістігі баршылық. Мысалы, көптеген жарыстардан олжасыз қайтпайтын Құсайынова Арайлым, Амангелді Назар, Құсайынова Қарлығаш шәкірттерінің еңбектері дәлел.

-Мамандығым – дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Салауатты өмір салтын ұстанумен қатар, ұлттық ойынымызды дамытқым келеді. Білгенімді жастарға үйреткім келеді. Мен өзім тоғызқұмалаққа қызығушылым оянып, оның техникасын меңгеріп алдым. Баланы оқушы кезінен ойлануға, саралауға тәрбиелесек, ұтылмаймыз. Мектеп бағдарламасына тоғызқұмалақты енгізуді қолдаймын. Бұл спорт түрінен үйірменің филиалы Аққала орта мектебінде ғана бар. Оқушылардың қызығушылығы аз. Басқа да ауылдық жерлерде филиалдары ашылса, бұл спорт түріне бәсеке көбейіп, ойын қызықты өтеді және де спорт шеберлері көп болатынына кәміл сенемін, – деді жаттықтырушы Амангелді.

Атадан балаға мирас болып, бүгінге жеткен мәдени құндылығымыздың бір бөлшегі – тоғызқұмалақты тарих бетінен өшірмей, өскелең ұрпаққа жеткізу бәріміздің ортақ міндетіміз. Ғаламтор терезесіне үңілмей, телефонға телміргенше, ұлттық ойынымыздың құндылығына терең бойлап, қадір-қасиетімізді жоғалтпайық ағайын.

Райхан Қуанышева,

Аққала ауылы.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT