Жол жұмысы жауапкершілік жүктейді

Мемлекет басшысы биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар» жылы деп жариялады. Бұл қарапайым еңбек адамына көрсетілген үлкен құрметтің белгісі. 

Күн суытып, көкмұздақ тұрса жол бойында қолдарына күрек, қайла алып оған топырақ, тұз шашып желдің өтінде, шақырайған жаз күнінің аптап ыстығында  асфальт үстін жиналған топырақтан арылтып, ойылған жерлерін бітеп жүретін жолшы жұмысшыларды көреміз. Олар жолға жөндеу жұмыстарын жүргізеді  – шұңқырларды, жарықтарды, жабынның түсуін жояды. Жүріс бөлігіне белгі қояды, жаяу жүргіншілер өткелдерін, қозғалыс  бағыттарын  үйлестіреді. Жыл бойы жолдарды күтіп ұстауды қамтамасыз етеді – жабындысын  кірден және қардан тазартады, көктайғаққа қарсы материалдармен өңдейді, судан арылтады. Жолды жайластыру элементтерінің сақталуын қадағалайды, зақымдалған учаскелерді уақтылы жөндейді. Әрине,  жолшы болу оңай емес. Қысы-жазы жол үстінде жүріп  қатынасқа қолайлы жағдай туғызу үшін табиғаттың талай сынынан  өту қажет. Сол себепті оған көп адамдар шыдай бермейді. Бұл адамдарға  үлкен жауапкершілік, ұқыптылық пен дәлдік, физикалық төзімділік, әртүрлі ауа-райында жұмыс істеуге дайын болу тән. Себебі, жол қозғалысының барлық қатысушыларының қауіпсіздігі орындалған жұмыстардың сапасына байланысты. Осы жұмыстардың басы-қасында жүрген мекеменің, «Құрманғазы жолдары» ЖШС-нің  басшысы Бәйменов Аслан Ғиззатұлы  еңбектегі алғашқы қадамын қатардағы жолшы болып бастаған қарапайым еңбек адамы. Жұмыстың қыр-сыры, ауданымыздағы жолдардың жағдайы оған етене таныс.Қолынан күрегі түспей, өзіне тапсырылған жұмысты үлкен жауапкершілікпен атақаратын жас жігіт күндердің күнінде  осы мекемеге басшы боларын білмегені анық. Қарапайым жұмысшыдан көтерілгендіктен  қиындық дегеннің не екенін жақсы біледі. Сол себепті қарауындағы қызметкерлеріне қолынан келгенше бар жағдайды жасауға тырысады. Аслан Ғиззатұлының үлкен адамгершілігі, қиындықта қалғандарға көмек қолын созудан  шеттеп қалмайтын  азаматтығы, қайырымдылық шараларынан бас тартпайтыны аудан тұрғындарына жақсы мәлім. Төменде «Құрманғазы жолдары» ЖШС басшысы  Аслан Бәйменовпен шағын сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.

– Аслан Ғиззатұлы өзіңіз, отбасыңыз, жайлы айтып өтсеңіз?

– 2000 жылы осы мекеме құрылғанда жұмысшы болып кірдім. Қазіргі инженеріміз Ербол Құрманов осында шақырған соң тағдырымды «Құрманғазы жолдары» ЖШС-мен байланыстырдым. Соның сілтеуімен, Алланың қалауымен Атыраудағы автомобиль жолдары және аэродромдар институтына  2001 жылы сырттай оқуға түстім. , Сырттай 7 жыл оқып 2007 жылы бітірдім. 2008-ден 2012 жылға дейін бас маман болдым. 2012 жылдан басшысы болып тағайындалдым.  Аудандағы ең жақсы мекемелердің бірі. Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, мемлекеттік қызметтің ардагері белгілі азамат, аудан әкімі қызметін атқарған Аманжан Әділханұлы  Тәкешов осы мекемені құрап, 8 жыл басқарды. Біздің ұстазымыз, мақтан тұтамыз, шәкірті ретінде жұмысын жалғастырып келеміз. Қарауымда 27 адам бар. Жұбайым есепші болып істейді. Бір ұлым, келінім, бір қызым, бір немереміз бар. Ұлым Атырау қаласында, жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Қызым тұрмысқа шықты, Астанада тұрады. Қазір жоғары оқу орнында қазақ тілі мен қазақ әдебиеті мамандығы бойынша оқып жатыр.

  – Мемлекет басшысы еңбек адамын дәріптеуге зор маңыз беріп отыр. Өз қызметіне шынайы берілген  мамандар сіздерде де бар шығар?

– Әрине, еңбек адамы қашанда құрметте. Барлық іс солардың қолымен бітеді ғой. Жұмысшы мамандың қоғам үшін маңызын жоғалтпайды. Соның үстінде жол үстінде жүру оңай емес. «Ат тұяғын тай басады», дегендей, иженеріміз Ербол Құрманов  «Құрметті жолшы» атағының иегері  Әбілхан Құрмановтың баласы. Өз мамандығын жете меңгерген азамат. Жүргізуші Берік Матыбаев, механизатор Нұрлан Мұратов көптен істейтін өте шебер, жұмыстарын адал атқаратын  жігіттер. Қыр бойын жақсы біледі, Азғыр өңіріне  2011 жылдан бастап жүріп келеді. Жұмыстарына сын айтылған емес. Одан басқа алпысқа толып жатқан механик  Ғазиз Шиғаев, жұмысшылар Шынайбек Мамбетов, Сабыржан Абдулхамитовпен осы мекеме құрылғаннан бері 25 жыл бірге жұмыс жасаймыз. Жоғарыда аталған  азаматтар «Сен тұр, мен атайын», деп қазақ айтқандай қандай жұмыс тапсырсаң да «жоқ»  деуді, «қолымнан келмейді» деп айтуды білмейтіндер. Барады, бастайды, бітіреді. Себебі, осында шыңдалған жігіттер.

– Мекеменің материалдық-техникалық базасы қандай жағдайда? Шешімін күткен қандай мәселелер бар?

– Материалдық-техникалық базамызға келсек,техникаларымыз жеткілікті.  2 автогрейдер, 3 тиегіш көлік, 3 «Камаз» автокөлігі, каток, жол шұңқырларын қазатын фрезамыз бар. Қазіргі күні «Құрманғазы жолдары» ЖШС  Бөкейхан ауылының – 13 млн.800 мың, Кудряшов – 3 млн.805 мың, Көптоғай – 5 млн.600 мың, Орлы – 4 млн.700 мың, Еңбекші – 5 млн, Мақаш – 2 млн.500 мың, Сафон – 900 мыңдай, барлығы 36 млн.521 мың теңгеге жуық ішкі жолдарын  күтіп ұстау жұмыстарын атқарып бола келді. Енді бір айлық жұмысымыз қалды. Содан кейін 1 жылға жасалған келісімшартымыз аяқталады. Біз жыл бойы жолды күтіп ұстау жұмыстарымен айналысамыз. Республикалық жолдарды күтіп ұстаумен 2008 жылы құрылған бізге қарасты «Ганюшкин құрылыс» мекемесі айналысады. Басшысы Ербол Құрманов. Мекеме облыстық маңызы бар «Ганюшкин-Приморье-Утера-Котяев» жолының Бірлік пен Бөкейхан ауылының аралығындағы 20 шақырымын күтіп ұстайды. Сосын 182 шақырымдық  7-ші бекет-Қошалақ-Асан-Балқұдық-Сүйіндік  жолын күтіп ұстаумен шұғылданады. Үш жылға келісімшарт жасалды, бір жылы бітті, енді екі жылы бар. «Ганюшкин құрылыста»  Құрманғазы ауылының  60 млн. теңгелік ішкі жұмыстары бар, оның да бөлінген қаржысы біте келді, соңғы 1-2 айы қалды. Ол жол бойының топырағын, қарын шығару, шұңқырларын жамау, тазалау, асфальт бойын сыпыру  жұмыстары. Жолды күтіп ұстау деген – үйді жиі тазалап, сыпырып отыратынымыз сияқты қайталанып тұратын жұмыс қой. Уақытында ақшасын алып, жұмысын атқарып келеміз. Ешқандай мәселе жоқ.

– «Қыс аспанда қыстамайды» демей ме? Табиғаттың  қандай тосын сый әзірлеп қойғаны бізге беймәлім. Оған дайындықтарыңыз қалай?

– Әлбетте, «Қыс ұзын арқан, кең тұсау» деп арқаны кеңге салғанды көтермейді. Төтенше жағдайларға қашанда сақадай сай отыруымыз қажет. Бүгінде 70 тонна көктайғаққа шашатын тұзымыз, 500 тоннадай топырағымыз әзір тұр. Желтоқсан айында тағы да әкелеміз. Ақшасы шешіліп жатыр. 10 тоннадай жағармаймыз дайын. Көшеге топырақ шашатын 4 автокөлігіміз бар. Қысқа барлық техникаларымыз сайма-сай деп айта аламын. Сосын  бізде бар техника қағаз жүзінде емес, іс жүзінде дайын болуы ұдайы назарда ұсталады. Бұл қалыптасқан дағдымыз. Себебі, техникаға сенім жоқ дегендей, бірдеңесі кетіп тұрып қалуы мүмкін. Міне, осындайда, яғни, біреуі бұзылса дайын тұрған екіншісі орнын басады. Екі-екіден әзірлеп қоямыз. Өйткені, қандай жағдайдада жолда кідіріс болмауы тиіс. Жол жұмысы жоғары жауапкершілік жүктейді. Одан шығу біздің міндетіміз. Халық сыншы ғой. Қызметімізге  өз  бағасын бере жатар.

– Әңгімеңізге рахмет! Жұмыстарыңыз жемісті болсын! 

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT