«Ауыл» партиясы үгіт-насихат жұмыстарын Атырау облысында жалғастырды. Партия төрағасы Әли Бектаев пен Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар Дәулеткерей Кәпұлы, Анна Данченко, Аян Зейнуллин, Ілияс Досхожаев Атырау облысы Махамбет ауданының тұрғындарымен, кәсіпкерлерімен кездесті.
«Бұл – еңбек адамының нәтижелі жұмысының көрсеткіші. Осындай адамдардың төккен тері мемлекет тарапынан ескеріліп, құрметтеліп отырса, халықтың ауыл шаруашылығына, агробизнеске деген ынтасы артар еді. «Ауыл» партиясының мақсаты – ауыл бизнесін дамытуда жіберілген олқылықтардың орнын толтыру. Біз Парламент Мәжілісіне барғанда бел шеше кірісетін және белсене көтеретін басты мәселеміздің бірі әрі бірегейі – бүгінде құны түсіп, қадірі кеткен еңбек адамына деген құрметті бұрынғы деңгейіне қайтару», деді «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев.
Заманауи технология арқасында жоғары өнімділікке қол жеткізген ешкі фермасы партия мен оның сайлауалды бағдарламасының құрметіне ешкі сүтінен жасалған, қаптамасына партияның «Ауыл төрге шықсын!» атты бағдарламасы жазылған ірімшіктің жаңа топтамасын шығарды. Ол сол сәттен бастап Атырау облысының бүкіл дүкеніне сатылымға шығарылды.
Атырау облысы – мұнайлы, өнеркәсібі дамыған өлке болуымен қатар ауыл шаруашылығын да алдыңғы орынға шығарған аймақ. Өңір халқының агробизнеске деген қызығушылығы жоғары. Сарайшықта өте қызықты тәжірибе жасалып, өте жақсы нәтижеге қол жеткізген. Мұнда лимон өсіретін және содан ауыз толтырып айтарлықтай табыс табатын жылыжай бар. Мұны шағын шаруашылықтар үшін нәтижелі тәжірибе ретінде таратуға әбден болады.
Egemen Qazaqstan