Әлеуметтік саладағы іс-шаралар шеңберінде облыста медициналық-әлеуметтік мекемелерді салу және қайта жаңарту жоспарда, деп хабарлайды AtyrauPress.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Альфия Төлегариеваның айтуынша, Атырау облысында "Атырау қаласында оңалту орталығының құрылысы" және "Жылыой ауданы Құлсары қаласында №2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының ғимаратын қайта жаңарту" жобалары іске асырылуда.
Жылыой ауданының Құлсары қаласында № 2 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының ғимараты қайта жаңартылды. Жоба жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылды. Бұл нысанды қайта жаңғырту 2022 жылы басталды, қазіргі уақытта ғимаратты жөндеу жұмыстары аяқталды және жаңартылған орталық пайдалануға дайын.
- Бұл орталық психоневрологиялық аурулары бар 18 жастан асқан мүгедектер үшін қажет. Жеке қажеттіліктерін ескере отырып, оларға жеке дамуын, әлеуметтенуі мен интеграциясын арттыруға, сондай-ақ сауықтыру және әлеуметтік-оңалту іс-шараларын жүргізуге бағытталған қажетті әлеуметтік қызметтер ұсынылатын болады. Орталықта мүгедектігі бар адамдардың жасын және денсаулық жағдайын ескере отырып, үй жағдайына барынша жақын жағдай жасауға тырыстық, - дейді Альфия Төлегариева.
Келесі жылдың сәуір айында Атырауда, Алмалы ауылында мүгедек балалар мен ересектерге арналған 150 орындық заманауи оңалту орталығын ашу жоспарлануда. Құрылыс-монтаж жұмыстарын "Батысалянсстрой" ЖШС мердігерлік компаниясы орындайды. Жұмыс өткен жылы басталды.
Жоба республикалық және жергілікті бюджеттер қаражатына іске асырылуда. Ғимаратта сауықтыру жүзу бассейні, спорт және конференц-зал қарастырылған. Сондай-ақ, тамақ ішуге арналған орын бар. Сонымен қатар, дәрігерлік кабинеттер мен дене шынықтыруға арналған оңалту залы болады. Оңалту іс – шараларын жүргізу үшін ғимарат үш аймаққа бөлінген-медициналық, әлеуметтік және психологиялық. Кешенде тұз шахтасы, ингаляция аймағы, физиологиялық және механикалық әсер етуге арналған жабдық арналған бөлмелер және. болады. Ағашпен жұмыс жасау, сурет салу бойынша үйірмелер де ашылады деп көзделуде.
Орталықтың аумағы 5 гектарды құрайды, онда жалпы ауданы он мың шаршы метрден асатын бес бөлек ғимарат орналасқан. Нысанда жедел жәрдем көліктеріне арналған автотұрақ және автомобильдерді жөндеуге арналған орын қарастырылған. Оңалту орталығының тағы бір ерекшелігі көкөніс өсіруге арналған жылыжай болады.
- Облыста 16 жылдан бері 55 орындық бір оңалту орталығы жұмыс істейді, ол жыл сайын 1200-ден астам мүгедекке қызмет көрсетеді. Бірақ орын тапшылығы мәселесі өзекті болып қала береді. Сондықтан, Алмалы оңалту орталығы мүгедектігі бар адамдардың мәселесін шешуге уәде береді. Атырауда жаңа оңалту орталығы ашылғаннан кейін мүгедек адамдарға, оның ішінде балаларға олардың жеке қажеттіліктерін ескере отырып, қосымша әлеуметтік қызметтер көрсету мүмкіндігі пайда болады, - деді Альфия Төлегариева.
Жанат Шаяхметова