Атырау қаласының аумағындағы Зарослый және Гогольский каналдарын тереңдету жұмыстарының биыл аяқталатыны туралы хабарды естіп, қуанып қалдық.
Жасыратыны жоқ, бұл біраздан бері жергілікті жұртшылықты алаңдатып келе жатқан өзекті мәселенің бірі. Оның осылай шешімін тауып, жобаның сәтімен жүзеге асырылуы – құптарлық қадам. Өйткені, осы жобаның іске қосылуымен байланысты өңірдің өзге де өзекті деген проблемалары шешіледі. Аталған арналардың бойында отырған халық пен елді мекендердің қалыпты тірлігіне бұл бастаманың оң ықпалын тигізіп, өмір сүру сапасын жақсарта түсері даусыз.
Оған қоса, былтырғы көктемде басталған Жайық өзенінің теңізге құяр сағасын тереңдету жұмыстарының биыл одан әрі жалғасын табатынына сенімдіміз. Бір дағынан мұның өзенге балықтың мейлінше мол кіруіне септігін тигізері сөзсіз.
Санат ТІЛЕПБЕРГЕНОВ,
балық шаруашылығы саласының ардагері