Тылда тер төккен ананың тағдыры

Жылдар жылжыған сайын тарихтың қатпар беттері ашыла түседі. Сол тарихтың ішінде Ұлы Отан соғысының салмағы ерекше. Майдан шебінде жаумен алысқандармен қатар, тылда тер төккендердің де еңбегі ұмытылмауға тиіс. Сол бір сұрапыл жылдардың қиындығын иығымен көтеріп, Жеңісті жақындатуға өз үлесін қосқан жандардың бірі – тыл еңбеккері, абзал ана Балзия Аққожақызы Әбдешова.

Балзия апа 1928 жылы 9 мамырда Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы, Жекенді ауылында дүниеге келген. Жастайынан еңбекке ерте араласқан ол, әкесінің ауыл шаруашылығындағы ізімен өсіп, мал шаруашылығы саласында еңбек еткен. Соғыстың отты жылдарына дәл балалық пен жастықтың арасы тап келген Балзия апа елдегі ауыр тұрмыстың, аштық пен тапшылықтың, жалаң аяқ, жұқа киіммен қыстың аязын өткізудің бар қиындығын көрді. Бірақ соған қарамастан, отбасымен бірге тылдағы маңызды жұмыстарға белсене араласты. Ең ауыр кезеңдерде ер-азаматтар майданға аттанғанда, елде қалған бала-шаға мен қарттардың күнделікті тірлігі де соғыспен тең еді. Балзия апа да сол қатарда жүріп, колхоздың малын бағып, қысы-жазы қырда еңбек етті.

Ол жылдары жасөспірім қыздың таңмен таласып тұрып, қой соңында жүріп, шөп шабуға, астық жинауға қатысуы – нағыз ерлік болатын. Тіпті, қас қарая мал қайырып келген соң, шидің түбінде отырып қолғап тоқу, майданға жылу жинау – күнделікті көрініс еді. Осындай бейнетпен біткен еңбектің арқасында майдандағы жауынгерлердің азық-түлік, киім-кешекпен қамтамасыз етілуіне үлес қосқан. Балзия апа – тылдағы мыңдаған қазақстандық қыз-келіншектердің бірегей өкілі, Жеңіс жолында аянбай еңбек еткен ардақты жан.

Соғыстан кейінгі жылдары да ол қарапайым еңбек адамынан қол үзбей, отбасын құрды. Қызылқоға ауданының Тайсойған ауылынан жар тауып, кейін Махамбет ауданына қарасты Тегісшіл ауылына қоныс аударып, колхозда мал шаруашылығымен айналысты. Өмірге 2 ұл, 3 қыз әкеліп, барлығын тәрбиелеп, өсіріп, ел қатарына қосты.

Бүгінде Балзия апа – бір әулеттің бәйтерегі. 8 немере, 4 шөберенің қызығына бөленіп, Алға ауылында кіші ұлының отбасымен бірге тұрып жатыр. Көп сөйлемейтін, сабырлы, еңбекпен шыныққан ананың өнегелі өмір жолы – өскелең ұрпаққа үлгі.

Ол кісінің: «Мен осы өміріме ризамын, бақытты анамын» деген бір ауыз сөзі – бүкіл ғұмырының айнасы секілді. Себебі, бұл сөздің артында ауыр бейнет, үлкен жүрек, қажыр-қайрат пен тағдырлы тарих тұр.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT