"Учаске" іс-шарасы: Жұртқа жақын полицей қағидасының мызғымас бөлігіне айналды

Қоғамдағы тыныштық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету – полиция қызметінің басты міндеттерінің бірі. Дегенмен, тәртіп сақшыларының жұмысы тек заңды қадағалау немесе құқық бұзушылықтың алдын алумен шектелмейді. Олар күнделікті қызметін атқара жүріп, халықтың жанашыры, әлеуметтік тұрғыдан қолдаушысы бола білетінін ісімен көрсетіп келеді.

Қазіргі уақытта республика көлемінде өтіп жатқан «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы осының айқын көрінісі. Іс-шара барысында учаскелік полиция инспекторлары өздерінің қызметтік міндеттерін адал атқарып қана қоймай, тұрғындармен тығыз байланыс орнатып, құқықтық кеңес берумен қатар, мұқтаж жандарға жан-жақты қолдау көрсетуде. Бұл – полиция қызметкерлерінің халықпен арадағы сенімді нығайтып, жанашырлық таныта білетінін көрсететін игі қадам. Атырау облысының Құрманғазы, Махамбет, Жылыой, Исатай секілді аудандық полиция бөлімдерінің учаскелік инспекторлары күнделікті қызметтік міндетін абыроймен атқарумен қатар, қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілікті де ұмытқан емес. Олар тұрмысы төмен немесе мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетуді дәстүрге айналдырған. Соңғы төрт жылға жуық уақыт ішінде учаскелік инспекторлар аймақтағы көптеген отбасыға қайырымдылық қолын созып, олардың күнделікті тұрмысына қажетті көмек түрлерін ұйымдастырып келеді. Мәселен, Құрманғазы ауданында тәртіп сақшылары жыл сайын бірнеше мәрте әлеуметтік жағынан жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізіп беруді әдетке айналдырған.

  • Адамдарға қолдау көрсетуді жария үшін емес, ең алдымен азаматтық және адамдық парызым деп білемін. Қызметтік міндетім құқық бұзушылықтың алдын алып, тәртіпті қамтамасыз ету болса, азамат ретіндегі міндетім – мүмкіндігінше көмек қолын созу. Қоғамдағы әрбір жанға мейірім мен жанашырлық қажет. Сол үшін де қолымнан келген жәрдемді аямай, тұрғындардың сенімін ақтауды өзімнің басты ұстанымым санаймын, – деді Құрманғазы аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Ренат Мукашев.

Ал Жылыой ауданында учаскелік инспекторлар тек ауқымды істермен ғана шектелмей, күнделікті тұрмыстық деңгейде де жәрдемдесіп келеді. Бір учаскелік полиция инспекторы: «Ауданымда әлеуметтік жағдайы төмен отбасы бар. Сол отбасының тұрмысын ескеріп, қолымнан келгенше көмек көрсетуге тырысамын. Әр екі-үш ай сайын балаларымнан қалған киім-кешектерді жуып, реттеп, тазалап апарып беремін. Бұл – олардың қажеттіліктерін аз да болса өтеу мақсатында жасалып отырған қамқорлығым. Осындай қарапайым қолдау да отбасы үшін үлкен демеу болатынын білемін. Сондықтан тұрғындарға жан-жақты қолдау көрсетуді өзімнің азаматтық әрі кәсіби парызым деп санаймын» - дейді.

Махамбет пен Исатай аудандарының полиция бөлімдерінің қызметкерлері де әрдайым бірігіп, әлеуметтік тұрғыдан мұқтаж жандарға қолдау көрсетуді дәстүрге айналдырған. Олар мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, қарттарға, көпбалалы отбасыларға көмек беріп қана қоймай, жалғызбасты аналардың баспанасын жөндеп, тұрмыс жағдайын жақсартуға да үлес қосып жүр. Осындай игі істер арқылы тәртіп сақшылары тұрғындардың ризашылығына бөленуде. Әрбір жасалған қайырымдылық әрекет – тұрғындарға деген құрмет пен ықыластың белгісі ғана емес, сонымен бірге полиция мен халық арасындағы сенімді одан әрі бекіте түсетін маңызды қадам.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT