Бүгін «Сармат» мектеп-лицейінде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы және Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты саптық шеру мен әскери әндер шеруі өтті. Мектеп алаңында жас сарбаздар сап түзеп, өздерінің әндерімен елге, Отанға деген шексіз сүйіспеншіліктерін көрсетті.
«Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының туы алаңға кіргізілді. Ту ұстаған жас сарбаздар Қарулы күштер ардагері, гвардия подполковнигі Жанболат Рсалиевке әскери сәлем беріп, шеру барысы бойынша баяндама жасады. Бұл сәт шын мәнінде мерекелік салтанаттың ең бір маңызды, әрі ерекше сәті болып, барлық қатысушылардың жүрегін тебірентті.
Шерудің қабылдаушысы – «Сармат» мектеп-лицейінің директоры Нұрлан Елеуов. Ол өз сөзінде:
– Құрметті ардагерлер, қымбатты оқушылар, ата-аналар мен қонақтар! Бүгін біз Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс пен Отан қорғаушылар күніне арнап, сап түзеп, біздің халқымыздың ерлігі мен батылдығын ұлықтап отырмыз. Бұл мереке – өткен мен бүгіннің арасындағы алтын көпір, ұрпақтар сабақтастығының белгісі. Біз батырлардың ерлігін әрдайым мақтан тұтамыз, әрқашан жадымызда сақтаймыз. Ал, бүгінгі жас сарбаздар – келешек ел қорғаушылары, тәуелсіздіктің тұғырын нығайтушылар. Сондықтан біз бүгінгі шеру мен әндер арқылы патриоттық сезімді, Отанға деген сүйіспеншілікті, ерлікті өз жүрегімізде мәңгі қалдыруға тырысамыз. Баршаңызды осы мерекемен құттықтай отырып, бейбітшілік, амандық тілеймін! Жеңіс туы мәңгі желбірей берсін! — деп жүрекжарды тілегін білдірді.
Бұл сөздер мектеп ауласында ерекше әсер қалдырды. Құттықтау сөзінен кейін шараның ресми бөлігі басталып, VII сыныптың жас сарбаздары сап түзеп, шеру алаңына шықты. Командир – Арон Даутов және оның соңынан Амангелді Азамат, Жасұлан Айсұлтан сияқты жас сарбаздар нық басып жүріп өтті. Олардың әр қадамы, әр қимылы – Отан алдындағы жауапкершілік пен мақтаныштың белгісі еді.
Келесі кезекте IV ротаның жас сарбаздары алаңға шықты. Командир – Жантөре Жұмалиев, қатарында – Серікқабыл Жанарыс, Амангелді Азамат. Бұл топ саптық жүрісін әскери әндермен ұштастырып, Жеңіс күні мен бейбітшілікке деген шексіз алғысын жеткізді.
Майра ЕРҒАЛИ
Фото: atr.kz