Елімізді жаудан қорғау жолында жанқиярлық ерлік көрсеткен майдангерлер туралы сөз қозғалса, менің көз алдыма кеудесі орден-медальға толы, бір қарағанда қабағы қатулы көрінгенімен жүрегінен мейірім шуағы төгіліп тұратын майдангер-ұстаз Жолмұхан Әбдіровтың асыл бейнесі келеді. Ол біз білім нәрімен сусындаған қазіргі №9 (Қызылқоға ауданы, Сағыз ауылдық округіне қарасты) орта мектепке қарама-қарсы үйде тұрды.
Бойын кәнігі сарбаздардай тік ұстайтын, қолына ұстаған таяғымен сәл демегені болмаса, жүрісі ширақ, киген киімі өзіне құйып қойғандай жарасымды, әрбір сөзін қадап-қадап нық сөйлейтін абыз ақсақал мектептің салтанатты шараларына арнайы қонаққа шақырылып, жас ұрпаққа ұлағаты мол әңгімелерінен сыр шертетін. Аталмыш мектепте бірге қызмет еткен майдандас әріптестері Сағын Қасымов, Сәрсен Тайшыбаев, Қуаныш Оразов, Кетебай Шоқпаров және тағы да басқа ұлағат иелерімен әзіл-қалжыңдарын жарастырып, тағылымы зор әңгімелерін ортаға салып отыратын. Сталинградты қорғаған Осынау абыз ақсақал жастайынан жетімдіктің кермек дәмін татып, майдан даласында от кешті. 1941 жылдың тамыз айында әскер қатарына алынып, Сталинград майданындағы ұрыстарға қатынасты.
№21 Армиясына қарасты 226 атқыштар дивизиясының барлаушылар ротасында болып, 1942 жылы Котельниковский теміржол бекеті түбіндегі шайқаста көрсеткен ерлігі үшін «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалымен наградталады. Сталинград шайқасындағы жеңістен кейін, 95 гвардиялық атқыштар дивизиясына ауысып Белградты азат етуге атсалысады. 1945 жылдың қысында аяғынан ауыр жарақат алған ол елге оралған соң қырық жылға жуық Қызылқоға және Мақат аудандарының мектептерінде ұстаздық етті. Соның ішінде 1954-1986 жылдары №9 орта мектебінде сабақ берді. Сөйтіп, өзгенің бақытын аялап, өз уақытын аямаған ұстаз талай шәкіртті білім нәрімен сусындатып, қияға қанат қақтырып, майданда көрсеткен ерліктері және бейбіт өмірдегі еселі еңбегі үшін І, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Сталинградты қорғағаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Жеңістің 20, 25, 30, 40, 50 жылдығы», «Қаз КСР-на 50 жыл», «Еңбек ардагері» медальдарымен, бірнеше Құрмет грамотамен марапатталады. Осы орайда, қанды көйлек досы, әріптесі Кетебай Шоқпаров «Ұстаз ұлағаты» (авторы Бағила Жолмұханқызы) атты кітабындағы «Адал да қарапайым Жөкең еді...» деген мақаласында:
«Мен, Жолмұханмен балалар үйінде бірге өстім. Ата-анадан айырылған балалар өмірі, тіршілігінің қиын да ауыр күндерін, балалықтың балғын шағының қызықты күндерін армандаумен бірге өткіздік. Ұлы Отан соғысы килігіп өміріміз қиямет қайым кезеңді бастан кешірдік. Алланың кең пейіл, мейірбандығымен сан рет жау шабуылынан сыз окоптағы арпалысқан күндерді артқа тастап, елге жараланып оралдық. Менің қанды көйлек досым Жөкең екеуміз Қарақияқтының (қазіргі №9 орта мектеп Б.С.) теміржол мектебінде бастауыш сыныптарға сабақ беріп, балаларымызды қатар өсірдік. Отбасымызбен араластық. Балалар үйінің ауыр күндерін басынан кешкен Жамиев Қадір замандасымыз да Сағызда тұрды. Ұстаз болу қасиетті мамандық болғандықтан біздер үшін шәкірттеріміздің жеткен биігіне, кездесуге келіп біздің алдымызға келетін шақтары бізді үнемі мақтанышқа бөлейтін» деп еске алса, бастауыш сыныпта әліппенің қыр-сырына қаныққан шәкірттерінің бірі Хайролла Басшиев (ол да сонда): «Әрбір оқушының өз жүрегіне жақын сүйікті ұстазы болады ғой. Менің сүйікті ұстазым, бүкіл саналы ғұмырын болашақ ұрпаққа арнаған, білім мен тәрбие жолына сарп еткен Жолмұхан ағай болды. Ол шәкірттеріне аса мейірімді, сөзіне берік, адал да қарапайым, шыншыл мінезді, еңбекқор ұстаздардың бірі, ұстаздардың ұстазы, тәлімгері болды. Ағай бізге бастауыш сыныпта төрт жыл сабақ берді. Жұмсақ та қоңыр үнімен бізге сабақ түсіндіретін. Біздер, балалар, Баянет, Алмас, Халел, Гүлнафис, Нұржамалдар болып жақсы оқыдық, тапсырманы мүлтіксіз орындағанда ағай өте риза болып қалатын. Ал, кейде кешігіп келсек, немесе тентек болсақ ағай ұрсып алып, артынан бізді мейірбандықпен басымыздан сыйпайтын жылы жүзі менің жүрегімде әлі сезіледі. Ағйдың кейіннен ұл-қыздары жолын жалғастырды. Жоғарғы сыныпта Бағила, Сәния апайлар орыс тілі, тарих пәндерінен сабақ беріп, Бағила сынып жетекшіміз болып, мектеп бітіртті. Біздің сынып 2007 жылы 30 жылдық кездесуге келдік. Жолмұхан ағайдың ұстаздық өмірінде шәкірттері көп болса да, барлығына бірдей қарайтын.» деп жазады.
Осыдан-ақ, Жолмұхан ұстаздың шәкірттеріне білім нәрін сусындатуда сіңірген еселі еңбегін көруге болады. Әке жолын қуған ұрпақ «Адам ұрпағымен мың жасайды» дейді халқымыз. Осы тұрғыдан алғанда, кейіпкеріміз жапырағын жайған бәйтерек десе болғандай. Себебі, ол өмірлік серігі Рахима Балабайқызы екеуі тоғыз бала тәрбиелеп өсіріп, олардан немере-жиен сүйген ардақты ата. Ұл-қыздары әкенің салып кеткен сара жолымен жүріп, білім саласында қалтқысыз қызмет етіп, білікті ұстаздар атанды. Оны Қазақстан Республикасы Ағарту ісінің үздігі, ұлағатты ұстаз Қазина Иірмағанбетованың (Бағила Жолмұханова «Қарақиятының тұңғыш білім ордасы» атты кітабы, «Атырау-Ақпарат», 2018): «Мен, әсіресе, үлгі тұтқан ұстаз ағайым Жолмұхан ағаның берген білімі мен тәрбиесін мақтаныш тұтатынмын, үнемі іс-тәжірибесін үйренуге ұмтыла жүріп, ағайдың кеңесін алатынмын. Ұстаз жолын жалғар ағайдың ұрпағы Бағила, Сәния, Жәния, Балмұхан сияқты ұстаздар тәрбиелеп өсіргенін мақтан ететін едік» деген естелігі айғақтай түседі. Ендеше, әкенің өрісті өнегесін жалғастырған ұл-қыздарының өмір жолдары мен жетістіктеріне тоқтала кетсек артық болмас.
Білікті басшы Бағила апай 1948 жылдың 16 қаңтарында қазіргі Мұқыр ауылдық округінде дүниеге келіп, «Атадан бала туса игі, ата жолын қуса игі» деген қағиданы басты ұстаным еткен Жолмұхан ұстаздың тұла бойы тұңғышы Бағила апай ұзақ жыл әкесі мұғалім болған қазіргі №9 орта мектепте білім нәрімен сусындап, оны 1965 жылы бітіргеннен кейін арман қуып Гурьев педагогикалық институтының тарих-филология факультетіне оқуға түседі де оны 1969 жылы тәмамдайды. Еңбек жолын Атырау қаласындағы №499 орта мектепте бастаған жас ұстаз екі жыл сонда қызмет етіп, 1971 жылы әкенің ізгі жолын жалғастыру мақсатында өзі түлеп ұшқан алтын ұясына мұғалім болып оралады. Сол мектепте шәкірттеріне тарих пәнінен сабақ берген Бағила апай 1985-2001 жылдары білікті басшы Қойыс Аққұловтан кейін №9 орта мектеп директоры болды. Осы ретте, Қазақстан Республикасы Ағарту ісінің үздігі, ұлағатты ұстаз Жамиға Әшірованың: «Мен апаймен 30 жыл жұмыстас, іш тартар апа, ақыл айтар дос, ішкі сырымды бөлісер жанашыр болдым. Апайдың қара қылды қақ жара жұмыс істеу үлгісі, турашылдығы, шыншылдығы мен сыншылдығынан үлгі алдым. Апай жұмыс барысында өте қатал болды. Орынды талап қоя білді. Оқу жылының басы мен аяғында мұғалімдердің, сынып жетекшілерінің мектепті келесі оқу жылына дайындау сапасын жіті бақылап, өз қолынан қабылдап жүрді. Кабинеттердің жылылығын, шәкірттердің денсаулығын үнемі назарда ұстады. Талай қиын-қыстау кездерде мектептің қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз етті. Әр мұғалімнің жағдайымен үнемі санасып, кемшіліктерді сынап, жақсылығың мен жетістіктеріңді көрсете білді, қиын-қыстау шақта ешкіммен тайталаспай, өзінің сөзін, ойын айтты. Осындай тынымсыз еңбектерінің арқасында №490 (қазіргі №9) орта мектебі республика деңгейінде, «Қазақстан теміржолына» қарасты мектептердің ішінен үлкен көрсеткіштерге жетіп жүрді. Мектеп кадрлары үнемі өз білімдерін заман талабына сай көтеріп отырды. Шәкірттер түрлі олимпиада, өнер жарыстарында жеңімпаз атанды» деген парасатты пікірінің жаны бар.
Осылайша, білім беру саласын дамытуға зор үлес қосқан Бағила апай еселі еңбегі үшін «Еңбек ардагері» медалімен, «Қазақстан Республикасы Ағарту ісінің үздігі» төс белгісімен, түрлі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың Құрмет грамотасы, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Атырау облыстық мұғалімдер, Қызылқоға ауданы энциклопедиялары және басқа кітаптарға есімі мен өміржолдары енгізілді. Республикалық газет-журналдарда көптеген ғылыми-танымдық еңбегі жарияланды. «Үздік педагог-зерттеуші» дипломын иеленген тәжірибелі ұстаз 2014 жылы «Жыл маманы» атанып, «Ыбырай Алтынсарин» медалін кеудесін жарқырата тақты. Өзі білім алып, қалтқысыз қызмет еткен мектебі мен туған ауылының тарихын түгендеуге белсене атсалысқан ол «Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы» атанды. Өрісті өнегесі мол «Ұстаз ұлағаты», «Қарақияқтының тұңғыш білім ордасы» кітаптарын жазып шығып, қалың оқырманның жүрегінен жол таба білді.
- Әкем мен анашымның тұңғышы болған соң болар мен үнемі артымдағы бауырларымды қанаттандыруға көп еңбектендім. Әкеме қол ұшын беру үшін қаладағы мектепте ұстаз болсам да, ауылға оралуыма тура келді де, барлық өмірім Сағыз топырағында өтіп келеді. Оған өкінбеймін, абыройсыз болғаным жоқ. Мамандығы – инженер, ұзақ жыл қазіргі Қызылқоға аграрлы-техникалық колледжінде оқытушы, директордың орынбасары болған, «Кәсіптік білім беру жүйесінің үздігі» белгісінің иегері Жолдығалимен отбасын құрдық. Екеуміз үш бала тәрбиелеп өсіріп, немере сүйдік. Олар да ер жетті, - дейді Бағила апай ағынан жарыла.
Ата-анамның тәрбиесі «Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба солай жүреді» деген емес пе?! Әке-шешесінің тәлімді тәрбиесіне қанығып, Бағила апасының жолын жалғастырған Сәния (1949 жылдың 16 қыркүйегінде туған) Гурьев педагогикалық институтын бітірген соң өзі орта білім алған қазіргі №9 орта мектепте зейнеткерлік демалысқа шыққанша орыс тілі пәнінен сабақ берді, «Қазақстан Республикасы Ағарту ісінің үздігі» төс белгісінің иегері. Одан кейінгі сіңлісі Жәния (1951 жылдың 24 желтоқсанында туған) Гурьев педагогикалық училищесі мен педагогикалық институтын бітірген. Ұзақ жыл Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, Каменный, Ақтау қалаларында, №21 орта мектептерінде мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры, «Цептор» коммерциялық фирмасының менеджері қызметтерін атқарған. Қазақстан Республикасы Ағарту ісінің үздігі. Ал, асқар таудай әкесінің өнгесін өрісті етіп, алдыңғы буын апаларының ізгі жолын жалғаған Балмұхан (музыка, әскери дайындық пәндерінің мұғалімі), Ханафия (математика пәнінің мұғалімі), Нұрзила (физика пәнінің мұғалімі), Жансаялар (қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі) мен Балмұханның өмірлік серігі Жұпар жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, ұлағат нұрын себе білді. Бұған қоса, Жолмұхан ұстаздың қос ұлы Нұрмұхан мен Мұқанның да әлгінде айтқан №9 орта мектебінің шаруашылығын өрістетуде еселі еңбек сіңіргенін айта кеткен жөн.
- Өз баласынан өзгенің баласын жоғары қоятын бір мамандық иесі болса, ол тек ұстаздың ғана қолынан келетінін, оның қадір-қасиетін атам Жолмұхан мен одан өрбіген апаларымнан, әке-шешемнен көріп, сезіп өстім. Себебі, олар балаларының бағаларын сұрамаса да, өз оқушыларының бағасы мен тәрбиесіне аса мән беретін еді. Бұл да бір мұғалімнің өз ісіне, ұстаздық жолындағы шәкірттеріне, мамандығына деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік екенін аңғаруға болады. 1959 жылдың 18 ақпанында дүниеге келген әкем Балмұхан орта мектепті бітіргеннен кейін еңбек жолын Маңғыстау облысының «Каменный» орта мектебінде саз пәнінің мұғалімі болудан бастап, Шымкенттегі Әл-Фараби атындағы өнер институтын тәмамдап, өзінің бала кездегі ұстазы Аманбай Өміров атындағы балалар саз мектебінің мұғалімі, 1984-1995 жылдары директоры болды. Әкемді музыка саласына еңбегі сіңген азамат, домбырашы ретінде ел біледі. Ол бармағынан бал тамған майталман домбырашы болуымен бірге, домбыраны өз қолымен жасап, қандай затты да үйлестіре білетін қолы шебер жан еді. №9 орта мектепте талапқа сай дайындалған кабинеті бар. Өзінің саналы ғұмырын жас ұрпақты тәрбиелеуге, домбыраның сырын, қағысын үйретуге арнауымен қатар, 1995-1998 жылдары алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі болды. Әскери-патриоттық тәрбие ісінің меңгерушісі болып еңбек етті. Өкініштісі, әкем 40 жасқа толар шағында дүниеден озды. Алайда, артында өшпестей із қалды. Ал, 1957 жылдың 13 қазанында өмірге келген анам Жұпар Мыңбайқызы орта мектепті бітірген соң 1980 жылы Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық (ЖенПИ) университетінде жоғары білім алды. Кенбай орта мектебінде тарих пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын бастап, кейін №9 орта мектепте тарих және география пәндерінен сабақ беріп, білімді ұрпақ тәрбиеледі. Тарих пәнінен сабақ берумен қатар, оқушыларын аудандық, облыстық, республикалық олимпиадаларға дайындады. Шәкірттері Сержан Ермеков пен Қайырбай Кемаловтың жүлделі орындарды иеленуіне ықпал етіп, мектептің беделін арттыруға өз үлесін қосты. Білім саласындағы еңбектері еленіп, бірнеше Алғыс хат, Құрмет грамотамен және «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Әкеміз өмірден ерте кеткендіктен, үш қызы мен ұлын тәрбиелеп, тура жолмен жүруді санамызға сіңірді. Балаларын жетілдіріп, жеткізуге ұмтылғанымен анамыздың да ғұмыры қысқа болды. Ол 2001 жылдың 19 желтоқсанында өмірден озды. Бірақ, артында тағылымды істері қалды. Бүгінде әке-шешеміз бойымызға сіңіріп кеткен өрісті өнеге арқылы ер жетіп, бізде бір-бір шаңырақтың иесі болып, ұл-қыз өсіріп отырмыз. Осының барлығы ең әуелі Жолмұхан атам жаққан шамшырақ, одан кейінгі әке-шешеміздің тәлімді тәрбиесі екендігі сөзсіз, - дейді сыныптас, әрі группаласымыз Гүлжанат Балмұханқызы.
Сайып келгенде, елін жаудан қорғау жолында жанқиярлық ерлік көрсетіп, бейбіт өмірде білімнің шамшырағын жаққан Жолмұхан ұстаздың ұлағатты істері ұрпақтан ұрпаққа жалғасын тауып, тағылымы мол ізгілікке ұласа беретіні анық.
Бауыржан СИСЕНОВ