ТЕМІРДЕН ТҮЙІН ТҮЙГЕН

2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланып, ел назарын қарапайым еңбек иелеріне бұрды. Бұл – маңдай терімен өндірісті өрге сүйреп жүрген жандардың жылы. Еліміздің даму діңгегіне айналған мұнай өндірісі  – бүгінгі күннің нағыз еңбек ерлерін тәрбиелеген үлкен мектеп. Қазақстан экономикасының күретамыры саналатын бұл салада қарапайым  ғана қызмет атқарып жүрген жандардың үлесі ұшан-теңіз. Жылдар бойы «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасында шыңдалған дәнекерлеуші – әр құбырдың сенімділігінің кепілі болса, көлік жүргізушісі – мұнай мен өмір арасындағы байланыстырушы көпір. Ал өндірістік басқарма зертханасындағы лаборант – қара алтынның сапасын қадағалап, бүкіл процестің дәлдігіне жауап береді. Олар жай ғана маман емес көзге көрінбейтін, алайда тіршілікті алға сүйреп келе жатқан тұлғалар. Қарапайым қызмет, үлкен жауапкершілік. Жан-жақты кәсібилік, темірдей тәртіп пен ұқыптылықты талап ететін бұл жұмыстар  бүгінгі қоғамның негізі.

Мақалада осы саланың ауыртпалығын арқалап жүрген, есімі елге беймәлім еңбек майталмандары-ның өмірі мен өнегесі жайында әңгіме өрбиді.

Мұнай кәсіпшілігінің кез келген құрылысында дәнекерлеушінің қолтаңбасы бар. Ыстық темірмен, оттың жалынымен жұмыс істеу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Олар тек металл қосып қана қоймайды, өндіріс желісінің сенімді әрі қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Жоғары дәлдік пен кәсіби шеберлік талап ететін бұл мамандық иелері – нағыз еңбек майталмандары. Адам өмірін бір салаға арнау  екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін тағдыр. Сондай тағдыр иесі, 32 жылдан бері мұнай саласында тынымсыз еңбек етіп келе жатқан – Хамметов Ихран Нысанұлы.

Ол 1966 жылы 26 тамызда Шыныбек елді мекенінде дүниеге келген. Қарапайым еңбек адамдарының отбасында тәрбиеленіп өскен Ихран Нысанұлы бала күнінен еңбекке ерте араласқан. 1983 жылы Аққыстау орта мектебін тәмамдап, кейін араға жыл салып Германия елінде әскери борышын өтейді. Отан алдындағы парызын адал атқарып келген бозбала кейінірек мұнай саласына бет бұрады. 1993 жылдан бері №3 мұнай және газ өндіру цехының мұнай кәсіпшілігі құрал-жабдықтарына қызмет көрсету және жөндеу жөніндегі бригадасында 5 разрядты электргазбен дәнекерлеуші болып тұрақтап, осы күнге дейін үздіксіз еңбек етіп келеді. Оның айтуынша, бұл – ерік-жігерді, мұқияттылық пен шеберлікті талап ететін аса жауапты сала.

– Дәнекерлеуші – ең ауыр да, ең абыройлы мамандықтардың бірі. Себебі мұнда иненің жасуындай да қателік кешірілмейді. Қауіпсіздік пен сапа – басты ұстаным. Бұл екінің бірі қолына құрал алып, жасай беретін жұмыс емес. Әр екі жыл сайын арнайы сынақтан, емтиханнан өтіп тұрамыз,-дейді кейіпкеріміз.

Иә, өмірін темірмен тікелей байланыстырып, от пен жалынның ортасында жүрген шебердің еңбегі қай салада да құрметке лайық. Қазіргі таңда жастардың бұл салаға қызығушылығы төмендеп кеткені де аға буын өкілдерін ойландырады. Соған қарамастан, дәнекерлеу ісіне деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Ендеше, кейіпкеріміздей темірдей төзімді, ісіне адал мамандар жастарға қашанда үлгі болмақ.

Отағасы – отбасында да берекенің ұйытқысы. Жолдасы теміржол саласында қызмет етеді. Үш бала тәрбиелеп өсіріп отырған үлгілі әке. Үлкен қызы – мұғалім, кіші қызы экономист мамандығын меңгеріп, екеуі де магистратураны тәмамдап, өз саласында еңбек етіп жүр. Кенже ұлы мектеп қабырғасында білім алуда.

Қарапайым еңбекпен ел алғысына бөленіп жүрген Ихран ағайдың ұзақ жылдық еңбек жолы – жастар үшін тағылым мектебі. Жұмысқа деген адалдығы мен кәсіби біліктілігі – мұнайшылар қауымының мақтанышы.

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT