Тұрғын үй кезегіне қандай санаттар тұра алады?

-Тұрғын үй кезегіне қандай санаттар тұра алады?

-Тұрғын үй кезегі белгіленген басымдықтарға сәйкес қалыптастырылады, олар мынадай санаттарды қамтиды:

1) көпбалалы отбасылар (оның ішінде "Алтын алқа", "Күміс алқа", I және II дәрежелі "Ана даңқы" немесе "Батыр ана" атағы бар көпбалалы аналар); 

2) жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, халықтың әлеуметтік осал топтары;

3) мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, әскери қызметшілер;

4) ғарышкерлікке кандидаттар, ғарышкерлер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері және мемлекеттік сайланбалы лауазымдарды атқаратын адамдар;

5) жалғыз тұрғын үйі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен апатты деп танылған Қазақстан Республикасының азаматтары.

Мемлекеттік қордан алынған тұрғын үйлер немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы органдарға жалға алынған тұрғын үй барлық қажетті құжаттармен бірге өтініш берілген сәттен бастап тізімдерде белгіленген кезектілік тәртібімен мұқтаждар есебінде тұрған азаматтарға беріледі.

- Үй кезегіне қалай тіркелемін?

-Үй алу үшін кезекке тіркелу процесі Қазақстан Республикасының Тұрғын үй заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Тіркелу үшін қажетті құжаттар:

Жеке куәлік (немесе паспорт);

Тұрғылықты мекенжайды растайтын құжат (мысалы, тіркеу туралы куәлік);

Отбасы құрамын растайтын құжаттар (неке куәлігі, балалардың туу туралы куәліктері және т.б.);

Әлеуметтік мәртені растайтын құжаттар (егер әлеуметтік жағынан осал топқа жатқызылса).

Тіркеу орны: тұрғылықты жердегі жергілікті атқарушы органға (акимат) немесе тұрғын үй басқармасына бару.

Өтініш беру: құжаттарды жинақтаған соң кезекке тіркелу үшін өтініш беру. Өтініш формасын жергілікті атқарушы органнан алуға болады.

Кезекке қою: өтініш қаралып, егер барлық талаптарға сай болса, кезекке қойылады. Кезектің нөмірі мен тіркелгендігі туралы хабарлама беріледі.

Кезекті бақылау: Кезектің жағдайын бақылап отыруға болады. Кезек тізімдері әдетте жергілікті атқарушы органның сайтында жарияланады.

Тұрғын үй ұсынысы: кезегі келген кезде, тұрғын үй ұсынылады. Содан кейін қажетті келісімшарттарды рәсімдеу процесі басталады.

Егер толық ақпарат немесе қосымша сұрақтар болса, жергілікті атқарушы органға хабарласуға болады.

- Тұрғын үй көмегі кімдерге беріледі? Қайда өтініш беруге болады? 

Тұрғын үй көмегі аз қамтылған отбасыларына коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында беріледі. Тұрғын үй көмегінің мөлшері өтініш иесінің коммуналдық қызметтерге өткен тоқсанда жұмсаған шығыны мен отбасының өткен тоқсандағы жиынтық табысының шекті жол берілген үлесінің айырмасы ретінде белгіленеді.

Жиынтық табыстың шекті жол берілетін үлесі Атырау облысы бойынша 3-5 пайыз мөлшерінде белгіленген.

Тұрғын үй көмегін алу үшін «Электрондық үкімет» порталы арқылы немесе «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» арқылы өтініш беруге болады.

- Тұрғын үй кезегіне тіркеу тәртібі қандай?

Қазақстан Республикасы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес, азаматтарға тұрғын үй өтiнiш берiлген кезден бастап тiзiмдерде белгiленген кезектілік тəртібімен берiледi.

Аталған Заңға сәйкес, мемлекеттік тұрғын үйге мұқтаж, осы елді мекенде тұрақты тұратын және халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтарына:

- Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары;

- Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген адамдар;

- 1 және 2 топтағы мүгедектер, мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеушi отбасылары;

- денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекітетін аурулар тізімінде аталған кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрлерімен ауыратын адамдар;

- жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер;

- кәмелетке толғанға дейiн ата-аналарынан айырылған жиырма тоғыз жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;

- қандастар;

- экологиялық зiлзалалар, табиғи және техногендi сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйiнен айырылған адамдар;

- көп балалы отбасылар;

- мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттерiн, әскери қызметiн орындау кезiнде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмiрiн құтқару кезiнде, құқық тәртiбiн қорғау кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары;

- толық емес отбасылар, сонымен қатар жалғыз тұрғын үйі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен авариялық жағдайда деп танылған және мемлекеттік, бюджеттік мекеме қызметкерлері жатады.

Жоғарыда аталған санаттың біріне жатқан жағдайда kezekte.kz сайты арқылы электрондық цифрлық қолтаңбамен өтініш беруге болатындығын қаперіңізге береді.

-Тұрғын үйді жекешелендіру үшін қандай құжаттар қажет? 

- Тұрғын  үйді жекешелендіру  үшін қажетті құжаттар:

1) өтініш: кәмелетке толған барлық отбасы мүшелері қол қойған өтініш.

2) куәліктердің көшірмелері: некеге тұру (бұзу) туралы, отбасы мүшелерінің қайтыс болуы туралы, балалардың тууы туралы куәліктері.

3) жалдау шарты немесе тұрғынжай ордері: сіздің тұрғынжайды пайдалану құқығыңызды растайтын құжат.

4) сот шешімі: егер басқа адамдар көрсетілетін қызметті алушының отбасы мүшелері деп танылса, онда олар сот шешімінің көшірмесін ұсынуы тиіс.

5) әлеуметтік жағынан осал топтарға жататын азаматтар үшін: көрсетілетін қызметті алушының (отбасының) әлеуметтік жағынан осал топтарға жататынын растайтын құжаттың көшірмесі.

6) жұмыс орнынан анықтама немесе еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмесі: мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік ұйымдардың жұмыскерлері үшін.

7) ғарышкерлер мен ғарышкерлікке кандидаттар үшін: Қазақстан Республикасының Үкіметі беретін мәртебесін растайтын құжаттың көшірмесі.

8) берешектің жоқтығын растайтын құжат: тұрғынжайды жалдау шарты бойынша берешектің жоқ екендігін растайтын құжат.

9) жекешелендіру құқықтарын растайтын құжат: мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайды меншігіне өтеусіз алуға құқықтары бар азаматтардың санатына жататынын растайтын құжаттың көшірмесі.

Барлық қажетті құжаттарды, өтінішіңізді E-Qazyna.kz порталы арқылы тапсыра аласыз. Егер қосымша сұрақтарыңыз болса немесе көмек қажет болса, жергілікті атқарушы органдарға немесе E-Qazyna.kz порталына хабарласуыңызға болады.

- Егер мен үй жалдап тұрып жатсам, мемлекеттен көмек ала аламын ба?

-Тұрғын үй жалдап отырған азамат "Отбасы банкі" арқылы тұрғын үйді жалға алу шығындарын субсидиялау бағдарламасына қатыса алады. Бағдарлама талаптары:

1) отбасының табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы керек. 2025 жылы бұл көрсеткіш шамамен – 46 228 теңге.

2) жалдау келісімшартын ұсынуы қажет. Бұл келісімшарт тұрғын үйді жалға алу фактісін растайды.

3) мемлекеттік тұрғын үй кезегі: бағдарламаға қатысу үшін азамат мемлекеттік тұрғын үй кезегінде тұруы міндетті. Бұл талап тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған мемлекеттік қолдауды алуға мүмкіндік береді. 

Бағдарламаға қатысу үшін қажетті құжаттар мен өтініш формаларын «Отбасы банкі» бөлімшелерінен немесе ресми сайтынан алуға болады. Субсидиялау бағдарламасы бойынша қосымша ақпарат алу үшін «Отбасы банкі» қызметкерлерімен байланысу ұсынылады.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT