Таза Қазақстан таза ауылдан басталады

Ауылдың көркеюі мен санитарлық ахуалына тікелей әсер ететін тазалық жұмыстары – күнделікті көзге елене бермейтін, алайда қоғамның тыныс-тіршілігі үшін маңызды сала. Ауылды таза ұстау – тек жергілікті әкімдіктің емес, әр тұрғынның ортақ міндеті. Осы ретте Махамбет ауылында ауыл тазалығына өз еңбегімен үлес қосып жүрген жандардың еңбегі лайықты бағаланды. 

Жуырда ауылдық округтің ұйымдастыруымен «Таза Қазақстан» акциясы аясында көше тазалығы мен санитарлық жағдайды жақсартуға белсене атсалысып жүрген бір топ тазалық қызметкерлері мен ерікті жас марапатталды. Ауылдық округтің уақытша әкімі міндетін атқарушы Темірлан Бертлеуов арнайы алғыс хаттар мен марапаттар тапсырып, олардың елге қызмет ету жолындағы қажырлы еңбектеріне ризашылығын білдірді. 

– Тазалық – тек сыртқы көрініс емес, бұл – адамның ішкі мәдениетінің, елдің тәртіп деңгейінің айнасы. Бүгінде «Таза Қазақстан» секілді бастамалар – ауыл өмірін жақсартуға бағытталған нақты қадамдардың бірі. Ауыл көшелерінің тап-таза, жол жиектерінің қоқыстан арылғаны – бәрімізге ортақ қуаныш. Осы істің алдыңғы шебінде жүрген тазалықшыларға алғысымыз шексіз, – деді өз сөзінде Темірлан Бертлеуов. 

Марапат иелері қатарында ауылдың тазалығын күн сайын қамтамасыз етіп жүрген көше тазалықшылары бар. Олар таң бозынан жұмысқа шығып, күннің аптап ыстығына да, қара суығына да қарамастан өз міндеттерін абыроймен атқарып келеді. Жалақысы жоғары болмаса да, қызметіне адалдық танытып жүрген осы жандардың еңбегі бүгін лайықты түрде еленді. 

Сондай-ақ ауыл тазалығына жанашырлықпен қарап жүрген жастар да назардан тыс қалмады. Солардың бірі – жас ерікті Ибатолла Айтжан Русланұлы. Ол өз бастамасымен көше тазалау, қоқыс жинау, қоғамдық орындарды ретке келтіру жұмыстарына үнемі қатысып келеді. Оның белсенділігі мен қоғамға деген жауапкершілігі өзгелерге үлгі боларлық. Жас азаматқа арнайы алғыс хат табысталып, көпшілік ал¬дында марапатталды. 
Ауыл тұрғындары арасында да тазалық мәдениетін қалыптастыру мақсатында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, акция аясында санитарлық талаптарды сақтау, қоқысты бей- берекет тастамау, аула мен көше маңын таза ұстау туралы үгіт-насихат шаралары ұйымдастырылды. 

Айта кету керек, соңғы жылдары «Таза Қазақстан» акциясы ел көлемінде кең қолдау тауып келеді. Бұл бастама арқылы көптеген ауыл- аймақтарда сенбіліктер жиі өтіп, тұрғындардың табиғат пен ортаға деген көзқарасы өзгере бастады. Махамбет ауылында да осындай оң үрдіс қалыптасып келе жатқаны қуантады. 
Ауыл тұрғындары атынан марапат алған тазалықшылар мен ерікті жастардың еңбегі – бұл тек бір реттік мадақ емес, болашақ ұрпаққа үлгі боларлық іс. Тазалық тәртіптен басталады. Сондықтан әрбір ауыл азаматы тазалықты сақтау мен қоғам алдындағы жауапкершілікті жете сезінуі тиіс.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ
Махамбет ауданы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT