ЖАРҚЫН БОЛАШАҚҚА ҚАРЫШТЫ ҚАДАМ

2024 ЖЫЛҒЫ 2 ҚЫРКҮЙЕКТЕГІ ҚАЗАҚСТАН ПРЕЗИДЕНТІ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫҢ «ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАН: ЗАҢ МЕН ТӘРТІП, ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМ, ҚОҒАМДЫҚ ОПТИМИЗМ» АТТЫ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА ЖОЛДАУЫ МЕМЛЕКЕТ ДАМУЫНЫҢ НЕГІЗГІ БАҒЫТТАРЫН АЙҚЫНДАП БЕРДІ. ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРДЕН БАСТАП, ЭКОЛОГИЯ МЕН САЯСИ РЕФОРМАЛАРҒА ДЕЙІНГІ ӘРТҮРЛІ САЛАДАҒЫ МАҢЫЗДЫ МІНДЕТТЕР ҚАМТЫЛДЫ.

Бұл Жолдау елдің дамудың жаңа кезеңіне өтуіне жол ашып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, білім беру мен денсаулық сақтау салаларына қатысты реформалар назардан тыс қалмады. Онда оқытушылардың жалақысын арттыру, білім сапасын жақсарту бойынша нақты шаралар қабылдау қажеттігі айтылды. Сапалы білім беру мәселесін басты тақырыптардың бірі ретінде атаған Президент білім беру жүйесін жетілдірудің маңыздылығына тоқталып, Қазақстанның әлемдік деңгейдегі білім беру стандарттарына сай болуын қамтамасыз ету үшін бірқатар нақты шараларды ұсынды. Бұл қадамдар елдің болашақтағы дамуы үшін шешуші мәнге ие. Жоғары және арнаулы білім беретін университеттер мен колледждердің білім беру сапасын арттыру және олардың халықаралық рейтингтердегі орнын нығайту міндеті қойылды. Академиялық еркіндікті қамтамасыз ету, білім беру мекемелерінің заманауи технологияларды қолдануын және студенттердің қажетті дағдыларды меңгеруін қолдау туралы да сөз болды. Бұдан бөлек, ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Қазақстанның ғылым саласындағы әлеуетін арттыру мақсатында ғылым мен білімді біріктіру, инновациялық жобаларға қолдау көрсету керектігін атап өтті. Ғылыми зерттеулер мен жаңа технологияларды өндіріске енгізу елдің экономикалық дамуына елеулі үлес қосатынын назарға берді.

Жалпы Жолдау сапалы білім беру мәселесін алдыңғы қатарға шығарып, елдің білім беру жүйесін жаңғыртуды көздейді. Президент Қ.Тоқаев ұсынған реформалар оқу орындарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға, мұғалімдер мен оқытушылардың біліктілігін арттыруға және заманауи білім беру әдістерін енгізуге бағытталған. Сапалы білім – елдің болашағын айқындайтын басты факторлардың бірі, сондықтан бұл саланы дамыту Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуының кепілі болмақ. Сонымен қатар, жұмыссыздықпен күресу, әсіресе жастар арасындағы жұмыссыздықты азайту мәселелері Жолдауда кеңінен орын алды. Жастарды жұмыспен қамту және оларға қажетті қолдау көрсету – елдің ұзақ мерзімді дамуындағы маңызды басымдықтар ретінде қарастырылады. Жоғары оқу орны студенттерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесу үшін «Жастар және мансап» корпоративтік порталы арқылы қызмет вакансияларымен танысуға мүмкіндіктер беру міндеті қойылды. Мемлекет басшысының алдағы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауынан еліміздің өндіріс, ауыл шаруашылығы және басқа да секторларындағы мамандардың еңбегіне ерекше маңыз беріп отырғанын көруге болады. Сан түрлі мамандыққа даярлайтын кәсіби білім беруді жетілдіре түсуді, қолжетімді болуын қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл елдің экономикалық тұрақтылығын нығайтып, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру арқылы Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуына бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып табылады. Еліміздің әр саласындағы реформалар мен жаңалықтар болашақта халықтың әл-ауқатын арттыруға және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, Президент экономиканы әртараптандыру қажеттілігіне назар аударып, мұнай мен газ сияқты шикізат ресурстарына тәуелділікті азайтуға күш салынуы қажеттігін баса айтты. Жаңа жұмыс орындарын құруда және қазақстандықтардың өмір сүру деңгейін арттыруда шешуші рөл атқаратын шағын және орта бизнесті қолдауды басымдық ретінде белгіледі. Мемлекет басшысы инновациялар мен жоғары технологияларсыз тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету мүмкін емес екенін атап өтіп, экономиканың тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға көмектесетін әртүрлі салаларға цифрлық шешімдерді белсенді енгізуге шақырды. Жолдауда әлеуметтік саясат та маңызды орын алып, барлық азаматтар үшін лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету мемлекет үшін басымдық екеніне тоқталды. Өсіп келе жатқан әлеуметтік шиеленіс жағдайында азаматтарды толғандыратын кейбір мәселелерге тоқталып, білім беру мен денсаулық сақтауға қолжетімділікті жақсартуға, халықтың ең осал топтарын, соның ішінде зейнеткерлерді, көп балалы отбасыларды және мүгедектерді қолдауға бағытталған бірқатар бастамаларды ұсынды. Әлеуметтік қызметтердің сапасына және олардың қолжетімділігіне көбірек көңіл бөлу азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін арттыра түсері анық. Әділетті Қазақстанды орнату бағытында елімізді демократияландыруды жалғастырып, азаматтық қоғам институттарын нығайтудың және мемлекеттік қызметтегі ашықтықты арттырудың маңыздылығына да көңіл аудартты. Бұл қадамдар азаматтардың билікке деген сенімін қалыптастыруға және олардың елдің саяси өміріне белсене қатысуына мүмкіндік береді. Президент сайланбалы заңнаманы жақсарту және тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарын қолдау шараларын ұсынып, мұның неғұрлым ашық және жауапты қоғам құруға ықпал етуге септігі мол екендігін жеткізді. Жаһандық экологиялық сын-қатерлер жағдайында Президент экология мәселелерін де назардан тыс қалдырған жоқ. Жасыл технологияларды әзірлеуге және енгізуге, сондай- ақ тұрақты инфрақұрылымға инвестиция салуға шақырды. Қоршаған ортаны қорғау Қазақстанның даму стратегиясының маңызды бөлігіне айналды, бұл биліктің ел ресурстарына жауапкершілікпен қарау қажеттілігі мен климаттың өзгеруіне қарсы күш-жігерді күшейту, бұл тек экологиялық емес, әлеуметтік-экономикалық міндет екенін атап өтті.

Халықаралық ынтымақтастық мәселесін де айналып өтпеген Мемлекет басшысы Қазақстанның жаһандық процестерге белсенді қатысуы негізінде көрші мемлекеттермен және әлемдік державалармен әріптестік қатынастарды дамытуды жалғастыратынын айтты. Бұл экономикалық позицияларды нығайту үшін ғана емес, сонымен қатар елдің халықаралық аренадағы беделін арттыру үшін де маңызды. Ел Президенті Қазақстанның қауіпсіздік, экономика сияқты өзге де түрлі салалардағы диалог пен ынтымақтастық үшін платформа ретінде әрекет етуге қашан да дайын екенін қаперге берді. Қыркүйектегі Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы еліміздің ұзақ мерзімді даму стратегиясын қалыптастырудағы маңызды кезең ретінде қабылданып, экономикалық әртараптандыруға, әлеуметтік әділеттілікке, саяси ашықтыққа және экологиялық тұрақтылыққа бағыт алған прогрессивті өзгерістерге деген ұмтылысты көрсетеді. Бұл Жолдау жарқын болашаққа үміт пен Қазақстанның дұрыс бағытта келе жатқанына сенімділік береді. Жаһандық сын-қатерлер мен ішкі трансформация жағдайында азаматтар мемлекет тарапынан нақты қадамдар мен іс- қимылдарды күтсе, аталған Жолдау соны жүзеге асыруға бағытталған маңызды құжат.

Айбек НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT