Теміржол – ел экономикасының күретамыры, еліміздің көлік инфрақұрылымының негізі, халық пен жүк тасымалын қамтамасыз ететін стратегиялық маңызы бар сала. Күні-түні тынымсыз еңбек етіп жүрген мыңдаған теміржолшы мамандардың арқасында бұл алып жүйе еш кідіріссіз, белгіленген қалыпта ел дамуына өзінің сүбелі үлесін қосып келеді. Аптап ыстықта да, қақаған аязда да өз міндетін адал атқарып жүргендердің еселі еңбегіне елдің құрметі ерекше.
Теміржолшы мамандығы машинист, жолшы, диспетчер, жолсерік, байланысшы, вагон қараушы, пойыз құрастырушы, тасымалды ұйымдастырушы, белгі беруші, электрмен жабдықтаушы деген толып жатқан бірнеше кәсіп иелерін біріктіреді. Әр маманның жұмысы – бүкіл жүйенің бір бөлшегі іспетті, біреуінің жұмысынан ақаулықтар шықса, жүйе толыққанды жұмыс істемейді. Қарапайым кәсіп иелерінің осындай көзге көріне бермейтін еңбегінен маңызды саланың бар әлеуеті құралады. Қазіргі теміржолшылар заманауи технологияларды еркін меңгерген, қауіпсіздік пен тиімділікке ерекше мән беретін біліктіліктерімен ерекшеленген мамандар санатына жатады. Мамандықтың қайсысы болсын, үлкен жауапкершілік пен ынта болмаса, бәрі бекер. Әр мамандық елдің, мемлекеттің өркендеуіне, дамуына тікелей үлес қосып, экономиканың тұрақтылығына әсер етеді.
Теміржол қызметін ерсілі- қарсылы ағылған пойыздарсыз көзге елестету мүмкін емес. Ал оны тізгіндеген тепловоз машинистері – күрделі әрі жауапты жандардың бірі. Осы жұмысты мінсіз атқарып келе жатқандардың бірі – Баукешов Кендебай. Ол Ақтөбе қаласындағы теміржол мамандарын дайындау орталығынан тепловоз машинисі кәсібін игеріп алды. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын маман осы жылдар ішінде сан мыңдаған шақырымды бағындырып, жолаушылар мен жүктердің қауіпсіз әрі уақытылы жеткізілуін қамтамасыз етуге атсалысты. Жолға шығар алдында темір тұлпарының техникалық жағдайына ерекше көңіл бөліп, қозғалтқыш, тежеу жүйелері, сигнал беру, дыбыстық құрылғыны бір тексеріп алу – оның күнделікті әдеті. Қазіргі уақытта Ганюшкин бекеті айналым депосының ІІІ сыныпты тепловоз машинисі болып еңбек етеді. Көмекшісі Жандарбек Сегізбаев екеуі қозғалыс барысында белгіленген жылдамдық режимін, бағдаршамдар мен диспетчерлік нұсқаулықтарды қатаң сақтап отырады. Өйткені олар жүздеген адамның өмірі мен қауіпсіздігіне жауап береді.
Теміржол қауіпсіздігі – бір сәтке де босаңсуға болмайтын сала. Пойыз қозғалысы мен тоқтауы дәлдік пен тәртіпті қажет етеді. Мұнда өз тілдерінше башмачник, яғни табан тірегіш салушы деген жауапкершілігі қай-қайсысынан да кем соқпайтын жұмысшы бар. Бұл қызметті «Қазақстан теміржол жүк тасымалдары» ЖШС Атырау филиалының Ганюшкин бекетінде Жақсыбай Ғизатуллин кейінгі уақыттарда ексітпей атқарып келеді. Маневрлік жұмыстар барысында, техникалық тексеріс кезінде пойыздың жылжып кетпеуінің алдын алып, машиниске белгі беру арқылы қозғалуға рұқсат береді. Осындай қарапайым қызметтің арқасында пойыздар уақытында келіп-кетіп, еш апатсыз қатынап жүр.
Ганюшкин бекетіндегі вагондарға техникалық қызмет көрсету пунктіне Қуаныш Суфальдияров жетекшілік жасайды. Жұмысшыларының міндеті күнделікті қозғалыстағы пойыздардың қауіпсіздігін сақтау, жолаушылар және жүк тасымалының межелі жеріне уақытылы жетуін қамтамасыз ету болып табылады. Вагон қараушылар ақауын тауып жатса техникалық күтім жасауға слесарь, дәнекерлеуші сияқты басқа да қажетті мамандардан құралған бригада дереу кірісіп кетеді. Сансызбай Темірболатов жөндеуші слесарь болып ширек ғасырдан астам еңбек етіп, қазіргі уақытта алтыншы дәрежелі вагон қараушысы қызметінде.
Теміржолдағы тынымсыз тірлік бір сәтке толас таппас үшін электр энергиясымен қамтамасыз ететін мамандардың еселі еңбегін айтпай кетпеске болмайды. Олар уақытпен санаспай түрлі ток көзінен қуат алатын байланыс жүйелері мен сигнал беру құрылғыларының ақаусыз жұмыс жасауын қадағалайды. Автоматтандырылған бағдаршамдар мен релелік желілердің, басқа да құрылғылардың істен шығып, ырғақты жұмысқа қолбайлау келтірмеуін бақылайды. Тәжірибелі маман Расул Қабджалелов басқаратын ЭЧ-4 мекемесінің аудандық торабындағы электромеханиктер Нұрлан Хамитов, Ильяс Темірғалиев, монтерлер Ерсінбек Қуанғалиев, Тұрлыхан Ғұмаров, Нұрлыбек Бекбергенов, Өсербек Сисенғалиев, Болатбек Мұстахимов, Алпамыс Каримовтердің жұмыстарында мін жоқ. Олар Атырау – Астрахань теміржолы бағытындағы Исатай мен Қиғаш бекеттері аралығындағы бөлікке жауапты. Кез келген уақытта линияда қандайда бір жағдайлар туындай қалса дереу жетеді. Жалпы түсінген адамға темір жол – қиындығы көп жұмыс. Пойыздың қозғалысы уақытпен есептеледі. Одан ауытқымай, межелі жерге көрсетілген мерзімде жету үшін теміржолшылардың тынымсыз еңбек етуіне тура келеді. Кейде тынымсыз еңбек те аздық ететін кездер болады. Сондықтан темірдей тәртіпке бағынып, мінсіз қызметті де қажет етеді. Теміржол саласында еңбек ету – үлкен абырой, зор жауапкершілік.
Ораз КАМАЛОВ,
Айбек НӘЖІМОВ,
Ақкөл ауылы
Құрманғазы ауданы