Тілге деген сұраныс артып келеді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» атты Ana tili» газетіне берген сұхбаты бүгін жарияланды. Сұхбатта Мемлекеттік тілдің қолданылу аясы едәуір кеңейгені, әрі қазақ тіліне деген сұраныстың арта түскені сөз болады. — Қазақ тілінің бәсекеге қабілеті және оны үйренуге деген қызығушылық барынша артып келеді. Ең бастысы, қазақ тілін білу сәнге айналды, жастарымыз оны меңгеруге ұмтылатын болды. Мемлекеттік тіл азаматтардың қызмет бабында өсуіне және табысқа жетуіне жол ашатын маңызды фактор саналады. Еліміздің бизнес өкілдері маркетинг саласындағы науқандарын қазақ тілінде сөйлейтін тұтынушылардың сұранысына қарай өткізетін болды. Мұның бәрі мемлекеттің өте абай болуды қажет ететін әрі саяси тұрғыдан маңыз­ды саналатын осы саладағы саясаты тиімді жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Сөз арасында айта кетейін, дүние жүзінде 7 мыңнан астам тіл бар. Соның ішінде үш мыңнан астам тілге жойылып кету қаупі төніп тұр. Қазақ тілі бұл топ­қа кірмейді. Ана тіліміз 2024 жылы әлемде ең кең таралған тілдердің арасында 79-шы орынға тұрақтады. Осы ретте күрделі әрі қарама-қайшылыққа толы кеңес заманында ана тілімізді әлемдік лингвистика картасынан жо­йылып кетуден сақтап қалған зиялы қауым өкілдерінің, ақын-жазушылардың, журналистер мен ғалымдардың, мұғалімдер мен мәдениет қайраткерлерінің, ауыл еңбеккерлерінің, яғни барша отаншыл азаматтардың еңбегін бағалауымыз керек. Бұдан да жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін ғылым-білім саласындағы инфрақұрылымды жаңғыртуға, мектептер мен басқа да оқу орындарында қазақ тілін үйрету жүйесін жетілдіруге қоса оқытушылардың мәртебесін арттыру мәселесін де шешу қажет. 2023 жылы «Қазақ тілі» қоғамының бастамасымен құрылған арнаулы қорға қолдау көрсету керек. Цифрлық технологияларды қолдануға баса мән берген жөн. Өйткені қазақ тілінің алдағы тағдыры, еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеті көбіне осыған байланысты болады. Шығармашыл жастар және креа­тивті индустрия мемлекеттік тілді дамыту ісіне пайдасын тигізе алады. Мемлекет экономикадағы болашағы зор осы саланың өркендеуіне барынша қолдау көрсетеді. Отандық және әлемдік нарықта қаржылық жағынан тиімді әрі сұранысқа ие болатын түрлі контентті қазақ тілінде жасау қажет. Бұл жерде әдебиет, музыка, кино, сериал және компьютер ойындары туралы айтып отырмын. Ана тіліміздің болашағы жарқын екеніне менің еш күмәнім жоқ. Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде халқымыз­ды ұйыстыру жолында маңызды рөл атқара береді, —деді Президент. Сондай-ақ Мемлекет басшысы елімізде былтыр көптеген маңызды оқиға болып, қыруар жұмыс атқарылғанын атап өткен. ­Мысалы, инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары барлық аймақта жүргізілген. 18 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. 7 мың шақырым автокөлік жолы салынып, жөнделген, т.б. Қуантарлығы мұндай ауқымды жұмыстар Индер ауданында жүріп жатқанына куәсіздер.

 

Саламат Базарбаев

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT