Негізі біздің экономика әлемдік өлшеммен алғанда соншалықты күрделі емес. Ал мұндай экономика үрдісінде жұмысшы мамандар сұраныста болып отыр. Жалпы, еңбек нарығын жұмысшы мамандарсыз елестету мүмкін емес. Сол себепті біз ұсынған кешенді жоспарда келешекте жұмысшыға сұраныс көбейетінін айттық. Мысалы, болжам бойынша 2030 жылға дейін 1,8 млн жұмыс орнына сұраныс болады. Оның миллионын жұмысшы мамандық құрайды. Мұнда сауда, құрылыс, көлік, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, тау-кен өнеркәсібі сынды салаларға сұраныс артады. Бүгінде елде 7 миллионға жуық адам еңбекпен қамтылған болса, соның 1,7 миллионы – жұмысшы мамандар. Еліміздегі әрбір төртінші адам жұмысшы. Яғни жұмысшыға сұраныс қазірдің өзінде көп. 2030 жылға қарай жұмысшы мамандықтардың ішінде дәнекерлеушіге сұраныс жоғары болады. Сол секілді сантехник, тракторшы, құрылыс-монтаж маманы, өндіріс слесарі, автокөлік слесарі, электрмонтер, тас қалаушы, сылақшы, үйдің қасбетін әрлеушілер, ағаш ұсталары, тау кен маманы, шахтерлер, кран басқаратындар сынды мамандықтарға сұраныс көбейеді.
Тағы бір айта кетер жайт, былтыр министрлік еңбек нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі кешенді жоспарын әзірлегенде талдаулардың көмегімен жұмысшы мәртебесіне селқос қарауға болмайтынын бағамдадық. Сол кезде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болған Тамара Дүйсеноваға осыған қатысты ұсынысымызды айттық. Өйткені, күнделікті тіршілікте айына 1,5 млн теңге табатын кран машинисі мен әкімдікте 200 мың теңгені қанағат тұтатын маман қатар келсе, мемлекеттік қызметкердің мәртебесі бәрібір биік көрінеді. Осы тұрғыда жұмысшылардың мәртебесін арттыру үшін құндылықтарымызды, жұмысшы мамандықтарға деген көзқарасымызды өзгерту керек.
Шалқар Байқұлақов