Қазақстан Халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаев аймақтардағы сайлауалды үгіт-насихат жұмысын жалғастырып жатыр. Жуырда партия төрағасы Павлодар облысының сайлаушыларымен кездесті.
Е.Ертісбаев Павлодардағы «УПНК-ПВ» ЖШС еңбек ұжымымен кездесіп, партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Зауыт күйдірілген мұнай коксын өндірумен айналысады және экспортқа өнім жөнелтеді. Партия төрағасы зауыт жұмысшыларына Қазақстан Халық партиясының сайлауалды бағдарламасында социал-демократиялық бағытқа басымдық берілгенін баяндады. «Әлеуметтік әділеттілік идеясы халық арасында өміршеңдігін сақтап тұр, оны жүзеге асыратын уақыт келді», деді ҚХП төрағасы.
Халық партиясы демократияны, мемлекеттік басқару мен басқа да жетекші салалардағы реформаларды, тегін медицина мен білім беруді, тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыруды, аймақтарды дамытуды, олигархиямен күресуді, күшті мемлекет қалыптастыруды жақтайды. Орта тап пен елдің барлық азаматының өмір сүру деңгейін көтеруді қолдайды.
«Еңбек заңнамасын түбегейлі өзгерту керек, – деді Ермұхамет Ертісбаев. – Кодекс жұмыс берушілердің ғана емес, қызметкерлердің де құқығын қорғауы керек. Сонымен қатар біздің партия ауыр және қауіпті өндірістерде жұмыс істейтіндердің зейнет жасын төмендетуді жақтайды.
Бұдан соң партия төрағасы сайлауалды үгіт-насихат жұмысы аясында қалалық Мәдениет сарайында халықпен кездесті. Іс-шара барысында ҚХП төрағасы қала тұрғындарына партияның сайлауалды бағдарламасын қысқаша таныстырып, сайлаушылармен пікір алмасты. Үгіт-насихат жұмысы сұрақ-жауап форматында өтті.
Ал Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидат, ҚХП Жетісу облыстық филиалының төрағасы Қахарман Жақсылық «Талдықорған облыстық әйелдерді қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің ұжымына сайлауалды үгіт-насихат жұмысын жүргізді. Ол Халық партиясы әйелдердің 58 жастан зейнетке шығу қозғалысын қолдағанын, нәтижесінде 61 жастан зейнетке шығуға 5 жыл мораторий жарияланғанын атап өтті. «Халық партиясының сайлауалды бағдарламасында көпбалалы аналарға, толық емес отбасы мен мүмкіндігі шектеулі баласы бар аналарға қолдау көрсетуге басымдық берілген», деді Қ.Жақсылық.
Egemen Qazaqstan