Ұлытаудан жаяу шыққан жиһанкез Сәрсенбай Қотырашев өткен сенбіде Индер ауданына табан тіреді. Жиһанкезді Атырау-Орал тас жолы бойының аудан шекарасынан аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жеңіс Иғалиев бастаған бір топ жерлестер күтіп алып ақ ұсынды.
«Ұлытауға бардың ба?» деген атаумен экспедицияға шыққан жиһанкез 31 наурызда жолға шыққаннан бүкіл Қазақстанды жаяу аралап келеді. Ұлытаудан бастап, Қызылорда-Түркістан-Шымкент-Тараз-Алматы-Талдықорған-Аягөз-Өскемен-Семей-Павлодар-Баянауыл-Қарағанды-Нұр-Сұлтан-Көкшетау-Петропавл-Қостанай-Ақтөбе-Орал қаласына жетіп, енді Атырауға бара жатқан бойы екен. Одан әрі Ақтауға жетіп сапарын аяқтамақшы.
Ақсақал 72 жастан асса да әлі тың . Өзінің айтуынша, сағатына 4 шақырым, күніне 40 шақырымды жүріп өтетін көрінеді. Қолындағы қоларбасын да өзі қолдан жасап алыпты. Бұйырса, осы сапардан соң, Меккеге қажылыққа да жаяу бару жоспарында бар екен.
-Мақсатым ұлтымыздың алтын бесігі – Ұлытауды насихаттау. Екіншіден, ел арасынан қолөнершілер тізімін жинау. Егер мыңнан астам қолөнершілерді жинасам, ЮНЕСКО сайт ашады. Олардың көмегімен біз шетелдегі Дүниежүзілік көрмелерге қатыса аламыз. Ал үшіншіден - қазақтың ұмытылып бара жатқан ұлттық мейрамдарын жаңғырту, - деді қарт жиһанкез.
-Жолдан жиһанкез келе жатыр дегенді естіп, қарсы алуға шықтым. Қолындағы арбасымен жаяулатып ауылымызға таяп қалыпты. Жолдан бірқатар көлік жүргізушілері арнайы тоқтап, естелікке фотоға түсуде екен. Жиһанкез біраз жасқа келсе де әлі ширақ көрінді. Біздің үйде қонып, таңертең көршілер болып жолға шығарып салдық, - дейді Бөдене ауылы тұрғыны Айтқали Жұмағұловты сөзге тартқанымызда.
С.САНСЫЗБАЙҰЛЫ