Міне, тағы бір оқу жылы аяқталды. Жаздың қуанышына кенеліп, лагерьде демалатын кез келді. Ал, балаларымыздың демалысын ауданымыз қалай ұйымдастырмақ?
Әрбір ата-ана өз баласын материалдық жағынан да рухани жағынан да толық қамтығысы келеді. Алайда, «жомарттың қолын жоқтық байлайдының» кері келетін отбасылар жеткілікті. Сондықтан материалдық жағдайына байланысты бұл ата-аналар балаларын арнайы орындарға демалуға жібере алмайтыны шындық. Демек, каникул кезінде мектептің бақылауынсыз қалған балалардың түрлі теріс әдеттерге бой ұруы да әбден мүмкін. Сондықтан көп балалы немесе әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балаларының бос уақытын тиімді ұйымдастыруға мемлекет соңғы уақытта баса назар аударып келеді.Мәселен, биыл аудан бойынша 5794 оқушы оқу жылын аяқтаған болса, олардың көбі жаз мезгілінде демалыс лагерлеріне және қосымша үйірмелер мен еңбек бригадала- рына қамтылады.
Аудандық білім бөлімінің әдіскері Тұрсынай Аренованың айтуынша, биылғы маусымда аудандағы 12 орта білім беретін мектептің жанынан жазғы тынығу лагері және Есбол ауылынан 3 мектептің оқушыларын қамтитын сауықтыру лагері Жамбыл атындағы орта мектеп интернатының базасында ұйымдастырылады. Жалпы аудан мектептері тамақтанатын сауықтыру-демалыс лагеріне 720 оқушыны қамтуды жоспарлап отыр. Ол үшін жергілікті қазынадан 6 750 000 мың теңге көлемінде қаржы қарастырылған. 2 кезеңді қамтитын лагерьге әлеуметтік осал топтағы отбасы балалары және жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар алдыңғы кезеңде орналастырылады. Бұдан басқа жоғары сынып оқушыларының бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында мектеп жанынан тамақтандырусыз құрылыстық, спорттық және шатырлық лагерьлер қолға алынбақ.
Сондай-ақ бұл санаттағы оқушылар «Жасыл ел» еңбек жасағында да қызмет ете алады. Осы жерде айталық, шатырлық лагерьлердің маңызы өте зор. Бұл қала, ауыл сыртында, туристік дағдыларды меңгерту мақсатында жүргізіледі.
Диас АЙБАРОВ