Қоқыс полигонының қасіреті

«Байтақ» жасылдар партиясынан Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидат Нұрлан Көптілеуов және партия өкілдері Ақмола облысына барды. Байтақтықтар ең әуелі Щучинск қаласымен қапталдас орналасқан заңсыз қоқыс полигонын көзбен көрді.

Экология министрлігі Астанамен шекаралас аймақта және Ақмола облысы аумағында рұқсат етілмеген заңсыз полигондар санының тым көптігін атап өткен болатын. «Үлкен қоқыс алаңы өз алдына, кішігірім қоқыс үйіндісінің өзі топырақты, ауаны және суды улайды. Қоқыс алаңының тағы бір зиянды салдары – қоқыстан бөлінетін улы газ. Мұның зардабын ең алдымен осыған қарсы күресіп жатқан Щучинск қаласының тұрғындары тартып отыр. Полигон газы оттегі болмаған кезде органикалық заттардың ыдырауынан пайда болады және көмірқышқыл газы, көміртегі тотығы, метан және ұшпа органикалық қосылыстардан тұрады», деді Нұрлан Көптілеуов.

«Бықсып жанып жатқан қоқыстың зияны кем дегенде аллергия, демікпе, өкпе аурулары және ЖРВИ-мен ауыратын адамдарға залалын тигізеді. Онсыз да дерт дендеген науқастың ­ауруы асқынып, демі жетпей тұншығады, әртүрлі аллергиялық реак­циялар бере бастайды. Ал улы заттардың ұдайы ауаға жайылуы қоқыс полигонына жақын маңдағы жандарды өлімге душар етуі мүмкін», дейді партия белсенділері.

Белсенділер елімізге шұғыл түрде жаңа үлгідегі заңды қоқыс полигондары ауадай қажеттігін атап өтті. Ал рұқсат етілмеген полигондарды жою үшін тұрақты негізде үзбей рейдтер жүргізу керек. Сонымен қатар қоршаған ортаны ластайтын зиянды ошақтарды да жойған жөн.

Жалпы, елде қалалардағы ауаның жоғары деңгейде ластануы, қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының нашар жағдайы және жайылым жерлерінің тозуы мәселесі өте өзекті. Осыдан екі жыл бұрын Қазақстанда атмосфералық ауа сапасын мониторингілеу нәтижесінде мегаполис­тер мен ірі қалаларда ластанудың шектен тыс көрсеткіші тіркелген еді. Атап айтқанда, Теміртау, Астана, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Өскемен, Қарағанды, Балқаш, Жезқазған мен Шымкент қалалары ластанудың өте жоғары деңгейде. Жыл сайын Қазақстанда 4,5 миллион тонна қатты тұрмыстық, шамамен 31,6 миллиард тонна өнеркәсіптік қалдық түзілетінін атап өткен жөн.

Egemen Qazaqstan

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521