Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының тізімі бойынша кандидат Ажар Сағындықова мәдениет қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері және жастармен үгіт-насихат кездесуін өткізді. Іс-шара С.Торайғыров атындағы Павлодар облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында ұйымдастырылды.
Бұдан бөлек, кандидат партияның сайлауалды бағдарламасының өзге де басым бағыттарын баяндады.
– Қазақстанда билік халыққа тиесілі болуы қажет. Еліміз жалпыхалықтық гүлдеу үшін қажетті барлық алғышарттарға ие. Бірақ, өкінішке қарай, олигархат пен жемқорлық тамырының тереңге кеткені соншалық, мемлекетіміздің дамуына қатысты экономикалық және әлеуметтік күн тәртібінде тұрған көптеген жүйелі мәселе ушығып отыр. Еліміздің барлық дерлік бағыттағы дамуы бойынша біз шенеуніктердің жарқын болашаққа қатысты бітпейтін уәделеріне толы әдемі саяси баяндамаларын көріп отырмыз. Жылдар өтеді, уәде етілген уақыт таяғанда бастапқы бағыттан бас тартуға түрлі сылтаулар табылады. Қарапайым азаматтар болса, жыл сайын кедейлене түсуде, еліміздің ағымдағы даму деңгейі және 2022 жылдың қорытындысы бойынша 25 пайыздық азық-түлік инфляциясы осының тікелей айғағы. Мақсатымыз – халықтың әл-ауқаты деңгейін арттыру. Бұл – партияның Парламент Мәжілісінің сайлауына түсудегі басты себептерінің бірі. Қазіргі жағдайдан мемлекетіміз тек социал-демократия идеясы арқылы шыға алатынына сенеміз. Әлеуметтік тәртіп түбегейлі қайта қарастырылуы қажет. Бүгінде біз қоғам, бизнес және мемлекетті тепе-теңдік жағдайына қайтаруымыз керек. Біз әр шешім азаматтарымыздың игілігіне жұмыс істеп, пайдасына асырылатын әлеуметтік-жауапты тәртіпті орната алатынымызға сенеміз, – деді ол.
Egemen Qazaqstan