Индерборлық Гүлнәр Исламғалиқызы қаһарман Қайрат ерлігінің куәгері

Желтоқсан көтерілісі дегенде ұлтының азаттығы мен теңдігі жолында күресіп құрбан болған, «Халық қаһарманы» Қайрат Рысқұлбековты бәріміз жақсы білеміз.

Сол қаһарманмен 1986 жылы Алматыда сәулет және құрылыс институтының азаматтық өндірістік құрылыс факультетінде бірге оқып, ерлігінің куәсі болған жерлесіміз Гүлнәр Исламғалиқызы жөнінде ше? Оны бізге кент тұрғыны Сағима Кенжеғалиева жеткізді. Кейіпкеріміздің әкесі Исламғали Сұлтанғалиев Жамбыл совхозында жүргізуші болып еңбек етсе, анасы Маржан 11 бала тәрбиелеп өсірген батыр ана болатын. 1965 жылы Құрылыс ауылында дүниеге келген Гүлнәр И с л а м ғ а л и қ ы з ы ауылдағы орталау мектепті, кейін Есболдағы Жамбыл атындағы орта мектепті бітірген. Алматыдағы сәулет және құрылыс институтына алғашқы жылы түсе алмаған. Кейін құрылыс саласында еңбек етіп, көтеріліс болатын жылы емтиханнан сәтті өтіп, аталмыш жоғары оқу орнының студенті атанған екен. Оқу басталмас бұрын тамыз айында студенттердің бәрі Талдықорған жағында ауылшаруашылық жұмысында жүгері жинауда болады. Сол кезде кейіпкеріміз Қайрат Рысқұлбековпен танысыпты. - Орта бойлы, қараторы қазақтың қарапайым жігіті болатын.

Бір факультеттің ол 2-ші, мен 1-ші тобында болдым. Кейін оқу мезгілінде аудиторияда бірге отырдық. Біздің бөлмедегі қыздарға келіп тұратын. Өзі қыздарға жақын, ақкөңіл, әңгімешіл жігіт еді. Гитарада да ойнайтын. Әскерден жаңа келген кезі, қорқуды білмейтін. Әскердегі оқиғаларды майын тамызып айтатын. Сабақты жақсы оқыған соң оны комсорг етіп сайлады. Көтеріліс бастау алған 16,17 желтоқсан күндері біз қысқы сессияға дайындалып, сынақ тапсырып жатқан болатынбыз. Алғашқыда алаңда не болып жатқанынан хабарсыз едік. Желтоқсанның 17-і күні кеште тобымыздағы жігіттерден естігенде таң қалдық. Мұндай болады деп кім ойлаған? Содан студенттер болып бірігіп алаңға шығуға дайындық басталып кетті.

Туған ағам Еділ Пшатаев та Алматыда жоғары оқу орнында оқитын еді. Қазір Жарсуаттағы Махамбет атындағы орта мектепте бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі. Ол ақ маталарға ұран жазумен отырды. «Өзбекстан басшысы - Өзбек, Қырғызстан басшысы -Қырғыз, Қазақстан басшысы - ?» деп жазып жатқаны есімде қалыпты. Таңертең ертемен біздің факультет және басқалар да жиылып алаңға бір сағаттай жүріп бардық. Тобымыздың арасында Қайрат та бірге болатын. Біз барғанда милиционерлер мен әскерилер алаңды қоршауға алған екен. Бізді жақындатпады. Топқа қосыламыз деп айналшықтап жүргенде әскерилер көз алдымызда жігіттер- мен қатар қыздарды да аяусыз ұрып ж а т қ а н ы н көргенде ш о ш ы п к е т т і м . Жігіттер алдымызда бастап келе ж а т қ а н еді. Сонда қазақтың бір қызын ұрып жатқан офицерді Қайрат бар пәрменімен итеріп қалып, қызды тартып алып шыққанының куәсі болдым. Сол мезетте алдымыздан топ милиция келіп қуды. Бір қазақ милиционері дубинкамен арқамнан ұрғанда асфальтқа ұшып түстім. Кейін сол соққының ізі денемде қалып, көпке дейін омыртқамнан ауырсынумен жүрдім. Ол кезде жарақатыммен дәрігерге қаралу қайда? Өрт сөндіру көліктерімен келіп, салқын су шашты. Сол кезде жан-жаққа бөлініп кеттік. Содан кейін Қайратты көрмеппін... Милициядан құтылудың амалымен қасымдағы қыздармен бірге қос 16 қатарлы үйдің біріне кірдік. Лифтіге үлгере алмай, баспамен жоғары өрлеп көтерілдік. Соның 7, не 8 қабатында тығылып отырып, кешке дейін шыға алмадық.

Қараңғыда ғана шығып, Орбита мөлтек ауданындағы жатақханамызға азар жеттік. Арада екі күн өткеннен кейін оқиға болған алаңға жолым түскен еді. Сонда өрт сөндіру көліктерінің шлангілері, қираған көлік, аққан қан сол күйі бомба тастағандай жайрап жатыр екен. Екі күннен кейін біздерді тергей бастады. Қауіпсіздік комитеті, милиция, прокуратурадан шақыртылып, миға симайтын сұрақ алулар басталды. Тексеріс басталған кезде қолымызды кісен салмағанымен бәрімізді жертөлеге жұлқылап әкеледі. Ол жерде қашып кетуге де еш мүмкіндік жоқ еді. Қайраттың сотына бәрімізді еріксіз автобусқа тиеп апарды. Бірақ екі күн сот отырысына қатысқанда Қайратты біз көрмедік. Сот орыс тілінде жүргендіктен қазақша сөйлеген студенттердің сөзін орысшаға аударып тұрды. Әрқайсымызды трибунаға шығарып жауап алды. Қайраттың милициядан қызды құтқарғанын көрсем де тіс жармадым. Екі ай бойы тергеудің әуре-сарсаңымен жүргенде сабаққа дұрыс қатыса алмадық. Әсіресе, Қайратпен бір факультетте оқығандықтан да бізді көп тергеуге алды.

Ортамыздан да бірқатар студентті оқудан шығарды. Институтта бізді халық жауындай көрді. Әлі есімде, Бердібеков деген тарихшы мұғаліммііз «Наполеон мен Гитлер ала алмаған елді сендер аламыз деп жүрсіңдер ме? Сендерде ұят деген жоқ екен» деп жер-жебірімізге жететін. Рас, мұғалімдердің арасында бізді қолдағандары да болды. Атақты музыкант Мұрат Бисенғалиевтің апасы Раушан Бисенғалиева «Сендер уайымдамаңдар, бәрі жақсы болады. Ұлт үшін күрескен игі істерің түбі ескерусіз қалмайды» деп қанаттандыратын, - дейді ол. Бірақ тергеудің сергелдеңі, мұғалімдердің қарсылығы оқуды қиындатыпты. Ақыры сырттай оқуға ауысуға тура келеді. Өскеменнің жігітімен тұрмыс құрады. Тағдырдың жазғанына не шара, жолдасы кісі қолынан қаза тауып, әке-шешесі ауылға көшіріп алып әкеледі. Отбасының күйбеңімен оқуын жалғастыра алмайды. -Осыдан екі жыл бұрын қызымды оқуға орналастырарда Алматыға жолым түсті. Кезінде өзімнің білім алған институтқа, жылдап тұрған жатақханама бардым. Бәрі өзгеріп кеткен.

Ал жатақханаға Қайрат Рысқұлбековтың есімін берген екен. Ғимарат сыртындағы жазуды оқып еріксіз көзіме жас алдым, - дейді ол. Кейінгі жолдасы Өтеген де 2011 жылы дүниеден озып, балаларын өзі тәрбиелеп жетілдіреді. Өзі 2009 жылдан бері аудан орталығындағы «Әйіп қажы» мешітінде техникалық қызметкер. Бүгінде үлкен ұлы Рүстем Түркияда білім алса, қызы Ақбота Көктоғайда тұрмыста, кіші ұлы Иса Алматыда Әбу Ханифа медресесінде білім алуда. - Біз Гүлнәрмен Жамбыл атындағы мектепте 9-10 сыныпты бірге оқыдық. Өзі әдемі еді, мектепте сабақты да жақсы оқыды.

Спортқа да епті болатын. Желтоқсан қаһарманы Қайрат Рысқұлбековпен бірге оқығаны, көтеріліске қатысқанын құрбысы мен де жақында ғана білдім. Тағдыр тауқыметін көп көргендіктен де болар, өзі сырын ашып айта бермейді, - деп құрбысы Сағима Кенжеғалиева .

Саламат БАЗАРБАЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521