2025 ЖЫЛ «ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАР ЖЫЛЫ» РЕТІНДЕ БЕЛГІЛЕНГЕНІ – ӨТЕ МАҢЫЗДЫ БАСТАМА. БҰЛ – МАМАНДЫҚТАР МЕН ТЕХНИКАЛЫҚ БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫН ДАМЫТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ҮЛКЕН ҚАДАМ. МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ Қ.ТОҚАЕВ «ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАН: ЗАҢ МЕН ТӘРТІП, ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМ, ҚОҒАМДЫҚ ОПТИМИЗМ» АТТЫ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА ЖОЛДАУЫНДА «ЖҰМЫСТЫҢ ЖАМАНЫ ЖОҚ, КЕЗ КЕЛГЕН ЕҢБЕК ҚАДІРЛІ. ЕҢ БАСТЫСЫ, ӘРКІМ ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ ТЕРЕҢ СЕЗІНІП, ӨЗ МІНДЕТІН САПАЛЫ АТҚАРУҒА ТИІС. СОНДА ҒАНА ЕЛІМІЗ ДАМУДЫҢ САРА ЖОЛЫНА ТҮСЕДІ. БІЗ ТҮРЛІ САЛАДАҒЫ МАМАНДАРҒА, ҚАТАРДАҒЫ ЖҰМЫСШЫЛАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТУІМІЗ ҚАЖЕТ. БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ ЭКОНОМИКАСЫ БАР ОЗЫҚ ЕЛ БОЛАМЫЗ ДЕСЕК, ЕҢ АЛДЫМЕН, АДАЛ ЕҢБЕКТІ БАҒАЛАҒАН АБЗАЛ», — ДЕП МӘСЕЛЕГЕ БАСЫМ БАҒЫТ БЕРГЕН БОЛАТЫН.
Еңбек адамының мәртебесін көтеру сан түрлі саланың жұмысына серпін беретіні анық. Нағыз еңбекте шыңдалып, қажыр-қайраты мен қабілетін, білімін ел игілігі жолында жұмсайтын мамандарға деген ел ықыласы қашанда ерекше. Себебі, дастархандағы нан мен дәмді астың дайындалуынан бастап жылы, жарық үйде тұруымыздың өзі – жұмысшы мамандардың еселі еңбегінің нәтижесі. Бір түйір дәннің артында ала жаздай егін еккен диханшының маңдай тері тұрғанын естен шығарып алатынымыз да рас. Ата-бабамыз еңбектің маңызын жете сезініп, өмірден алынған талай мақал-мәтелдерді ұрпақ тәрбиесіне арқау еткен. Оларды балалары мен немерелерінің құлағына құйып, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отырған. Халқымызда «Еңбек – адамның екінші анасы», «Еңбек ерлікке жеткізеді, ерлік елдікке жеткізеді», «Еңбегі аздың – өнбегі аз, еңбегі көптің – өнбегі көп» болып жалғаса беретін дана сөздер бар.
Қазір нағыз еңбек ететін заман келді. Адал термен қоғамда жұмыс істейтін жандардың еңбегі қашанда маңызды. Бейнеттен бел жазбай жүрген осындай еңбек адамдарына айтар алғыс шексіз. Бүгінгі таңда кәсіпкерлікпен айналысқан адамның бағы жанып тұр. Мал бағып, егін еккен жанның адал еңбегі өзін де, елін де асырайды. Әр адам жетістікке, табысқа өзінің адал еңбегімен жете алады. Оны аға буын өкілдерінің еңбекқорлығынан, адал табыспен өз кәсібін ашып, жетістікке жетіп отырғанынан көруге болады. Ерінбеген адамға қашанда екі қолға бір күрек табылады. Қазіргі таңда қоғамда жұмысты талғап, оның жалақысын азсынып, бірден мол табысқа жетуді ойлайтын қате пікір қалыптасқан. Масылдық бойды жаулап, еріншектікке жол береді. Ал, мұндай жалқаулық пен масылдыққа ерік берген адам ешқашан табысқа кенеле алмайтыны анық. «Еңбеккер ұйқыдан ширап тұрады, Еріншек ұйқыдан қирап тұрады» деген керемет мақал осыны айғақтайды. Шынында да, еріншек адамның ұйқысы қанбай, үнемі шаршап тұратыны және өзінен басқаға өкпелеп жүретіні белгілі.
Адал еңбек ету – бәрімізге ортақ міндет. Өкінішке қарай, кейде жұрт, әсіресе, жастар, маңдай терін төгіп жұмыс істегісі келмейді. «Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүргенді жөн көреді. Өйткені, олар «бізде адал еңбек бағаланбайды» деп келте ойлайды. Бұл неліктен?! Өйткені, олар бастықтар мен ауқаттыларға жақын жүретін алаяқтар мен жемқорлардың шалқып өмір сүріп жатқанын көріп отыр. Тіпті соларға қарап бой түзейтін болды. Қоғамда табысқа жетудің төте жолы осы деген қате түсінік орнығып жатқанын, жалпы қоғам масылдықтан арылса, мұндай қате түсінік жойылатынын Президентіміз дөп басып айтты.
Бүгінгі таңда адамдардың бойында масылдық, жалқаулық, еріншектік деген қасиеттер басым. Мемлекет береді, мен таза жерде жақсы айлық жалақы алып отырамын деген пікір бар. Бірақ, бұлай үйде жата беруге болмайды. Керісінше, кішкентай ғана нәрседен үлкен дүниеге қол жеткізуге болатынын ойлау керек. Қазақ халқы қашан да еңбекке аса үлкен мән беріп, бала тәрбиесінде де еңбекқорлықты маңызды санаған. Бұған дәлел ретінде «Еңбек – адамның екінші анасы», «Еңбек мұратқа жеткізер», «Жалқаулық аздырады, еңбек оздырады», - деген мақалдардан еңбектенудің адамдарға қажетті нағыз байлық екендігін аңғаруға болады. Ал еріншектік, жалқаулық жақсы қасиетке жатпайды. Тіпті ұлы дана Абай атамыз да еріншектікті бес дұшпанның біреуі санағанын ұмытпауға тиіспіз. Сол данышпанымыз «Есектің артын жусаң да мал тап» деді емес пе?! Демек, жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек қадірлі. Ең бастысы, қай салада болсын адал еңбек қашан да лайықты бағаланып, табыс пен құрметке жеткізетін қоғам қалыптастыра білсек, ұлт сапасы артып, ел дамуы алға озары хақ.
Айбек НӘЖІМОВ