Шалғай ауылдарды аралады

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атынан Мәжіліс депутаттығына партиялық тізім бойынша кандидат Ажар Сағандықова мен бірмандаттық аумақтық округ бойынша кандидат Азамат Хайсин «Үгіт-насихат пойызы» аясында Павлодар облысының аудандарына барды.

Кандидаттар Павлодар облысы Шарбақты ауданына соғып, жергілікті сайлаушылармен кездесті. Тұрғындар денсаулық саласына қатысты проблемаларды ортаға салды.

«Біздегі бітпейтін жырға айналған саланың бірі – медицина. Дәл осы салаға келгенде кімнің болса да көңілі күпті. Суық тиіп ауырған баланың ауруханадан сал боп шығатынына көз үйренді. Өзіне ескертусіз он екі мүшесінің бірінен айырылып жататын елдің қарасы көбейді. Әйтеуір, қазір медициналық мекемелер мен дәрігерлерді сотқа сүйрейтін оқиға өте көп. Ең өкініштісі, әрбір жағдайдың артында адам тағдыры тұр. Әлеуметтік желілерден екі күннің бірінде дертіне дауа іздеп, отандық медицинадан көңілі қалған жазбаларды оқитын болдық. Қоғам белсенділері мен сарапшылар «Біздегі медицинаның дамуы кемі 30 жылға артта қалды» деп отыр. Жұрт тегін емге арқа сүйемейтін болған. Айлап кезек күткенше, ауруын асқындырып алудан қорқып, сол күні қабылдайтын ақылы қызметке жүгінеді. Осыдан кейін медицинадан мән кетті деуге әбден негіз бар. Тіпті, кейбірі көрші мемлекеттерге барып қаралуға мәжбүр.

Оның үстіне Қазақстанда медицина мамандарының кәсіби дайындығы көңіл көншітпейді. Әсіресе, ауылдық жерлерде медициналық қызметтің сапасы төмен. Бүркеген жерден бүрге шығарын ескерсек, алдымен осы олқылықтың орнын толтыру керек. Денсаулық сақтау саласына қатысты күнде бір жиын өтіп, жиі-жиі талқылауға ұшыраса да, бұл саланың мәселесі азаймай отыр. Кезінде денсаулық сақтау саласы мамандары шетелдің жоғары оқу орындарымен бірлесе отырып, еліміздің медициналық білімін жаңғырту шаралары қолға алынғанын айтқан еді. Финляндияның тәжірибесі негізінде бакалавриат бо­йынша медбикелік білімді жаңғырту шаралары да қолға алынған. Алайда онда дәріс алып жатқанның барлығы бірдей ауылға бармайды. Себебі, оларды міндетті түрде ауылды жерлерге жіберу қарастырылмаған. Осы тұста ауылға дәрігер тарту үшін осы бағытта білім алушылармен келісімшартқа отыру шараларын да қарастырып көру керек сияқты», деді А.Сағандықова.

Egemen Qazaqstan

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT