Цифрлық кодекс саланы жетілдіру үшін қажет

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутаттар спортқа қатысты заңды екінші оқылымда қабылдады. Сондай-ақ Қатармен арадағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек және Қазақстан мен Ресей біртұтас энергетикалық жүйелерінің қатар жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы келісімдерді ратификациялады.

ындарлы ұсыныстар әзірленеді

Жиында Ерлан Қошанов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығы­мен өткен Үкімет отырысында көтеріл­ген мәселелерді тізбектеп, депутаттарға қойылған міндеттерге тоқталды.

– Мемлекет басшысы экономикалық дамудың бірқатар көрсеткіші бойынша оң серпін бар екенін атап өтіп, алдағы бес жылға арналған жұмыстың басты бағыттарын айқындап берді. Ол – ірі инфрақұрылымдық жобалар, цифрландыру мен жасанды интеллект, атом энергетикасын дамыту, агроөнеркәсіптік кешенді нығайту, инвестиция тарту. Әрине, бұл міндеттерді орындау үшін заман талабына бейімделген берік заңнамалық негіз қажет. Президент Парламентке жер қойнауын пайдалану құқықтарын бөлу кезінде инвесторларға түсінікті әрі ашық құқықтық база құру туралы тапсырма берді. Қазіргі уақытта депутаттардың бастамасымен әзірленген жер қойнауын пайдалану туралы заң жобасы қаралып жатыр. Енді бастамашы депутаттар елімізге ірі геологиялық барлау компаниялары келуіне неғұрлым қолайлы жағдай жасау мәселесіне мұқият назар аударуы қажет, – дей келе Мәжіліс төрағасы озық елдердің тәжірибесін барынша зерделеп, жұмысты сессия соңына дейін аяқтау қажет екенін айтты.

Сондай-ақ ол Мемлекет басшысы назар аударған тағы бір маңызды мәселе цифр­ланды­ру саласына қатысты екенін ес­ке салды. Бірік­кен Ұлттар Ұйымы берген бағаға сәйкес елі­міз бүгінде осы салада елеулі жетіс­тікке жетіп отыр. Қазақстан 193 мемлекет ара­сында 24-орынға жайғасты. Оған қоса онлайн-қызметтер индексінде үздік 10 ел қатарына кірді.

– Алайда мұндай прогрестің екінші жағы да бар. Цифрландырумен бірге халыққа жалған ақпарат тарату белең алып, алаяқтықтың небір түрі қарқынды дамып келе жатыр. Отандастарымыз күн сайын осындай жағымсыз жайттарға тап болуда. Бірнеше депутаттық сауалдың осы проблемаға арналғаны бекер емес. Қазіргі жағдайда бұл мәселеге жан-жақты қарау керек. Ең алдымен, заң мен тәртіпті сақтауға бағытталған шаралар қабылдау қажет. Мәселен, алда қаралатын Цифрлық кодекс жобасы аясында еліміздің тұрақтылығына нұқсан келтіретін жалған ақпараттың таралуына заңнамалық тұрғыдан тосқауыл қоюға тиіспіз. Сонымен қатар деструктивті контент таратқаны үшін интернет-платформалардың жауапкершілігін қарастырған жөн, – деді Мәжіліс спикері.

Бұл ретте жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі жұмыстар да назардан тыс қалмайды. Мәжіліс тиісті заң жобасын әзірледі. Жақын арада құжатты талқылау жұмысы басталады. Бұған қоса отырыста салық реформасы, міндетті медициналық сақтандыру жүйесі, атом электр стансасын салатын жерді анықтау жайы сөз болды.

– Біз медициналық сақтандыру жүйе­сіндегі жағдайды шын мәнінде жақ­сартатын, медициналық қызметтер тұтыну­шылардың бәрін қанағаттандыратын түзетулер қабылдауымыз керек. Қосылған құн салығы мен әлеуметтік салық бо­йынша Үкіметтің позициясын білдік. Бұл мәселеде сарапшылар мен Парламент депутаттары да өз пікірлерін айтып жатыр. Сондықтан мемлекеттік органдармен, бизнеспен бірлесіп, Салық кодексіне ұсынылып отырған түзетулерді мұқият талқылаймыз. Ал атом электр стансасын салатын жерді анықтау жайына келер болсақ, Мемлекет басшысы осы мәселе бойынша да депутаттық корпустан ұсыныс күтеді. Елімізде бейбіт атомды пайдалану қажеттігін айтып, кезінде халыққа түсіндіру жұмыстарын белсенді түрде жүргіздік. Енді атом электр стансасын салатын орынды анықтау тақырыбын салалық комитет пен Қоғамдық палата отырыстарында сарапшылар мен ғалымдардың қатысуымен талқылаған жөн болады. Соның қорытындысы негізінде сындарлы ұсыныстар әзірлейміз, – деп сөзін түйіндеді Е.Қошанов.

 

Қазақстан – Ресей: энергожүйе қатар жұмыс істейді

Әрі қарай отырыс күн тәртібіндегі мәселелерді талқылаумен жалғасты. Депутаттар «Қазақстан Республикасы­ның кейбір заңнамалық актілеріне тари­хи-мәдени мұра объектілерін қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының қорытынды әзірлеуі жөніндегі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетовтің баяндамасын тыңдады.

Кейін Мәжіліс қарауына «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жеке тұлғалар үшін лизинг енгізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы келіп түсті.

– Осы құжат аясында жеке кәсіпкер саналмайтын жеке тұлғаларға лизинг енгізу қарастырылған. Бұл өз кезегінде оларға автокөлік және жылжымайтын мүлік сияқты активтер алуға мүмкіндік береді. Құжат қабылданған жағдайда азаматтардың қаржы қызметтеріне қол жеткізу мүмкіндігі артады, – деді депутат Татьяна Савельева.

Қатысушылар назарына «2024 жылғы 14 ақпандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының бөлуді бақылау жөніндегі күштеріне (UNDOF) ресурс ұсынатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға хаттар алмасу нысанындағы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасының қорытынды әзірлеуі ұсынылды. Дауыс беру нәтижесінде жоғарыда аталған үш құжат қабылданды.

Отырыста елдегі электр энергиясының тапшылығы мәселесі де қозғалды. Мәжі­ліс Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасын­дағы Қазақстан мен Ресей біртұтас энерге­тикалық жүйелерінің қатар жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы келісімді ратификациялады. Бұл – Ресеймен шекарадағы электр энергиясы ағынының мемлекетаралық теңгерімінің ауытқуын барынша азайтуға мүмкіндік береді.

– Келісім жобасының негізгі мақсаты – қатар жұмыс істеу үдерісінде туындайтын тараптардың өзара қарым-қатынасын рәсімдеу, сондай-ақ негізгі шарттарды айқындау. Кейінгі жылдары елімізде қуаттардың тапшылығы байқалады, осыған байланысты Қазақстан мен Ресей энергожүйелерінің шекарасында ауытқулар ұлғая түсті, яғни келісілген мемлекетаралық сальдосы +/- 150 МВт көлемінен едәуір асып түсті. Кейбір сағаттарда қуаттың ауытқуы 1 500 МВт-қа дейін жетті. Ресей тарапы 2021 жылғы 15 қарашада екі елдің Үкіметі арасындағы 2009 жылғы 20 қарашадағы Бірыңғай энергетикалық жүйелердің қатар жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы келісімді өзектендіру мәселесіне бастамашылық жасады. Келісімге сәйкес тараптар жыл сайын Қазақстанның біртұтас энергетикалық жүйесі арқылы Ресейден тасымалдауға жоспарланған электр энергиясы көлемін келісуге міндетті болады. Бұл ретте электр энергиясын беру қызметтерінің ақысы Қазақстанның тарифтерді мемлекеттік реттеу саласындағы уәкілетті органы белгілеген тариф бойынша жүзеге асырылады, – деді Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.

Депутаттар энергия көлеміне, оған уақыт белдеуінің әсері бар-жоғына, халықтың электр энергияны тұтыну мәдениетіне қатысты сауалдарын жолдап, проблеманы жан-жақты талқылады. Қорыта келе, қатысып отырған 94 депутаттың 92-сі қолдап, заң жобасы мақұлданды.

 

Легионерлерге бюджеттен қаржы бөлінбейді

Сонымен қатар Мәжіліс Қазақстан мен Қатар арасында құқықтық мәселелерге қатысты екі құжатты қабылдады. Ашып айтсақ, «Қазақстан Республикасы мен Қатар Мемлекеті арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімді ратификациялау туралы» заңы. Бұл келісімге 2024 жылғы 14 ақпанда Дохада қол қойылды. Баяндамашы Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиевтің айтуынша, келісім күдіктілер мен айыпталушылардың кінәсін дәлелдейтін тиісті іс-әрекеттерді қамтиды.

– Мәселен, қамаудағы адамдарды уақытша беру, тінту, банктегі шоттарды анықтау, қажет сараптамалық жұмыстарды жүзеге асыру ескерілген. Бұл іс-қимылдарды жүргізу тетігі Қазақстанның Қылмыстық-процестік кодексінде реттелген. Егер мұндай әрекеттер Қатар мемлекетінде орын алса, онда алдын ала уағдаластыққа сәйкес, біздің құқық қорғау органдарының қызметкерлері осы іс-шараларға толыққанды қатыса алады. Сонымен қатар құқықтық қызмет көрсетуден бас тарту негіздері де көрсетілген. Осындай келісім қазір 31 мемлекетпен қойылды, – деді ол.

Бұған қоса қабылданған екінші құжат – «Қазақстан Республикасы мен Қатар мемлекеті арасындағы ұстап беру туралы келісімді ратификациялау туралы» заңы. Ғ.Қойгелдиевтің сөзіне қарағанда, бұл құжаттың мақсаты – қылмыс жасап, Қатарда жасырынып жүрген адамды елге алып келу. Келісім экстрадициялауды және одан бас тартуды жүзеге асыруға арналған негіздерді айқындайды, сондай-ақ ұстап беру шарттары мен рәсімдері, ұстап беруді кейінге қалдыру және уақытша ұстап беру туралы ережелерді қамтиды. Тек тараптардың өз азаматтарын ұстап беруі көзделмейді. Іздеуде жүрген адамдарды алдын ала қамауға алу тәртібі, сондай-ақ қылмыс нәтижесінде алынған немесе дәлел бола алатын заттар мен құжаттарды алу және беру мәселелері қарастырылған.

Депутаттар дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша заңды екінші оқылымда қабылдады. Құжаттың жаңа­шылдығы сол – заңға жоғары жетіс­тіктер спорты деген түсінік енді, әрі легионер­лерге мемлекет бюджетінен де, квази­мем­лекеттік сектордың бюджеті есебінен де қаржы бөлуге тыйым салатын норма бар.

– Жоғары жетістіктер спортына, яғни олимпиада, паралимпиада, сурдлимпиада, Азия Пара және ұлттық спорт түрлері кіреді. Бұрын министрлік 180-нен аса спорт түрін тіркеп қойып, оның барлығына қаржы беріп келген болса, енді олардың саны үш есе қысқарады. Бюджет қаражаты жоғары жетістіктер спорты мен басым спорт түрлеріне, мемлекеттік ұйымдардың жұмыс істеуіне, бұқаралық спортқа және спорттық инфрақұрылымды дамытуға бағытталады. Федерациялардың аккредитация алу тетігі өзгертілді. Сәйкесінше енді еліміздегі барлық спорттық федерация ұлттық спорт федерациясы болуы керек. Осылайша 1 спорт түрі бойынша 1 ұлттық спорт федерация ғана аккредиттеледі, – деді Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев.

 

Су тасқынының алдын алған жөн

Ерлан Қошанов Мәжілістің жалпы отырысын қорытындылай келе, депутаттық сауалдарға кезек берді. Осы орайда халық қалаулылары бірқатар өзекті проблеманы ортаға салды. Мәселен, депутат Қарақат Әбден сотталған әйелдерге амнистия жасау­ды ұсынды. Оның айтуынша, мұндай шара әлеуметтік әділдік орнатуға, отбасы құн­ды­лығының нығаюына және өмірде қиын жағ­дайға тап болған әйелдердің дұрыс жол­ға түсуіне ықпалдасады. Ал Мәжіліс депута­ты Ринат Зайытов ауылдың жағдайы туралы мәселені көтеріп, Үкімет басшысына сауал жолдады. Депутат келтірген статистикаға сәйкес, кейінгі 5 жылда ШҚО-да – 350 ауыл, СҚО-да – 635, Пав­лодар облысы бойынша 352 ауыл бос қал­ды. Былтырдың өзінде СҚО-да 141 ауыл мәр­те­бесінен айырылған. Р.Зайытов ауыл әкім­дері­нің пәрменін күшейтуді, техникамен қамт­у­ды, қоныс аудару жөніндегі мемлекет­тік комиссия құруды, елді мекендерде жастарды тұрақтандыру және қоныстандыруға бағытталған жұмыс жос­парын жасақтауды, оны ауыл жастарына жеткізуді ұсынды.

Депутат Дүйсенбай Тұрғанов кейінгі жылдардағы табиғи апаттардың жиілеуі, төтенше жағдайларды жою және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін алдын алу шараларын қабылдаудың қажет екенін айтты.

– Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мем­лекет басшысы салық-бюджеттік сая­са­­тын реформалауға қатысты барлық қа­ра­жатты нақты пысықталған басым­дық­тар­ға сәйкес бөлуді тапсырды. Сондық­тан Үкімет барлық облыс және аудан орта­лық­­тарын ведомствоаралық жедел радио­бай­­л­а­ныстың біртұтас желісіне біріктіріп, құқық қорғау органдарының тиімді өзара іс-қи­мылын қамтамасыз етуді, мемлекеттiк материал­дық резерв қорын толықтыру жөнiнде нақты шаралар қабылдау қажет. Ма­ман­­дар биылғы көктемгi су тасқыны өт­кен жылғы деңгейде болады деп болжау­да. Мұны да ескеруіміз керек, – деді Д.Тұрғанов. 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT