Атырау облысында 2018 жылдың 31 желтоқсан – 2019 жылдың 9 қаңтар аралығында қызылша ауруына 12 күдікті жағдайы тіркелді, оның ішінде күні бүгінге 9 науқастың қан сынамасы ҰСО вирусологиялық зертханасында зерттеліп, қызылша екені нақты анықталса, қалған 3 науқастың қан сынамасы зерттелу үстінде.
Нақтырақ айтқанда, 7 адам екпе алмағандар, 1 адамның екпе статусы белгісіз, 3 адам әлі екпе жасына жетпегендер болса, 1 бала екпе турын алған.
Аурудың болжамды жұқтыру орыны №2 Атырау облыстық аурухана болып отыр, себебі барлық науқастар бір бөлімшеде түрлі диагноздармен жатқызылып, ем алған.
Күні бүгінге үй ошақтарында науқастармен қарым-қатынаста болған адам анықталып, медициналық бақылауға алынды. Алайда аурушылық республиканың басқа облыстарында да тіркелуде.
Осыған байланысты аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мен аудандық орталық аурухананың «Индер ауданында қызылша ауруы бойынша санитариялық – эпидемияға қарсы және санитариялық –профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру және жүргізу туралы» бірлескен бұйрығы негізінде жұмысшы тобын құрды. 2019 жылдың 4 қаңтарында мектеп, балабақша ембикелері және емдеу алды мекемелерінің қызметкерлеріне семинар-кеңес өткізілді.
Инфекция көзі - ол айналадағыларға 2 күн инкубациялық кезеңнен 4-ші күнгі бөртпелер шығып ауырған адам. Ал 5-ші күнгі бөртпелері бар адам қауіпті емес. Қызылшамен ауырған адамда өмірлік иммунитет пайда болғандықтан, қайта ауырмайды. Қызылшамен ауырған аналардан туылған балалар 3 айға дейін бұл ауруға шалдықпайды, өйткені осы аралықта олардың қанында аналық қарсы денелер сақталады.
Бұл инфекцияға шалдыққыштық 100% - ол дегеніміз, егер бұрын қызылшамен ауырмаған кез келген жаста және қызылшаға қарсы егілмеген адам қызылшамен ауырған адаммен қарым-қатынаста болса, ауру жұқтыру қаупі өте жоғары. Сол үшін де екпе мерзімін қатаң сақтау және инфекция ошағында эпидемияға қарсы шаралар жүргізу өте маңызды.
Қызылшадан сақтанудың ең тиімді және сенімді жолы - вакцинация екенін тағы да ескертеміз. Себебі егу арқылы вирусты жасанды жолмен тоқтату нәтижесінде ағза өзін қорғайтын иммунитет жасайды. Өз денсаулығыңыз өз қолыңызда екенін ұмытпаңыз.
Ш.Ержанова,
ауданның Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері.