«Жасанды интеллект – жеке бақылауымда»


Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканың барлық саласы және еңбек нарығы жасанды интеллектінің тікелей қатысуымен түбегейлі өзгеріп, соның салдарынан адамзат тіршілігінің мәні мен қалыбы басқаша сипат алып бара жатқанына назар аударды. Осы орайда инновациялар экономикасы деген жаңа құбылыс пайда болды. Онда өзгеше ойлау қабілеті, шығармашылық тұрғыдағы жаңашылдық және әлеуметтік дағдылар алдыңғы қатарға шығады.
«Жасанды интеллектіні қолдану бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін барынша арттыруға, салық және кеден ісін жүргізудің сапасын жақсартуға, мемле¬кеттік сатып алу саласын оңтайлан-дыруға, сондай-ақ азаматтар мен мемлекет арасындағы өзара іс-қимыл үрдістерінің бәрін одан әрі жеңілдетуге мүмкіндік береді. Сол себепті цифрландыру және жасанды интеллект мәселелерімен жеке өзім айналысып жатырмын. Шетелдік мамандармен, кәсіпкерлермен кездесіп жүрмін. Жүздесулердің барлығы ресми жариялана бермейді. Бірақ бұл мәселе – менің бақылауымда. Таяу арада, мүмкін жыл соңына дейін Астанада Smart city жобасы енгізілгенін хабарлаймыз. Бұл істе БАӘ, АҚШ компанияларымен ынтымақтастық орнаттық. Қытайдың құрылымдарымен де тығыз қарым-қатынас жолға қойылған. Дәл осы бағытта еліміз нақты прогреске қол жеткізеді деп ойлаймын», деді Президент.
Оның айтуынша, құзырлы мемлекеттік органдар сарапшылармен және ІТ-мамандармен қоян-қолтық жұмыс істей отырып, артық шығындарды азайтуға, барлық саланың ашықтығын қамтамасыз етіп, өнімділігін арттыруға арналған тың тәсілдер іздеп тауып, оны қолданысқа енгізіп отыруға тиіс. Экономиканың барлық саласына цифрлық технологиялардың енгізілуі еліміздің бәсекеге қабілетін арттыратын ең басты фактор болуы керек. Бұл жерде цифрлық активтер индустриясы мен блокчейн технологиясын дамыту маңызды рөл атқарады.
«Цифрлық активтердің заңды айналымын қамтамасыз ету, криптоайырбас¬тау қызметін жүргізу және цифрлық майнингке инвестиция тарту үшін осы саланы реттеу ісін ырықтандыруда шұғыл шаралар қабылдау қажет. Бұл қадам еліміздің осы аймақтағы цифрлық қаржы технологияларының орталығы ретіндегі рөлін арттырады. Сондай-ақ цифрлық активтердің көлеңкелі айналымын азайту¬ға мүмкіндік береді әрі салық түсімін көбейтуге септігін тигізеді. Мұнда Америка ашып отырған жоқпын, Президент Трамп басқаратын АҚШ әкімшілігі осы бағытқа ден қойды. Біз мұны ескеруіміз керек.
Қазіргі заманда экономика инновацияға негізделуі керек екені сөзсіз. Біз ғылымды дамыту, соның ішінде қолданбалы зерттеу¬лер жүргізу үшін көп жұмыс істеп жатырмыз. Ғылыми жаңалықтарды коммер¬цияландыруға, ғылым мен өндірістің байланысын күшейтуге баса мән беріліп отыр.
Дегенмен Қазақстанда әлі күнге дейін бірде-бір ғылым қалашығы жоқ. Алматы іргесіндегі «Алатау» инновациялық технологиялар паркінің аумағында ғылым қалашығын құру туралы идея бар екенін білемін. Үкімет осы бастаманы жан-жақты зерделеп, тиісті заң дайындауы керек. Ғалымдардың пікірінше, тиісті тәжірибесі мен дәстүрі бар Курчатов қаласы екінші ғылым қалашығы бола алады. Бірақ мынаны ескерткім келеді: осы жоспардың бәрі шынайы есеп-қисапқа және табанды жұмысқа негізделуге тиіс. Көзбояушылық пен көпірме сөзге әбден тойдық. Енді оның сұрауы қатты болады», деді Мемлекет басшысы.

 «Жоспарда бәрі әдемі, әсіресе оны ғалымдар түзіп жатса, бұл – жақсы. Бірақ нақты есеп керек. Оның ішінде бюджеттің мүмкіндігі ескерілгені жөн. Бастысы – осы жоспарлардың тиімді орындалуы. Сондықтан мен ұсыныстың жалпы қабылданғанын ескертіп отырмын. Шын мәнінде, ғылым қалашығы керек. Оларды Алматыда, Курчатовта салу ақылға қонады. Бірақ Үкімет те, ғалымдар мен салалық министрлік те нәтиже шығару қажет екенін түсінгені жөн. Біз ғалымдарды шетелде тағылымдамадан өткізу тәжірибесін енгіздік. Бірақ ғылымға мүлде қатысы жоқ ғалымдар шетел асты. Мен 78 жасында «Болашақ» бағдарламасымен оқуға барған кісіні білемін. 78 жаста қайдағы «Болашақ?». Көп істің соңы осындай түсініксіз жағдайларға ұласып кетеді», деді ол.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT