Энергетика саласының ардагері ретінде облыстағы электр желілерін жаңарту бойынша қолға алынып жатқан жұмыстарға көңілім толады. Әсіресе, облыс әкімі Серік Шәпкеновтің бұл бағыттағы жүйелі бастамалары халықтың әл-ауқатын арттыруға және аймақтың инфрақұрылымын жақсартуға бағытталғанын ерекше атап өткім келеді.
Электр желілерінің тозуы – көптен бері өзекті мәселе болып келген еді. Осыған орай “ЭЧ-4” мекемесінің 160,9 шақырым электр желісі жаңартылды. Нәтижесінде 54 мың адам тұрақты энергиямен қамтылып отыр. Сонымен қатар, «Атырау Жарық» АҚ жүзеге асырып жатқан 742 шақырым желіні жөндеу жұмыстары да электр жүйесінің тұрақтылығын арттыру жолындағы ауқымды қадам деп білемін.
Әсіресе, Атырау қаласының тұрғындары үшін «Нұрсая» шағынауданындағы жарық мәселесінің кезең-кезеңімен шешілуі – айрықша қуанышты жаңалық. Бұл ауданға электр желісі алғаш тартылғаннан бері 16 жыл өтсе де, оның жағдайы қиын болған еді. Ескі желілердің заманауи кабельдерге ауыстырылып, апаттық жағдайлардың азаюы – үлкен жетістік. Әрине, бұл жұмыстар қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің тапсырмасымен «Атырау Жарық» АҚ жүзеге асырып жатыр.
Жерасты кабельдерін жаңарту жұмыстарының жалғасып жатқаны да қуантады. “Жұлдыз”, “Жұлдыз-2”, “Жұлдыз-3”, “Водников” шағынаудандарындағы, сондай-ақ Берқайыр Аманшин, Бақтыгерей Құлманов көшелері мен Қаныш Сәтпаев даңғылындағы желілерді ауыстыру жұмыстарының нәтижесінде, бұл аймақтардағы тұрғындар да сапалы электр энергиясына қол жеткізеді деп сенемін. Энергетика саласындағы өзгерістер халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан, атқарылған жұмысты жоғары бағалап, осындай маңызды жобаларды жалғастыру қажеттігін қолдаймын.
Серік ТҰРДАЛИЕВ,
энергетика саласының ардагері