ТӘУЛІК БОЙЫ ЖАНҒАН ОТТАР

Сарайшық ауылына кірген жолаушының назарына ең әуелі екі қабатты, еңселі мектеп үйі шалынар еді. Мектеп ауласының бір бұрышында жылу қазандығы тұр. Мен ауылға барған сайын осы бір жылу қазандығы ғимаратына көз талдыра қарап өтемін. Кейде қолым босап жатса осында келіп, оператор жігіттермен әңгіме шертіп, шер тарқатып кетемін. Жаныма өте ыстық мекеннен бір қуат алғандай боламын. Бұл жер неге менің жаныма соншалықты ыстық? Осы сұраққа жауап беріп көрейін.

…1982 жылдың 30 желтоқсаны. Қыстың алғашқы ақша қарын керзі етігіммен сықырлата басып, өзім кеше ғана (сол жылдың жазында) қабырғасынан түлеп ұшқан Сарайшық орта мектебіне қарай беттеп келемін. Өзім осыдан аз күн бұрын ғана аудандық әскери комиссариаттың жол­дамасы бойынша ауылдағы Сарайшық кәсіптік-техникалық училищесінен үш айлық шоферлік курсты бітіріп шыққан едім. Бірақ біздің оқып алғанымыз ауыр жүк көлігінің куәлігі болғандықтан, машина айдап, шофер болуға жүрегім дауаламады. Ол кезде жолаушылар жүк көлігінің астауына жапа-тармағай мініп, тіпті қалаға дейін барып келетін. Өзім ештеңе емес, қате болып, адамдарға зияным тиіп кетер деп қорықтым. Шынымды айтсам, шоферлікті әскери комиссариат по­вестка жіберіп шақыртып, жолдама берген соң амалсыз оқып едім…

Сөйтіп, мектептің табалдырығын аттадым. Ол кезде мектеп директоры Қадыр Қарашин деген ағайымыз еді. Ол кісінің қызы, кітапханашы Зоя апай туралы менің «Жүрек қалауы» атты очерк жазғанымды оқырмандарымның көбі жақсы біледі.

Ағай кабинетінде екен. Мен есікті жәймен соғып аштым да:

- Сәлем бердік ағай. Бола ма екен, - дедім. Ағай алдындағы қағазынан басын көтерді де:

- Ә, амансың ба, айнам? Кел, кіре ғой, - деді.

Мен батылсыздау басып, ішке кірдім. Ағай маған оң қапталындағы орындықтарды нұсқап, «мында отыра ғой» деді.

Отырып, аз-кем амандық сұрасқан соң мен мектеп котельныйынан жұмыс сұрап келгенімді айттым. Ағай сәл ой­ланып қалды да:

- Сен осы биыл оқуға барып па едің? – деді.

- Барғам, Орал пединститутының тіл- әдебиет факультетіне. Түсе алмадым.

- Ә, иә, айтпақшы, Молдаш ағайың айтқан екен ғой, сонда барады деп. Иә, онда мектепті жаңа бітірген балалардың конкурстан өтуі қиын ғой. Ештеңе етпес, басың жас қой. Әлі оқисың. Ал енді жұмысқа келсек, бұл котельныйдың жұмысы оңай емес. Өзің жұқалтаң, жадау баласың. Қалай болар екен, ә?

- Ағай, мен үйде бес тонна көмірді бір сағатта шоланға шелекпен тасып алып жүрген баламын. Сиыр қорадан пәлен тәшкі жапа шығарамын. Отын жарамын. Малға айыр-айыр пішен саламын, - деп шұбыртып бара жатыр едім, ағайым жымия күлген күйі мені қолын көтеріп тоқтатты да:

- Жарайды, айнам, көндірдің, арызыңды жаза ғой. 1 қаңтардан ба­стап жұмысқа шығасың, - деді.

Сөйтіп, 1983 жылдың 1 қаңтарында жұмысқа кірістім. Мұнда төрт коче­гар алты сағаттан жасайды екен. Бір тәулікті (24 сағатты) төртке бөлгенде алты сағат қой. Мені жаңадан келді ғой деп, түскі сағат он екіден кешкі сағат алтыға дейінгі ауысымға қойды. Ол кезде кочегарлардың ұстазы Нығмет Жандауов деген ағамыз еді. Маған жұмыс процесін бүге-шігесіне дейін түсіндірді. Оттың жалынын үдететін желдеткіштің, су айдайтын насостың қалай қосылатынын, шлактың қай уақытта шығарылатынын, бір ауысымда қанша мөлшерде көмір жағылатынын, бәрін тәптіштеп айтып шықты. Соның бәрін естіп тұрып зәрем ұшты. Қадір ағайым дұрыс айтыпты дедім ішімнен. Бірақ енді шегінер жер жоқ еді. «Шешінген судан тайынбас» деген.

Мұнда ауысым үлкен әділдікпен бөлінеді екен. Мәселен, мен бір апта түскі он екіден кешкі алтыға дейін жасасам, келесі аптада кешкі алтыдан түнгі он екіге дейін, одан соңғы аптада түнгі он екіден таңғы алтыға дейін, одан кейінгі аптада таңғы алтыдан түскі он екіге дейін жасаймын. Сөйтіп, төрт апта өткенде әу бастағы түскі он екіде ба­сталатын ауысымға қайтып ораламын. Олай болмаған жағдайда біреуге оңай, біреуге қиын болар еді. Ауысымның ішіндегі ең қиыны – түнгі он екіден таңғы алтыға дейінгісі. Өйткені бұл кез­де котельныйда өзіңнен басқа ешкім болмайды. Онда қазіргі мектептің артындағы үйлердің елесі де жоқ-тын. Ал котельныйдың көмір кіргізетін есігі мен шлак шығаратын есігі бөлек болатын. Көмір ауланың ішінде. Шыға беріс маңдайшадағы шамның жарығы көмірдің үстіне түсіп тұрады. Ал шлак шығаратын есіктен шыққаныңда арғы жағы – үңірейген қап-қараңғы дала. Ешқандай қоршау жоқ. «Қасқыр неме­се шайтан келіп қалмай ма?» деген ой­дан үрейің ұшып кетеді. Сөйтіп жүріп бәлен тәшкі шлакты сыртқа шығарып, орнына көмір саласың. Ішіне ең семіз деген бірнеше адам сыйып кете алатын екі алып пештің әрқайсысына жиырма шақты қайладан көмір салған соң желдеткішті іске қосасың. Біраздан соң пештің жоғары бөлігіндегі қазандағы су қайнайды. Қажетті температураға жеткенде су насосын қосасың. Отты жиі-жиі көсеп, көмір салып тұрмасаң болмайды. Көсеуіміз – тура Қазақстан магниткасындағы металлургтердікі секілді ұзындығы екі метр зілтемір. Қолымыз күймеу үшін оны қолғаппен ұстаймыз. Пештің жалыны домна пешінен кем емес, жақындатпайды. Отты көсегенде, көмір салып, шлак шығарғанда өрттің ішіне кіріп шыққандай боласың. Қара терге шомыласың. Алдын ала жасалатын есеп бойынша бір ауысымда бір тонна көмір жағылатын. Менен өзге үш кочегардың бірі – өзімнің кластасым – Сәрсенбай Мұқанов, екіншісі – Асқар Молдашев, үшіншісі мектеп директоры Қадыр ағайымыздың ұлы, марқұм Аманай ініміз еді. Асқар мен Аманай ол кезде мектептің сегізінші класын бітіріп, ауылдағы кәсіптік-техникалық учили­щеде оқып жүрген. Жұмысқа сабақтан тыс уақыттарында келеді. Бірыңғай осы жұмыспен жүрген Сәрсенбай екеуміз ғана. Маған түнгі ауысым кезінде көбіне тете інім Тайман келіп көмектесіп жүретін. Ол да сол кезде ауылдағы кәсіптік-техникалық учили­щеде оқитын. Сабағы түстен кейін еді…

Сөйтіп, арада көп уақыт өтпей жатып котельныйдың жұмысына үйреніп ал­дым. Мұнда кейде жұмысқа қолбайлау болатын жайттар да болып қалады. Мәселен, су айдайтын насостың зы­рылдап айналып тұратын дискісінде ұзындығы алты сантиметрдей резин сальниктер болады. Солар жиі істен шығып қалады. Сондайда орнына сала қоятын қылып бірнеше қосалқысын кесіп, дайындап қоямыз. Бірақ кейде сол сальниктердің су айдар кезде істен шығып қалатыны бар. Оны са­лып болғанша мектеп бөлмелеріндегі батареялардағы су салқындап кетеді. Сол кезде Қадыр ағайымыз мектептен шыға салып, котельныйға қарай құстай ұшады. Келе сала бізге көмектесіп, іштегі оқушылардың жағдайын ой­лап, дегбірі қашып, қашан насос іске қосылғанша қасымыздан кетпейді. Ал кейде түн ішінде котельныйдың маңдайшасындағы шамның желден, бораннан немесе жаңбыр суы тиіп өшіп қалатыны бар. Ол да ағайдың на­зарынан қағыс қалмайды. Ағайдың үйі котельныйдан елу метрдей жерде еді. Шам сөнген бойда оны терезеден көріп қалған ағай құстай ұшып жетеді.

- Не, болды? Жарық сөніп қалды ма?

- Жоға, мына лампы жанып кетті.

- Қазір онда…

Ағай үйге қарай құстай ұша жөнеледі. Ол үйіне кірген бойда ағайдың үйінің бір бөлмесінің жарығы жалп етіп сөнеді. Сәлден соң қолына лампыны ұстаған күйі ағай тағы да бізге қарай құстай ұшып келе жатады. Әрине, лампыға ақша бөлінеді және ол көп қылып алынады ғой, бірақ жел мен жауынның астында тұрған соң ол жарықтық шақ келмейтін.

Осылай жұмыс жасап жүрген күндердің бірінде, наурыз айының аяғында Сәрсенбай екеумізге әскери комиссариаттан шақырту келді. Бардық. Комиссиядан өтесіңдер деді. Арада бірнеше күн өткенде одан да өттік. Екеуміз де әскерге жарамды болдық. Ол кезде Кеңес Армиясының Германияда, Чехословакияда, Вен­грияда, Ауғанстанда, Монғолияда контингенттері болды ғой. Оған бара­тындар көктемгі шақырту болса сәуір айында, күзгі шақырту болса қазан айында аттанатын. Сәрсенбай Чехос­ловакияда қызмет ететін болды. Сол себепті ол жылу маусымы бітпей тұрып жұмыстан босады да, сәуір айында әскерге аттанып кетті. Мен мамыр ай­ында Ресейдің Қиыр шығысына кететін болдым. Сол кезде Қадыр ағамыз маған: «Ал, Тарасжан, енді аз күнде жылу ма­усымы да бітеді ғой. Сәрсенбай екеуіңе ақ жол тілеймін. Сенің кетуіңе әлі біраз бар ғой. Қазір күн жылынды. Жұмыс жеңілдеді. 15 сәуірде котельныйды өзің тазалап тапсырарсың. Асқар мен Ама­най әлі жас қой. Өзіңе сеніп отырмын» деді. Өзім де сондай ойда едім, «әрине, ағай, еш қам жемеңіз» дедім.

Сөйтіп, мен 1983 жылдың 15 сәуірі күні котельныйдағы екі пештің күлін тазалап, іші-сыртын әктеп, бөлмелердің еденін сыпырып, екі есікке құлып салдым. Екі кілт, төрт дана қайла күрек, екі дана тәшкі, екі дана зембіл екі дана көсеу жазылған обходной қағазды мектептің шаруашылық бөліміне тапсырдым. Бұл саймандардың бәрі де котельныйдың ішінде қалды. Олардың бәрін мен котельныйды құлыптар кезде Нығмет ағай тексеріп, қабылдап алды.

Арада жиырма шақты күн өткенде, 5 мамыр күні мен әскерге аттандым. Жол жүрерден бір күн бұрын мек­тепке келіп, котельныйдың алдында ұзақ отырдым. Ол күн жұмыс күні еді. Мектепке жақын бармадым. Анадай жерден көзіммен ғана аяладым. Содан соң орнымнан тұрып, котельныйдың есіктерін алақаныммен сипадым. «Рақмет саған, құтты орным! Сен мені шынықтырдың. Сен мені дайын сарбаз қылдың. Енді мен әскерге барғанда ауыр жұмыстарды қиынсынбайтын боламын. Кездескенше, күн жақсы болсын»,- деп күбірледім де, бұрылып жүре бердім. Мен сол сәтте осы сөздерді тегін айтпағанымды, әскерге барғанда да кочегар болатынымды білген жоқ едім. Айтпақшы, Сәрсенбай әскерге аттанардан бір күн бұрын да екеуміз котельныйдың алдында оты­рып едік. Сонда екеуміз екі жылдан соң осы котельныйдың алдында кездесейік деп уәделескенбіз. Айтқандай, Тәңір жазып, екеуміз 1985 жылдың мамыр айында котельныйдың алдында табыстық.

Арада көп жылдар өтті. Бүгінде біз жұмыс жасаған котельный әлі өз орнын­да тұр. Ғимараты, ішіндегі бөлмелері, жобасы сол күйінде. Тек қабырғалары қазіргі заманғы құрылыс матери­алдарымен сыланған. Терезелеріне пластик терезелер орнатылған. Тек баяғы біз көмір жағатын тас пештердің ізі де жоқ. Олар бұзылып, орнына табиғи газбен жылытылатын заманауи қазандар қондырылған. Котельныйдың жұмысы мың есе жеңілдеген. Мұндағы жұмыстарды бүгінде операторлар атқарады. Кочегар деген мамандық та көмір пештермен бірге тарих қойнауына кеткен. Қадыр ағай сияқты ештеңемен санаспайтын, мемлекеттің мүддесі үшін ештеңеден аянбайтын «кристальный адамдар» да тарих қойнауына кетіп барады.

…Мен өткен жылдың күзінде котельныйға тағы да ат басын бұрғам. Ол кезде онда Марат, Нұрлан және Жұмабек Хасанов деген ауылдың үш азаматы жұмыс жасап жатты. Мен барғанда Марат ауысымда отырды. Мен оған өзім жұмыс жасаған мезгілдегі котельныйдың жұмыс процесін айтып бердім. Сөйтсем, ол да кезінде шет жағасын көрген екен.

- Қазір котельныйдың жұмысы жеңілдегені рас, - дейді Марат. – Бірақ сақ болмасаң қаупі де зор. Бүгінде денеге күш түсіретін жұмыс жоқ та, бірақ бақылау қатты. Газбен ойнауға болмайды.

Дұрыс айтады. Әр жұмыстың өзіне тән қиындығы бар. Аман болсын, елге жылу сыйлап жүрген азаматтар.

Міне, мектептің бір бұрышындағы бұл кішкене ғимараттың маған ыстық болу себебі осы еді.

Тарас НАУРЫЗӘЛІ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT