Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеруге қатысты айтқан бастамасы – ел экономикасының тұрақты дамуына, өндірістік және ауыл шаруашылығы салаларының өркендеуіне үлкен серпін беретін маңызды қадам.
Президенттің 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауы – қоғамда адал еңбекке деген құрметті арттыру, жастарды техникалық және кәсіптік білімге ынталандыру, сондай-ақ жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру мақсатында қабылданған маңызды шешім.
Бүгінде елімізге жоғары білікті жұмысшы мамандар ауадай қажет. Индустрия, құрылыс, ауыл шаруашылығы және басқа да өндірістік салаларда кәсіби шеберлігі жоғары кадрлардың жетіспеушілігі байқалады. Сондықтан мемлекет тарапынан техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалау, жұмысшылардың әлеуметтік мәртебесін көтеру және олардың еңбегін лайықты бағалау бағытында кешенді шаралар қабылдануы өте орынды.
Президенттің «Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі» деген сөзі еңбек адамының маңыздылығын айқындап тұр. Бұл қағида жас ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар беріп, еңбекқорлықты дәріптеуге септігін тигізері сөзсіз.
Еңбек адамының қоғамдағы рөлін арттыру үшін:
Жұмысшы мамандық иелеріне әлеуметтік қолдау мен жеңілдіктер қарастыру;
Жалақыны әділ тағайындап, ынталандыру жүйесін жетілдіру;
Жастар арасында кәсіптік білімнің маңыздылығын насихаттау қажет.
Бұл бастама қоғамдағы еңбек құндылықтарын нығайтып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді деп сенеміз.
Жасулан МОЛДАШЕВ, кім
Аудан тұрғыны