«Amanat» партиясының республикалық сайлауалды штабы мүшелерінің үгіт-насихат жұмысы Павлодар облысында жалғасты. Штаб мүшелері бірмандатты сайлау округтері бойынша кандидаттармен кездесуде үгіт-насихат жүргізудің өзекті мәселелерін талқылады.
«Біз алдағы сайлауда жеңіске жетуге ұмтылып жатырмыз. Сайлаушылардың сенімін ақтауымыз керек. Ол үшін азаматтардың ұсыныс-пікірін жинап, «Есіктен есікке» акциясын ұйымдастырамыз. Жұмысшылар, мұғалімдер, кәсіпкерлер, дәрігерлер, шаруалар сынды нақты әлеуметтік топтармен және өзге де азаматтармен кездесу өткіземіз. Біздің мақсатымыз – Әділетті Қазақстанды құру», деді партияның атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев.
Бұдан кейін Елнұр Бейсенбаев азаматтық қоғам өкілдерімен және жастармен кездесті.
«Біздің партия мемлекет пен қоғам арасындағы адал әрі ашық диалогті қолдайды. Үкіметтік емес ұйымдарға, коммерциялық емес қорларға қолдау көрсете отырып, біз азаматтарды саяси белсенділікке, ел басқару ісіне араласуға ықпал етеміз», деді ол.
Ал партия атынан Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидат Жанарбек Әшімжанов Қонаев қаласының іргесіндегі су электр стансасына барды. Кандидат Қапшағай су электр стансасының ұжымымен кездесіп, партияның сайлауалды бағдарламасын түсіндірді. Сондай-ақ партияның алдағы жоспарын жеткізіп, қызметкерлердің өтініш-тілегіне құлақ түрді.
«Партия әрдайым халық мүддесі жолында қызмет етіп келеді. Отандастарымыздың аманатын арқалаған партия бұқараның тұрмыс сапасын арттырып, әлеуметтік жағдайын жақсартуды көздейді. Біз өңірдегі жылу және сумен жабдықтау желілерінің тозу деңгейін 42,8 пайызға дейін төмендетуге күш саламыз», деді Жанарбек Әшімжанов.
Сондай-ақ кандидат өңірде жұмыссыздық, қымбатшылық, экология мәселесінде бірқатар проблема барын айтып, оны шешу жолдарын талқылады. Өз кезегінде, кәсіпорын ұжымы кандидаттың бастамаларына сәттілік тіледі.
Egemen Qazaqstan