Бүгін Атырау облыстық психикалық денсаулық орталығының дәрігер психиатры-наркологы Самғат Қаюпов С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық жоғары колледжінің студенттерімен жүздесіп, «ЖИТС және нашақорлық дертінің алдын алу» тақырыбында кеңейтілген ақпараттық дәріс өткізді.

Кездесудің басты мақсаты – жастар санасында ЖИТС пен нашақорлықтың қауіп-қатері жөнінде терең түсінік қалыптастыру, олардың алдын алу жолдарын насихаттау және салауатты өмір салтына ынталандыру.
– Қазіргі қоғамда ең қауіпті екі дерт ЖИТС те, нашақорлық та адамды бір сәтте емес, күн сайын іштен кеміріп жейтін қасірет. Ең үлкен қателік «менімен ондай болмайды» деген немқұрайлылық. Әр жас дұрыс таңдау жасай алғанда ғана өзін де, ортасын да қорғайды, — деді С.Қаюпов жастарға арнаған сөзінде.
Шара барысында дәрігер дерттің адам ағзасына тигізер әсерін, қоғамға әкелетін салдарын жан-жақты түсіндірді. Алдын алу тетіктері мен қауіпсіздік дағдылары нақты мысалдар арқылы жеткізілді.
Еркін пікір алмасу форматында өткен кездесуде студенттер маманнан көкейлеріндегі сауалдарға жауап алып, кәсіби кеңеске ие болды. Жастар арасында бір-біріне қолдау көрсетудің, ортада дұрыс құндылықтарды қалыптастырудың маңызы ерекше айтылды.
Ауқымды ақпараттық жиынға 100-ге жуық студент қатысып, өз өміріне қажетті маңызды мәліметтермен танысты.
Майра ЕРҒАЛИ

