Жайық өзенінің Атырау қаласы аумағындағы каналдарында, анығын айтқанда, 3-ші өзек, 6-шы өзек және Приморский каналындағы түп тереңдету жұмыстары аяқталды. Ұзындығы 26 шақырым болатын Зарослый каналындағы жұмыс жалғасын табуда. Бүгінде 2,6 шақырым аумақты тереңдету шаралары қалды. Аталған төрт каналдың жалпы ұзындығы 50 шақырымды құрайды. Бұл туралы Атырау облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Талғат Бисен айтты, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
–Былтыр көктемде Жайық өзенінің теңізге құяр сағасын тереңдету жұмысы басталған еді. Жоспар бойынша ұзындығы 10 шақырым, ені 20 метр болатын аумақ 2 метрге дейін тереңдетілуі тиіс. Бүгінде жоспарымыздың 70 пайызы аяқталды. Қазіргі уақытта ауа-райына байланысты жұмыс уақытша тоқтап тұрғандықтан мұз еріген соң жалғастырмақпыз. Өткен жылы басталған жұмыстың бірі – қала аумағындағы Гоголський каналын тереңдету. Ұзындығы 33 шақырымдық өзектің 14,3 шақырымы тереңдетілді. Каналдың ені 18, тереңдігі 2 метрді құрайды. Қалған жұмысты биыл аяқтаймыз, — деді Талғат Бисен.
Түп тереңдету жұмыстарының басты мақсаты – Жайық өзенінің су өткізу қабілетін арттыру. Бұл жұмыс өзенге балықтың мол кіруіне де әсер етеді.
Айта кетейік, «Тухлая балка» буландыру алаңының маңындағы Теплый каналын тереңдету жұмыстары 100 пайызға аяқталды. Нәтижесінде ені 12 метр, ұзындығы 10 шақырым болатын канал 2 метрге тереңдетілді.