Жолдарды салу мен жөндеуге қажетті ақпараттар бір жерде топтасады. Базада карьер, асфальтбетон зауыттары, жол техникасы мен материалдары туралы деректерді табуға болады. Материалдардың сапасы мен олардың қолданылу саласы туралы мәлімет те көрсетілген. Платформа ірі компаниялар үшін де, шағын және орта бизнес үшін де қолжетімді. Базаның басты артықшылығы – ақпаратқа қолжеткізу жеңіл. Бұл өз кезегінде жобалардың орындалуын тездетуге және олардың сапасын арттыруға көмектеседі.
«ҚазжолҒЗИ» АҚ вице-президенті Ерік Әмірбаевтың айтуынша, болашақта бірыңғай базаны пайдалану міндетті болады. Бұл ақпаратты реттеуге көмектеседі және үдерістерді ашық етеді.
«Платформада ұсынылған барлық деректі институт мамандары тексереді. Енді нарыққа қатысушылар ақпарат алу үшін делдалдарға жүгінудің қажеті жоқ. Ол тікелей платформада қолжетімді. Бұл алаяқтық тәуекелдерін азайтуға және нарықтағы адалдықты арттыруға мүмкіндік береді. Нарықтың кейбір қатысушылары ескі әдістермен жұмыс істеуге дағдыланған, сондықтан жаңа технологияларға сақтықпен қарайды. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, икемділік пен қазіргі жағдайға бейімделуге дайын болу маңызды әрі шешуші рөл атқарады. Біздің құралмен танысқаннан кейін адал кәсіпкерде ешқандай алаңдаушылық болмайды», деді Ерік Әмірбаев.
Платформа жұмысының бірінші жылында «ҚазжолҒЗИ» әзірлеушілері кері байланысқа шығып, нәтижелерді талдауды жоспарлап отыр. Бұл жүйені жақсартуға және оны саланың барлық қатысушысы үшін ыңғайлы әрі тиімді етуге көмектеседі.
Жол саласындағы инновацияны ілгерілетудегі тағы бір тетік – «Көпірлерді пайдалануды басқару жүйесінің» жасалуы. Отандық ғалымдар көпір құрылыстары экспресс-мониторингінің бірегей мобильдік жүйелерін енгізе отырып, инженерлік бақылау саласын дамыта түсуге ниетті. Жаңа технология көпірлерді диагностикалаудың тиімділігін, сапасын және жылдамдығын арттыруда маңызды құрал болмақ.
«Қазір көпір құрылысын зерттеу далалық жұмыстарды да, деректерді камералдық өңдеуді де қамтиды. Бұл жиынтығында бір аптаға жуық уақытты алады. Алайда мобильді мониторинг жүйелерін пайдаланар болсақ, бұл уақыт екі есе қысқарады», дейді «ҚазжолҒЗИ» вице-президенті Нұрлан Смаилов.
Экспресс-мониторинг жүйесі сызықтық қозғалыс, деформация, дірілді үдету, акустикалық эмиссия белсенділігі, сондай-ақ көпір құрылыстарының түйіскен бөліктеріндегі қысымды өлшеуге қабілетті заманауи жоғары технологиялық датчиктер кешенімен жабдықталған. «Жаңа технологияның ерекшелігі – өлшеу жұмыстары тіпті көпір арқылы көлік қозғалысы кезінде де жүргізілуі мүмкін. Бұл өте маңызды. Өйткені құрылымдық элементтердің көптеген ақауы жүктеме кезінде ғана байқалады», дейді «ҚазжолҒЗИ» Көпір құрылысы басқармасының басшысы Қайсар Шалқар.
Мониторингтің мобильді жүйелері енгізілген соң, ықтимал проблемалар жедел анықталып, оларды жою үшін шаралар қабылданады. Бұл сайып келгенде көпір құрылысының қауіпсіздігі мен сенімділігін арттырады. Мамандардың айтуынша, экспресс-мониторинг жүйесінің көмегімен алынатын деректер болашақта институт әзірлеген көпірлерді пайдалануды басқару жүйесіне автоматты түрде тартылады.
«СУЭМ елімізде бар көпір құрылысының 3D-модельдерін және әрбір нысан деректерінің кең жиынтығын сақтайды. Соңғы зерттеу туралы мәлімет, геодезиялық зерттеу нәтижелері, паспорттық дерек, жобалау-сметалық құжаттама, жүргізілген жөндеу бойынша атқарушылық құжаттама және басқа да кешенді тәсіл әрбір көпірдің жай-күйі мен пайдалану тарихын жан-жақты түсінуді қамтамасыз етеді», дейді институттың Сыртқы коммуникациялар қызметінің басшысы Адина Айнаева.