Жыл қорытындысы: Атырауда мыңға жуық киберқылмыс ашылды

Жеке басымызға қатысты дербес деректердің қоры бүгінде кез-келген адамға қолжетімді болып тұр. Жо-жоқ, әзіл емес, ащы шындық. Ал, оны «алтын басты» алаяқтар ұтымды пайдаланып келеді. Біз етек-жеңімізді жинап, қауіпсіздігімізді қатырамыз деп жүргенде кибералаяқтар айласын асырып, бір қадам алға кетіп қалыпты, деп хабарлайды AtyrauPress

Алаяқтар айылын жияр емес

Облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулеттің айтуына қарағанда, жыл басынан бері облыста интернет-алаяқтықтың 836 (өткен жылы – 623) жағдайы тіркелген.

Осы жылы криминалдық полиция басқармасы мен қалалық әкімшілік қызметкерлерінің бірлескен іс-қимылдары, соның ішінде медиа тақталарға, LED-экрандар мен билбордтарға ақпараттық материалдарды орналастыру, сондай-ақ оқу орындары мен медициналық мекемелерде профилактикалық іс-шаралар өткізу жоспарланған. Сонымен қатар, Facebook және цалдын алу мақсатында криминалдық полиция басқармасының «К» тобының ресми парақшалары ашылды.

Сондай-ақ, Атырау мұнай өңдеу зауытының, «Атырау-Жарық» компаниясының жұмысшы-қызметкерлері, Жамбыл және Еркінқала сияқты ауылдық округтердің тұрғындары арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Полиция «Kcell» компаниясымен бірлесіп «Алтел» және «Теле 2» абоненттеріне интернет-алаяқтық туралы ескертілген SMS-хабарламалар жіберді. Халықтың қаржылық қауіпсіздігін арттыру үшін облыстық полиция департаменті облыс әкімдігі жанындағы цифрландыру орталығымен интернет-алаяқтықтың бірлескен профилактикасына бағытталған меморандум жасасты, бұл болашақта өз нәтижесін береді, — дейді Мейірім Ердәулет.

Оның айтуынша, алаяқтық қылмыстарды ашу оңай емес көрінеді. Өйткені, қылмыскерлер оларды тіркеу кезінде де, ақша алу кезінде де деректерді жасыратын ақпараттық технологияларды қолдана отырып жасайды екен.

Ақпараттық технологиялардың дамуымен және оларды қолдану аясының кеңеюімен алаяқтықтың жаңа түрлері, соның ішінде интернет алаяқтықтар пайда болуда, олардың саны жыл сайын артып келеді. Интернет алаяқтықтың бір ерекшелігі – қылмыскерлер тек Қазақстанда ғана емес, одан тыс жерлерде де болуы мүмкін. Яғни, қылмыстың бұл түрі халықаралық сипатқа ие. Мәселен, бір қылмыстық істе қаскүнем басқа өңірде, кейде тіпті басқа мемлекетте жүруі мүмкін. Сол себепті қылмыстың бұл түрін ашуға бірталай уақыт жұмсауға тура келеді.

Қармануға мүмкіндік бола бермейді

Айтпақшы, уақыт талабынан олар да қалыс қалмауда. Алаяқтар өздерін екінші деңгейдегі банктердің, МҚҰ қызметкерлері ретінде таныстыруы мүмкін. Көп жағдайда олар ірі және танымал қаржы ұйымдарының атаулары мен логотиптерін пайдаланады.

Адамнан айла артылған ба, алаяқтар алдаудың басқа схемаларын да ойлап тауып үлгеріп жатыр. Олар клиенттерге белгісіз, дәлірек айтқанда, ойластырылған қаржылық құрылымдардың атынан байланысқа шығады. Бұл «елес кредиторлар» деп аталады. ТМД елдерінде алаяқтықтың бұл түрі алқымнан алған пандемия кезінде кеңінен таралып, «көтере алмасаң, қоса арқаланың» кебін жасапты. «Елес кредитордың» интернетте өзінің жеке, оның ішінде фишинг парағы бар. Кейде жалған сайтта ұйымның байланыс деректері көрсетілуі мүмкін, сертификаттар мен лицензиялар орналастырылуы, ал веб-парақтың дизайны көрнекі грамматикалық қателіктерсіз және өте сапалы жасалуы мүмкін. «Қырық айлаларынан» қармануға мүмкіндік болмай қалатын жағдайлар көп.

Оңай олжа – қақпанда ғана

Оңай олжаға гүмп етемін деп опық жегендер жетіп жатыр. Тіпті жеңіл жолмен жарты күнде байып шыққысы келетіндер бар. Алаяқтардың қақпанына түсетіндер де осы лудомандар. Көп жағдайда қақпанға «тиімді» несие, шұғыл және оңай қарызға ақша іздейтіндер түседі екен. Олар «жеңілдікті онлайн-несиелерді», «төмен пайыздық мөлшерлемемен микроқарыздарды», «артық төлемсіз адал несиелерді» ресімдеу бойынша қызметтерді ұсынады. Олар үшін қарыз алушының несиелік тарихы нашар ма, оның табыс деңгейі қандай, ол ресми түрде жұмысқа орналасқан ба, оның зейнетақы аударымдары бар ма, маңызды емес.

Ол ол ма, «қара кредиторлар» қарыз алушының жеке кредиттік есебіндегі ақпаратты одан клиенттің қалауымен ақы төлеу мерзімін кешіктіру және басқа кемшіліктер туралы ақпаратты шамалы ғана төлем үшін тазартуды ұсына алады. Ол үшін алаяқтар төлем картасының деректемелермен қоса өз құрбанының конфиденциалды деректерін сұратады. Қарыз алушылардың бейхабарлығын пайдалана отырып, алаяқтар несиелік тарихтың бар болғаны 5 жыл сақталатынын және осы мерзімнен бұрын барлық қарыздар автоматты түрде жойылатынын айтып сендіреді. Қажетті мәліметтерді алып, алаяқтар барлық банктік шоттарға қол жеткізе алады және онлайн-банкингтің көмегімен өздерінің «клиентіне» ірі несиелер ресімдейді.

«Сақтансаң, сақтармын» дегендей, мамандар несиелік тарихты үнемі тексеріп отыруға кеңес береді. Сонда ғана алаяқтық туралы біліп, жедел әрекет етуге болады.

«Алтынбастардан» айла артылмайды

Кредиттік алаяқтарды қалай әшкерелеуге болады, мұндай «алтын бастар» тағы қандай схемаларды қолданады? Алаяқтардың арбауына түсіп қалмау үшін не істеу қажет?

Жалпы, нарықтық экономикаға бағытталған ел болғандықтан, қаржылық сауаттылықты меңгеру қажет болар. Өйткені, ай бойына қарызға батып, айлық алған кезде қалтаны қағып, берешек беріп «жарыса» жүріп, қарап отырмай, бірден байып кетудің жолдарын да іздейтініміз бар. Оның үстіне жеңіл жолмен, саусақтың ұшын да қимылдатпай, байлардың тізіміне қосылғымыз келетінін қайтерсің… Сөйтіп жүріп, алаяқтардың арбауына, қаржы пирамидаларының құрығына іліне қоямыз. Заманауи қаржы пирамидалары күмәнді талаптармен жоғары табысты инвестициялық онлайн-жобалардың атын жамылуы мүмкін. Мұндай қаржы пирамидаларының қолданыс циклі қысқа – бірнеше айға дейін жұмыс жасайды және олар жаңа қатысушыларды өзімен бірге әкелуге шақырмайды. Бұл олардың классикалық пирамидалардан айырмашылығы.

Мысалы, желіде сізді «жоғары табыс таба аласыз» деп сендіре отырып, қандай да бір жобаны инвестициялауды сұрайды. Алайда, бірнеше қатысушыдан қаражат жинағаннан кейін ұйымдастырушылар жобаны жауып, жоқ болып кетеді. Қаскүнемдер алданған адамдар аз ғана ақша қаражаты үшін құқық қорғау органдарына жүгінбейді деп санайды. Көбіне солардың ойлағанындай болып шығады, сондықтан пирамида жасаушылар жаңа жобаны сол схема бойынша қайта, бірақ басқа атаумен ашады, осылайша айналып жүре береді.

Мұндай қаржы пирамидаларын қолдау үшін үнемі ақша қаражатының түсімі қажет. Ақшаның келіп түсуі тоқтаған кезде, пирамида жұмысын тоқтатады. Тек алаяқтар ғана инвестициядан кіріс алуға кепілдік бере алады.

Ойын да опық жегізеді

Нағыз төніп тұрған қауіп – мобильді немесе компьютерлік ойындар сатып алу кезіндегі қаржылық алаяқтық. Көптеген онлайн-ойындарда пайдаланушыларға керек-жарақ, ең жоғары деңгейге дейтін жету немесе қандай да бір жаңа локацияларды бұзу үшін бонустар сатып алу ұсынылады. Әрине, бұл – жеңілдікпен кез-келген ойындарды сатып алуға немесе ақылы ойынды төмен бағамен жарнамасыз сатып алуға қызықтыратын ұсыныс. Алайда, мұндай сауданың барлығы қауіпсіз деуге болмайды.

Қаскүнемдер осылайша, өздерінің зиянды бағдарламаларын таратады. «Жеңілдікпен» сатып алған ойынымен бірге бала «вирустық» бағдарламаны жүктеп алуы мүмкін. Ол дербес деректерді жинауы, оның ішінде қаскүнемдерге геодеректерді беруі мүмкін. Яғни, алаяқтар сіздің тұратын жеріңізді, жұмыс орныңызды, балаңыз оқитын оқу орны жөнінде, демалатын, уақытыңызды көп өткізетін жер, онлайн-сатып алатын заттарыңыз жөнінде және де көптеген басқа деректерге оңайлықпен қол жеткізе алады. Осылайша, киберқылмыскерлер үшін сізді және балаңызды қызықтыратын және айналысатын істеріңіз жөнінде білу түкке тұрмайды. Ал, кейбір қосымшалар сонымен бірге алаяқтарға пошталық сервистерге, әлеуметтік желілерге кіруге мүмкіндік береді, бұл өте қауіпті, себебі олар сіздің банк картаңыз және шоттарыңыз туралы мәліметтер алулары әбден мүмкін. «Сақтансаң, сақтармын» дегендей, ұл-қызымыздың ғана емес, өзіміз де интернет дүкендерге «шоппинг» жасаймын деп шырмауыққа шырмалып, шарасыз қалмайық.

Рита ЖАЙҒАЛИҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT