ЖЕҢІС-80: Майданда шыңдалған Мағау

Осыдан 39 жыл бұрын дүние салған Ұлы Отан соғысының ардагері, ұлағатты ұстаз Мағау Шайхиевты Атырау өңірі, соның ішінде Құрманғазы мен Жылыой аудандарында білмейтін жан ауданымызда кемде-кем. Өйткені, ол – артына өшпес із қалдырған дара да дана тұлғалардың бірі, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Мағау Шайхиев 1920 жылы 7 қазанда бұрынғы Теңіз ауданы Тәтерке ауылында дүниеге келген. Әкесі Қазан төңкерісіне дейін колхозда балықшы болған, 1953 жылы ауыр науқастан көз жұмған. Ал, анасы үй шаруасымен айналысқан.

Ол отызыншы жылдары Ганюшкино орта мектебінде білім алып, қырқыншы жылы Гурьев педагогикалық училищесін үздік бітірген. Студент екеніне қарамастан, Атырау қаласындағы Жамбыл атындағы орта мектепте бастауыш сыныптарға сабақ та берген. Одан кейін Орал қаласындағы педагогикалық институтта білімін шыңдайды. Осы кезде Кеңес армиясының қатарына алынып, Отан алдындағы борышын өтейді. Алайда, 1942 жылдың күзінде ауыр жарақат алып, мүгедектігіне байланысты елге оралуына тура келеді.

Бұл уақытта ол шаңырақ көтеріп, отбасын құрады. Ауыл мектептерінде тарих пәнінен сабақ береді. Атап айтқанда, 1942-1945 жылдары Нұржау кеңесінің Панфилов атындағы орта мектепте директор, әрі мұғалім болып қызмет етеді. Осындай қызмет кейін Ленин, Крупская және Сталин атындағы жеті жылдық мектептерде жалғасын табады. Сонымен қатар, ол 1938 жылдан бастап – мұғалімдер одағының, 1945 жылдан – Кеңес одағы коммунистік партиясының мүшесі болды.

Әйтсе де, соғыстан алған жарақаты асқынып, оған «жығылғанға жұдырықтай» болып қант ауруы қосылады. Сөйтіп, ғибратты ғұмыр 1986 жылдың дәл көрісу күнінде шорт үзілді... Әкім Ысқақ айтпақшы, бір ұстаздың орнын екіншісі басар, бірақ, әке-шешенің орны бір бөлек, оларды ешкім алмастыра алмайды. Асылдың тұяғындай болған тұңғыш ұрпағы – Марат Шайхиев та өкінішке қарай қазір бұл өмірде жоқ. Оның артында тек әкесін сағына еске алған бір жапырақ хаты ғана қалған...

Онда: «Мен сұрапыл соғыстың қаны тамып тұрған кезі – 1943 жылы дүниеге келдім. Дәрігерлік институтты ойдағыдай аяқтап, Теңізде орын болмауына байланысты, Ембіге (Қазіргі Жылыой ауданы. Автор.) жолдандым. Күні-түні есепсіз еңбек етуге баулыған әке-шешем қарашаңырақта қалып қоя берді. Өйткені, туған жердің түтінін қиып қиырға кете алмады. Есесіне, менің тұңғышым Әсетті бауырларына басты. Бүгінде ол – еліне елеулі, халқына қалаулы азамат, «Kazenergy» Қазақстан мұнай-газ және энергетикалық компаниялар қауымдастығының бас директоры Әсет Мағауов. Бұған дейін «Теңіз» кәсіпшілігінің Жылыойдағы бөлігін басқарған, еліміздің Энергетика және минералдық ресурстар, сондай-ақ, Мұнай және газ вице-министрі болып қызмет еткен. Осының бәрі де – атасы Мағау берген тәлім-тәрбиенің жемісі» деп жазылған.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT