Әсте, өздерін «Арқалағаны алтын, жегені жантақ» санайтын журналист қауымының тиісті заңдылықтарды да мүлтіксіз сақтауға бейім болып келетін әдеті ғой. Сондықтан да жас әріптесіміз Дияс Ағысұлы Айбаров әскер қатарына шақырылып, бүгінде Атыраудағы әскери-техникалық мектепте азаматтық борышын өтеп жүр.
Жас журналистың Қазақстан жауынгеріне тән әскери үлгідегі киімді киініп, иығына қару іліп, сап түзеген сәтін көрудің өзі әжесі, ата-анасынан бетер бізге де қызық әрі мақтаныш. Бүгінде, шүкір, байланыс жайы жақсарды емес пе?!
Әріптесіміздің жиі хабарласып жағдайын біліп отырамыз. Ал оны әскерге аттандырған аудандық қорғаныс бөліміне не айтар екен деп хабарласқанымызда, телефон құлағын маман Қуаныш Базарбаев көтерді:
-Жауынгер әріптестеріңіздің жағдайы жақсы. Тиісті заңдылыққа сәйкес Атыраудағы әскери-техникалық мектепте өзге де 30-дай жас жауынгермен Отан алдындағы борышын алаңсыз абыроймен өтеуде. Ол жалғыз емес, жанында индерлік Дәурен Сарбасов, Руслан Мәулетов атты қаруластары бар. Әскери қызметке шақырылған қатардағы жауынгер Дияс Айбаров жолдастарымен саяси-әскери сабақтарға қатысумен бірге тәртіпті сақтап, сапта жүру, жауынгерлік қаруды игеру, атудың әдіс-тәсілдерін меңгеруге машықтандыратын жаттығуларды жібермейді. Мерзімді қызметі бітісімен қолдарына сертификат беріледі.
Оны халыққа қызмет көрсету орталығына тапсырып, аудандық қорғаныс бөлімі арқылы қолдарына әскери билеттері тапсырылатын болады,-деп хабарлады бізге қорғаныс бөлімінің өкілі. Ал әріптесімізге, Қазақстан Қарулы Күштерінің қатардағы жауынгеріне Отан алдындағы борышын адал атқарып, әскери қызметтің сан құпиясын шебер игеріп, аман-есен оралуына тілектеспіз.
С.ХАЛЫҚОВ.