Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты 2024 жылғы 2 қыркүйектегі кезекті Қазақстан халқына Жолдауында отбасындағы зорлық зомбылықты қылмыс санатына жатқызу мәселесі туралы айтқан болатын.
«Отбасылық зорлық-зомбылықты қылмыс санатына жатқызу мәселесі қоғамда көптен бері талқыланып жүр. Құқық қорғау органдары бұл ұсыныстың дұрыс екеніне күмәнмен қарайды. Себебі, мұндай тұрмыстық жағдайларды анықтау оңай емес, яғни осындай оқиғаларды тергеп-тексеру қиынға соғады. Бұл сөздің де жаны бар. Бірақ, қалай десек те, отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайды. Отбасында ойран салатындар жазаға тартылмаса, олар одан бетер басынып кетеді. Ал жапа шеккендер мүлдем қорғаусыз қалады. Мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейтетін кез келді деп санаймын. Зардап шеккен жандар елдің сөзінен немесе біреудің қысым жасауынан қорықпауы қажет. Сондықтан, полиция қызметкерлері олармен өте мұқият жұмыс жүргізіп, тиісті шаралар қолдануы керек»,- деді Мемлекет басшысы.
Бұл өз кезегінде отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу және болдырмауды көздейді. Отбасындағы зорлық-зомбылыққа көз жұма қараудың салдары, орны толмас өкініштерге ұласып жатқаны жасырын емес. Сондықтан да Президент көтерген бұл мәселе жапа шеккен азаматтардың құқығын қорғау үшін қабылданған оң шешім деп ойлаймын.