Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында:
"Менің басты міндетімнің бірі – Қазақстанды қауіпсіз әрі жайлы елге айналдыру. Құқық қорғау органдарына және басқа да жауапты мекемелерге азаматтардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету жүктелді. Ішкі істер министрлігі ұсақ бұзақылық пен вандализмнен бастап, шетелдіктердің заңсыз көшіп келуіне және басқа да ауыр қылмыстарға қатаң тосқауыл қойып, дереу жолын кесуге міндетті. Құқықтық мемлекетте қылмыс әлеміне орын жоқ, қарақшылықты түп-тамырымен жою қажет" деген болатын.
Қазіргі таңда, күнделікті келіп түскен ақпараттардың арасында жалған ақпараттардың болуы әбден мүмкін. Ақпараттың көптігінен оларды қорытып үлгере алмай жатамыз. Тіпті кейде олардың ақ-қарасын ажыратпастан сол күйінде таралып кететіні тағы бар. Қазір бір ақпараттың әлемге таралуына 10 секундтың өзі жеткілікті. Айшылық алыс жерлерден, жылдам хабар аламыз. Мұның өзі техниканың жетістігі. Десе де зияны да жоқ емес. Бұл ретте «Жалған ақпарат қарапайым адамға қалайша кесірін тигізеді? Оған телефон ықпал ете ме?» деген сауал туындайтыны сөзсіз. Біз бүгін осы сұрақтарға жауап іздегенді жөн көрдік.
Манипуляция құралы
Әлеуметтік желінің өзі ақпарат айдынында үлкен күшке ие. Қазір адамдардың 90 пайызы жаңалықты, түрлі ақпаратты әлеуметтік желілерден алады. Бұл үлкен көрсеткіш. Сол себепті елде жалған ақпараттардың таралуына тосқауыл болатын Заң жобалары әзірленген. Әр мемлекетте жалған ақпарат үшін өз Заң нормаларына сәйкес жаза қолданылады. Жалған ақпарат мемлекеттер арасындағы соғыс кезінде де көп тарайды. Ол да қоғамға әсер етудің бір құралы. Әр елдің билігі өз халқының ақпараттық кеңістігін бақылауда ұстап, тек өз мүдделеріне сай ақпараттарды таратып отырады. Бұл кейде мүдде үшін жалған ақпарат та болуы мүмкін дегенді білдіреді.
Фейк ақпарат әрқашан қандай да бір қақтығыс негізінде жасалады. Әлемде болып жатқан соғыстар, ұлттық немесе діни негіздегі текетірес, ішкі саяси қақтығыстар – мұның бәрі көбінесе осы оқиғаларға түрткі болып, жалған ақпаратқа негізделген. Жаһандық соғыстар, шиеленістер, қылмыс, лаңкестік және жойқын климаттық өзгерістер, саяси, әлеуметтік немесе экономикалық жағдайлар кезінде таратылған ақпарат теріс пиғылда мақсатына жетеді. Біз адам өмірін жеңілдетуі тиіс ғылыми жаңалықтардың өзін манипуляция құралы ретінде қолдана бастаймыз.
- Адам күніне қаншама ақпаратқа қанығады. Оның қаншасы жалған екендігіне де көз жеткізбей жататындар көп. Өйткені біз қарым-қатынас жасау үшін, өмір сүру үшін ақпаратқа тәуелдіміз. Ақпарат қоғамның санасына әсер ету үшін аса қажет қару. Сол үшін шынайы, дер кезіндегі және дұрыс жеткізілген ақпаратты ғана қабылдау маңызды. Десек те, көз ілестірмес жылдамдықпен таралып жатқан ақпараттың шегі жоқ. Мәселен, әлеуметтік желідегі блогерлердің әртүрлі ұтыс ойындары арқылы «Сіз ұялы телефон ұттыңыз, осы нөмірге 10 000 көлемінде қаражат салыңыз» деп халықты алдайды. Бұлай айтып отырған себебім, өзімнің танысым дәл осылай жалған ақпараттарға сеніп, интернет алаяқтарынан опық жеп қалды. Бұдан да қиын жағдайлар өте көп кездесіп жатыр. Сондықтан да, әр адам өз құқығын біліп, ақпараттың барлығына дерлік сенуді доғару керек, - дейді Миялы ауылының тұрғыны Анар Ардақ.
Иә, шын мәнінде, бүгінгі таңда көптеген әлеуметтік желі мен ақпараттық сайттарда таралып жатқан жалған жаңалықтардың аудиториясы екі түрге бөлінеді. Кейбіреулер көңіл көтеретін, сенсациялық сипаттағы ақпараттарға мән бермесе, басқалары жазылғанның бәріне сенеді, тіпті барлық ақпаратты өз тарапынан таратады. Өкінішке қарай оны тоқтату мүмкін емес.
Алайда, әр адам ақпараттың жалғандығын немесе дұрыстығын анықтап барып, оны екінші адамға таратқан жөн. Бұл жалған ақпаратты тарату арқылы бір адамның өміріне залал тиіп кетуі ғажап емес. Интернет алаяқтық өсіп тұр Иә, бұл тақырып баспасөз бетінде жаза-жаза жауыр болған тақырыптың бірі. Негізінен алаяқтық – бөтеннің мүлкін жымқыру, алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену. Сондай-ақ, нарықтық экономика жағдайында және кәсіпкерлік қызмет еркіндігінде кең таралған қылмыстың түрі. Бүгінгі таңда кең таралып жатқан алаяқтықтың өте қауіптісі – ол интернет арқылы жасалатын алаяқтық. Ғаламтордағы әккілер әсіресе әлеуметтік желілерді ұтымды пайдаланып отыр. Интернет алаяқтық қазіргі қоғамның ең өзекті әрі маңызды мәселесіне айналды.
Атап айтсақ, ең жиі кездесіп жүрген интернет алаяқтықтың түрлеріне интернет арқылы сауда жасау және қызмет көрсету, сондай-ақ өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, жеке деректерді иемдену, бөтен біреудің атынан онлайн-несие рәсімдеу арқылы жасалатын қылмыстар болып отыр. Интернеттің мүмкіндігін қылмыстық іс-әрекеттерін жүзеге асыру үшін оңтайлы пайдаланып жүрген алаяқтардың әдіс-тәсілдері күн сайын өзгеріп, жаңарып отырады. Әсіресе, соңғы уақытта өзге адамның әлеуметтік желідегі аккаунтын пайдаланып, қаржылай көмек сұрайтын алаяқтардың әрекеті күшейіп кетті. Мұндай алаяқтықтың құрбандары көбейген. Бұған дейін танымал тұлғалардың, әлеуметтік желі белсенділерінің жалған аккаунттарын жасау арқылы азаматтардан ақша сұрау жиі кездесетін болса, енді алаяқтар қарапайым азаматтарға да көшкен. Негізі алаяқтық схемасы қарапайым.
Айталық, кез келген адамның әлеуметтік желідегі жалған аккаунты жасалады. Сол арқылы оның жақын туыстарына, достарына не өзге таныстарына хат жазу арқылы белгілі бір банк картасына ақша аудару сұралады. Мұндай деректер әсіресе Telegram мессенджерін пайдаланушылар арасында жиілеген. Аудандық полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілі полиция аға лейтенанты Қуандық Темірғалидың айтуынша, қазір бәріміздің өмірімізде цифрлы технологиялар маңызды рөл атқарады. Олардың көмегімен виртуалды қызметтер мен өнімдерге қол жеткіземіз. Белгілі бір тауарларға сұраныс та артты. Әлеуметтік желілер мен түрлі интернет платформалар тек ақпарат алмасудың емес, сауда-саттықтың негізгі алаңына айналды. Аудандық полиция бөліміне интернет алаяқтығы жөнінде былтыр 7 іс тіркелсе, биылғы 9 айда 11 іс тіркеліп, 11 істе сотқа жолданды. Әрине, көп жағдайда полиция мен банк қызметкері, қаржыгерлердің сан рет айтқан ескертулеріне қарамастан халық адал ақшасынан айырылып қалып жүр. Сондықтан, бұл істе әр халық өз құқығы мен сауаттылықты дамыта түсу қажет. Жалпы, интернет алаяқтыққа құрық салу күннен-күнге қиындап барады. Уақыт талабына сай технологияның дамуымен қатар алаяқтықтың әдістері мен саны да өсіп келеді. Мұндай қылмыстарға жол бермей, алдын алу еліміздің ғана емес, бүкіл әлем елдерінің өзекті мәселелерінің біріне айналып отыр. Сол себепті, әрбір тұрғын өзін мазалаған сұрақты білікті мамандардан сұрағандары абзал. Сондай-ақ, қазір интернет алаяқтықтың алдын алып, осындай қылмыстардың жолын кесу мақсатында тиісті шаралар жүзеге асырылып жатқандығын айта кеткен жөн. Сайып келгенде,әр адамның өзі туралы кез келген ақпарат интернет алаяқтары үшін оңтайлы кезең. Олардың аңқау жандарды алдап соғуда жиі қолданатын негізгі тәсілдері де сол сеңгіштерді алдау.
Ал, алаяқтықтың жолын кесудегі ең қарапайым әдіс – кез келген мәліметті тексеру. Ендеше, әр азамат өз құқығы мен жеке мәліметінің құндылығына ерекше назар аударғаны абзал.
Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА