ҚҰРМАНҒАЗЫ АГРАРЛЫ-ТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНДЕ ОСЫНДАЙ ТАҚЫРЫППЕН «ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАР ЖЫЛЫ» АЯСЫНДА «ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ» ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ. ОҒАН ҚҰРМАНҒАЗЫ АУДАНДЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ ЕРЖАН ҒАЙНЕТОВ, ОРЫНБАСАРЫ РУСЛАН САУМЕНОВ, «АЛҒАЯЗ» ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ ОРАЗҒАЛИ АЛҒАЯЗОВ, «ДАНИЯЛ» ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ БОЛАТБЕК ДӘРЕЛОВ, АТА-АНАЛАР, ҰСТАЗДАР, СТУДЕНТТЕР ҚАТЫСТЫ.
Өз ісінің нағыз маманы атану екінің бірінің еншісіне бұйырмаған. Қандай мамандық болмасын оның өзіндік талаптары болады. Шараның мақсаты – сол талаптармен студенттерді таныстыра отырып, олардың колледжден алған білімімен өзіне қажетті мамандықты анықтауына және оған кәсіби жағынан бейімделуіне ықпал ету, бағыт- бағдар беріп, еңбекке деген құлшынысы мен қызығушылығын, жауапкершілігін арттыру.
«Дөңгелек үстелде» Құрманғазы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ержан Ғайнетов «Жұмысшы мамандықтар жылына қатысты қысқаша түсінік берді. Қойылған сұрақтарға орай «Алғаяз» шаруа қожалығының басшысы Оразғали Алғаязов ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, фермерліктің пайдасы мен қиындығы, кәсіпкерлік пен шаруашылық ұғымдарының айырмашылығы жайлы айтты. Ауданымыздағы белді «Даниял» шаруа қожалығының жетекшісі Болатбек Дәрелов туралы видеоролик көрсетіліп, «Механизатор болудың қиындығы неде?» деген сұрақ қойылып, әңгімеге тартылды. 1996 - 2000 жылдар аралығында №3 Құрманғазы кәсіптік-техникалық лицейде техник-механик мамандығын алып шыққан колледж түлегі, жеке кәсіпкер «Абдулов» көлік жөндеу орталығының басшысы Бауыржан Абдоловтың жұмыс орнынан үзінді назарға ұсынылды. Келесі кезекте аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Руслан Сауменов жұмысшы мамандықтар жылындағы республикамыз бойынша оң өзгерістерді атап өтті.
Аталған «дөңгелек үстел» барысында студенттер өздерінің болашақтарына қажетті ақпараттар алып, жұмысшы мамандығының тиімділігі жайлы ой түйіндеп, барлық жетістікке еңбек арқылы жетуге болатынына көздері жетті. Агроколледж директоры Болатбек Өтегенов қатысушыларға ризашылығын білдіріп, шараны қорытындылады.
Айнагүл ШАКУПОВА