Атырау облысы аумағында 10 сәуір мен 6 мамыр аралығында республикалық деңгейде өткізіліп жатқан «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл шара – кәмелетке толмағандардың құқықтық сауаттылығын арттырып, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды бастама.
Аталған іс-шара барысында Атырау қаласындағы Әл-Фараби атындағы «Бином» орта мектебінде 9-11 сынып оқушыларымен кездесу ұйымдастырылды. Шара барысында оқушыларға құқықтық тәртіп, құқық бұзушылықтың салдары және жеке жауапкершілік мәселелері кеңінен түсіндірілді. Сондай-ақ балалардың сұрақтары тыңдалып, оларға нақты әрі түсінікті тілмен заң аясында жауаптар берілді.
Атырау қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының қызмет аға инспекторы, полиция капитаны Нұршанов Рүстем Балтөреұлы оқушыларға құқықтық тәртіптің маңыздылығын түсіндіре отырып, жол қозғалысы қауіпсіздігіне де ерекше тоқталды. Атап айтқанда, жолда жүру ережелерін сақтау, жаяу жүргіншілерге арналған белгілер мен бағдаршамдардың маңызын түсіндіре келе, жол-көлік оқиғаларының алдын алуда әрбір адамның жауапкершілігі зор екенін атап өтті.
– Жасөспірімдер үшін тек заңды білу ғана емес, оны күнделікті өмірде дұрыс қолдана білу де маңызды. Әсіресе жолда қауіпсіз жүріп-тұру – тек өз өмірін ғана емес, айналадағы адамдардың да амандығын сақтауға сеп болады, – деді полиция капитаны.